Home » Жаңалықтар » «Ыстық ықылас, мейірімді жүрекпен»

«Ыстық ықылас, мейірімді жүрекпен»

Оралдағы «Достық» аула клубында қариялар күніне орай ұйымдастырылған кездесу кеші осылай аталды.

Басты мақсат – көпті көрген данагөй қарттардың өнегелі өмірін үлгі ету, ғибрат боларлық сөздерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін, адамгершілігі мол тұлға тәрбиелеу.

Шараның құрметті қонағы болған ақ жаулықты аналар өздерінің өмір жолдарымен, жемісті еңбек жолдарымен бөлісті. Оларға мерекелік көңіл күй сыйлауға тырысқан ұйымдастырушылар өз өнерлерін көрсетті. Көркемсөз үйірмесінің тәрбиеленушісі Аяулым Темірғали ақын Қадыр Мырза Әлінің «Асыл әжем» өлеңін оқыса, «Ән-әуендер-ай» үйірмесінің жетекшісі Жұлдыз Аманғалиева «Ана» әнін шырқап берді.

– Біз халқымыздың  қайырымдылық дәстүрін жандандыратын, жалғастыратын ұрпақпыз. Тұла бойы тұнған шежіре, өнегеге тұрарлық салиқалы мінезді қазақтың көнекөз қарттары – ұлтымыздың сарқылмас қазынасы. Біздің үлгі тұтарымыз – ата-әже, әке-аналарымыз. Оларды сыйлау – ата-бабаларымыздан мирас болып келе жатқан дәстүр, – дейді үйірме жетекшісі Жұлдыз Маратқызы.

Аула клубының өнерпаздарына риза болған ардагер-аналар оларға ақ баталарын берді.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ
«BILIM AINASY» Орал

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.