Атырау облысы,Атырау қаласы,Бесікті селосы,
Бесікті орта мектеп-интернаттың І санатты
директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Сауырбаева Нургуль Жаксылыковна
Ерлік сағатының тақырыбы: «Қайырғали — батыр»
Мақсаты: Жас ұрпақтың патриоттық сезімдерін оятып,Отан үшін отқа түскен жерлесіміз Кеңес Одағының батыры Қайырғали Смағұловты еске алу, жауынгердің мағыналы ғұмырынан үлгі-өнеге, тарихи тағылым беру, елжандылыққа, Отансүйгіштікке, ізгілікке баули отырып тәрбиелеу, патриоттық сезімін ояту.
Көрнекілігі: Тақ
Барысы: І бөлім «Батыр өміріне шолу»
ІІ бөлім «Ұрпақтар арнауы»
ІІІ бөлім «Батыр ұрпағының естеліктері»
Жүргізуші: Дәл осындай жадыраңқы жәй күні,
Болса дағы қай ғасырдың қай жылы.
Ұлы Отаным басын иіп бір минут,
Еске алады сол бір апат қайғыны.
Қан майданда мерт болған ерлердің рухына 1 минут үнсіздік жариялаймыз!
Жүргізуші: Адамзат тарихында дүниені дүр сілкіндірген, әлемді таң қалдырған талай оқиғалар өтті. Бірақ солардың ішінде қайғы мен қуаныш жасын қоса жұтқызған Ұлы Отан соғысының орны бір бөлек.
Ұлы Отан соғысының шежіресі — мыңдаған ұлдар мен қыздардың қанымен жазылған қасиетті тарих. Бұл шежіре — аласұрған фашизмнің ашкөз қорқаулығы, қандыбалақ қиянаты, адамдарының баға жетпес қажыры мен қайраты, ерлігі, елдік намысы жыр болған өшпес тарих.
Соғып өтті тіршіліктің ызғары,
Болғаны ғой … осы өмірді бұзғаны.
Өмір үшін ерлік қылған ерлерін,
Ұмытпайды артта қалған ұрпағы. Кеңес Одағының батыры Қайырғали Смағұловқа 100 жыл толуына орай «Қайырғали — батыр» тақырыбында өткізілгелі отырған ерлік сағатымызды ашық деп жариялаймыз.
Құрметті қонақтарымызбен таныс болыңыздар:
Ауылдық округ әкімі Қалиев Шапхат Қарашұлы
Батыр ұрпағы
Сөз беру. Ерлік сағатымызды ашу үшін алғашқы сөз мектебіміздің басшысы Лида Орынбасарқызына беріледі.
Жүргізуші: Елді қорғау – ер азаматқа берілген ұлы мәртебе. «Ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен су кешкен заманда» жауға қарсы шығып, елін, жерін қорғаған айбарлы да айбынды, ержүрек, қаһарман батырларымыз қаншама десеңізші!… Осындай батыр болмысты, қайсар рухты, биік тұлғалардың бірі – Кеңес Одағының батыры, жерлесіміз – Қайырғали Смағұлов.
Батыр өміріне шолу жасау. Жоғары санатты, тарих пәні мұғалімі Умирзакова Хайшаның батыр өмірінен айтар мәліметіне құлақ түрейік.
Сөз беру. Ауылдық округ әкімі Қалиев Шапхат Қарашұлына сөз береміз.
Жүргізуші: Ұлы Отан соғысы – жүректе жазылмайтын, тарихта орын алатын ерекше беттер. Отанды шексіз сүйіп, ардақтаумен бірге, оны жауларынан жан аямай қорғау – әр перзенттің парызы, міндеті де. Отан –ананы басына іс түскенде жанын салып қорғаған азаматты — азамат, халық перзенті дейміз. Олардың ерен ерліктері еш уақытта ұмытылмайды. Отан үшін жанын аямаған ержүрек батырларымызды мәңгі есте сақтап құрметтеу, кейінгі ұрпаққа ерліктерін дәріптеп, насихаттау — әрбір азаматтың қасиетті борышы.
«Ұрпақтар арнауы» қабыл алыңыздар! (4-сынып оқушылары)
1-оқушы: Ерлігі өшпес ел есінде сақтаулы,
Отан үшін отқа тостың кеудеңді.
Қайырғали ата — біздер үшін ерекше,
Ерлігін де, өрлігін де ел көрді.
2-оқушы: Ел үшін қиып құр жанды,
Ұстанған елміз бір заңды.
Биікке қойған қазақпыз,
Ар — ұятпенен ұжданды.
3-оқушы: Жауына күшін көрсетіп,
Ізіне ерген ел сеніп.
Жастарға бүгін аманат,
Жасалған ерлік белсеніп.
4-оқушы: Бабалар салған сара жол,
Өшпейтін мәңгі дара жол.
Ұрпаққа бүгін аманат,
Қорғай біл, халқым, пана бол!
5-оқушы: Халқындай ол да бағлан, ол да батыр,
Халқындай ол да кеніш, ол да нақыл.
Қайыспас қара емендей қайран ерді,
Халқына теңеу мәні сонда жатыр.
6-оқушы: Батыр ұл есімдері сақталады,
Жыр болып жүректерде жатталады.
Ғасырдан ғасырларға аңыз етіп,
Ұрпағы мәңгі бақи мақтанады.
7-оқушы: Дұшпанмен бетпе-бет кеп шайқастарда,
Жасқанып, шегінбеген, тайсалмаған.
Қасқайып батыр бабам жауға шапты,
Ер басына күн туған сол замандарда.
8-оқушы: Қаймықпастан қарсы тұрған өлімге,
Асқақ рухы қалықтайды көгімде.
Елді сүйген ерлігімен ерекше,
Өнегелі із қалдырды өмірге.
9-оқушы: Таусылғанмен фәнидегі тынысың,
Тарихқа тұлға болған ірі ісің.
Таптатпаған тобырларға намысын,
Өлген жоқсың, халқың барда тірісің.
10-оқушы: Жүрегіңде тұнып тұрған қасиет,
Ерлік ісің ұрпағыңа өсиет.
Өзіңіздей қаһарманға қайыспас,
Бүгінгі жас алғыс айтып, бас иед.
11-оқушы: Жүрегі қайсар,
Қайтпайтын мың-сан жаудан да,
Отаны сеніп, бұйрық бергенде қалған ба.
Қайырғали сынды қанжардай өткір ұландар,
Көрсетті ерлік сын сағат елге туғанда.
12-оқушы: Алмайды еш жау қайыспас ерлер тұрғанда,
Батырлар атын ұмытпас елің, тумаңда.
Атыңмен, Ата, аталады өзің туған жер,
Мектебің ұяң,кешегі өскен ортаң да.
13-оқушы: Отан үшін от кешкен,
Денелерін оқ тескен.
Ұмытпайық ерлерді,
Ұрпағы үшін от кешкен…
Хормен: Қазіргі бейбіт күлкіміз үшін, бақытты өмір үшін отқа түскен батырларды ешқашан естен шығармаймыз!
Жүргізуші: Тыныштық боп мәңгі осылай тұрса күн,
Жас бүлдіршін жаға берер жыр шамын.
Мәңгі есінен шығармайды ерлерін,
Ұмытпайды артта қалған ұрпағың!
«Батыр ұрпағының әңгімесі»
Ән: «Жойылсын жалғыз сөз соғыс деген»
Жүргізуші: Халық ерлігі өлмейді, ол жылдар өткен сайын қайта жаңғырып, адамзат зердесіне орала береді. Отан шежіресінде, біздің жүрегімізде батырлар есімі мәңгі жасай береді.
Біздердің қазіргі бейбіт күлкіміз үшін, барлық халықтардың бақытты өмірі үшін отқа түсіп, жанын қиған батырларымызды ешқашан естен шығармаймыз!