Home » Мақалалар » Орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында ұлттық құндылықтар арқылы оқушыларды дамыту жолдары

Орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында ұлттық құндылықтар арқылы оқушыларды дамыту жолдары

Атырау облысы, Атырау қаласы, Бесікті
 селосы,Бесікті орта мектеп-интернаттың
педагог-сарапшы,информатика пәні мұғалімі,
директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары
Кагазгалиева Гулфариза Орынбасаровна

      «Білекті бірді, білімді мыңды жығады», — дейді дана халқымыз. Оқушының білімді де парасатты, тәрбиелі болуы ұстаз және ата-анасымен қоршаған ортасына байланысты. «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» деген тәмсіл содан қалса керек-ті. Сол себепті оқушыға білім беру жолында, ұстаздар қолынан келгенше аянбай еңбек етіп, шәкіртінің бәсекеге қабілетті болғанын қалайды. Олардың биіктерді бағындырып, елге қызмет ететін азамат пен азаматша болып жетілгенін көргісі келеді. Болашағынан жарқын үміт күтіп, жарық сәуле түсіріп, жол сілтейді.

2017 жылғы 31 қаңтардағы Елбасы  Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында
«Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты. Бірінші. Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет. Сонымен бірге, IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керек. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту қажет» — делінген.
Ұстаздар алдында тұрған басты міндеттердің қатарына білім жүйесін түбегейлі өзгертіп, дүниежүзілік білім беру саласындағы жаңашылдықтарды енгізу болды. Оқушы бойына сапалы білім беріп, келешекте шетелдік университетте білім алуға үйретіп келеді.
Ол қалай? «Жақсысын үйрену, жаманынан жирену» деген ойға келесің. Шетелдіктерде сынақтан өтіп, оң нәтиже көрсете білген бағдарламаларды енгізу еді. Қазіргі таңда біршама моделдерді ұсынып, орта білім берудегі жаңа деңгейлерге көштік. Нәтижесі көңіл қуантарлық. Ұстаздарымыз бен оқушыларымыз тез арада меңгеріп кетті. Шәкірт алдында біліміңнің жетік болуы басты талап. Сол себептен жаңа бағытта білім беру үшін, ұстаз  біліктілігін арттырып отыру қажет. Арнайы курстарға қатысып, оны жұмыс барысында пайдалану қажет. «Өткеніңді білмей, болашағың бұлыңғыр» дегендей жаңартылған бағдарлама бойынша, балаларға ұлттық құндылықтарымыз арқылы дамыту жолдары ұсынамыз. Оқушы тап-таза қағаз секілді, ол сенің ісің мен сөзіңді, берген тәрбиеңді үлгі етеді. Оларға қалай жол сілтесеңіз, сонымен жүріп отырады. Оқушының педагогикалық және психологиялық тұрғыдан тани білу керек.
Ұлттық құндылық дегеніміз – өз еліңнің тарихы, мәдениеті, тілі, діні, салты мен дәстүрі. Қазақ елінің ұлттық құндылықтары мұраға бай. Тарихымызға үңілсек талайды басынан өткерген халық, бәрін де жеңіп келеді. Ол қайдан болды? Ол халқымыздың рухани құндылықтарының алдыңғы қатарда екенін көрсетеді. Қазақ қонақжай және адамгершілі мен отанға деген сүйіспеншілігі мол халық қатарында. Ел тұтқасын ұстар, азаматтарды тәрбиелеп отырған ұстаздар қауымы бұл жағдаятқа баса назар аударады. Сол арқылы бала ойына ой саларлық ғибратқа толы әңгімелерді де жеткізетініне сенімім мол. Жастардың бойында ұлттық құндылықтарға негізделген адамгершілік тәрбие және дамыту мәселесі қазақ ақын-жырауларының ой иірімдері, даналық тұжырымдары, халықтың адамгершілік ұғымдары, этнопедагогикалық ойлар арқылы жүргізілуі тиіс. Бұлар өз кезегінде  жас ұрпақтың адамгершілік сезімдерін дамытып, Отан алдындағы міндеті мен борышын адал атқаруға деген оң көзқарасының қалыптасуына мақсатты ықпал етеді.
Мектептің жүрегі – мұғалім. Ауыл мектебінде ұстаздық қызмет атқарып келемін. Ауыл балалары білім мен қатар ұлттық құндылықтарды көп біледі десем қателеспегенім. Өйткені күнделікті өмірде көбісі қолданатын құндылықтар қатары аз емес.
Ұстаз — оқушыны білім нәрімен сусындатып, өмір теңізіне күресерліктей білім беріп, өзінің уақытын аямай, өзгенің уақытын аялайтын асыл жан. Ал ұлттық құндылықтарды бала бойына сіңіріп, келешегі кемел жас ұрпақты тәрбиелеу басты міндеті. Жаңартылған білім аясында ұлттық құндылықтар арқылы оқушыны дамытудың нақты жолдары:

  • Ұлттық әдет-ғұрыптарды сабақ барысында қолдану
  • Сабақ барысында ұлттық ойындар арқылы сергіту сәтін ұйымдастыру
  • Жаңа технологияны меңгерту арқылы, ұлттық мәдениетімізді таныту (ұлттық сусындар немесе киімдер арқылы интерактивті тақта арқылы көрсету)
  • Бала пайымы мен түсінігінде қазақ халқының ырымдар мен тыйымдарына түсінік беру
  • Ағылшын тілін меңгеруге үйрету (мәселен, сабақтың тақырыптары арқылы соған орай, дәстүрлерін немесе атауларына аударуы)
  • Жыраулар, ақындардың жыр-дастарын оқуға баулу
  • Би шешендердің сөзін қолдана отырып, әдеби сабақтарды өту

Жоғарыда көрсетілген бағыттар бойынша білім беретін болса, баланың кем дегенде бір әдісі ойында қалады. Оны оқушы ұмыта қоймайды. Өйткені бұл ерекше әдіс болып қалыптасады. Бұл жолдар шәкіртті қалай дамытады? Баланың күнделікті өмірдегі мысалдар арқылы сабақ беру, қатып қалған заңдылықты өзгерте алады. Дүниетанымы кеңейіп, кейбір білмейтінін үйренеді. Түсінеді, ұйғарады, пайымдайды.  Әсіресе, жыраулар поэзиясы мен шешендердің сөзі ұзаққа дейін ойында қалатыны сөзсіз. Өйткені олар философиялық тұжырымдар мен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін білдіреді. Жас ұрпақ санасына парасаттылық пен пайымды болуға үйретеді.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», — деп Абай атамыз айтқандай, ұстаздық жолдың қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Шәкіртінің биікті бағындырып, өз өмір жолында елге қызмет етер тұлға болып қалыптасуы.

         Ел болашағы  — білімді ұрпақ қолында!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.