Home » Сценарийлер » Қызды оң босағаға шығару

Қызды оң босағаға шығару

Жетписбай Жанаргүл Шәкірқызы
Алматы облысы
Жамбыл ауданы
Жамбыл ауылы
«Жамбыл атындағы орта мектеп» КММ
ағылшын тілі пәнінің мұғалімі

 

Сыныбы: 8

Тақырыбы: «Қыз тәрбиесі – Ұлт тәрбиесі»

Мақсаты: Қазақ қызының бойындағы салт-дәстүрімізге сай тәрбиелілік, әдептілік, инабаттылық, көріктілік, ептілік сияқты жан-жақты ұлттық асыл қасиеттерді, ұлттық сананы бойына сіңіру;

Қазақ қызының әдемілік әлемінің сұлулығын көзбен көре, жанмен түсіне білуге, сұлулықтың сырын тілмен жеткізе, көңілге тоқи білуге, зерделі болуға үйрету;

Салт-дәстүрді құрметтеу, ой-өрісін дамыту, әдет-ғұрпын үйрене отырып, рухани жан-дүниесін байыту

Түрі: Тәрбие сағаты

Көрнекілігі: Қыз баласының тәрбиесіне байланысты мақал-мәтелдер, тақырыпқа сай нақыл сөздер, ұлттық нақышпен көмкерілген, оң жағына шымылдық құрылған киіз үйдің іші, ұлттық киімдер мен әсем әуендер

Қатысушылар: мұғалімдер, әжелер, аналар, жеңгелер, қыздар

Өту барысы:

І Ұйымдастыру бөлімі

ІІ Негізгі бөлім

  1. Бойтұмар тағу
  2. Жүзік салу
  3. Белдік байлау
  4. Шолпы тағу
  5. ІІІ Қорытынды
  6. І Ұйымдастыру бөлімі

(«Үкілі кәмшат» әуені ойналып тұрады). Мектеп қабырғасына тігілген киіз үйдің іші, оң жағына шымылдық құрылған, ұлттық нақышымен көмкеріліп, қазақтың ұлттық киіміндегі адамдар, дәстүрлі ән, қуанышқа жиналған әжелердің шашуы, бәрі-бәрі сәні мен салты келіскен сахна. Барша жұрт жиналған соң қыз баласын оң босағаға шығару дәстүрі басталады.

І Жүргізуші:

Бүгін біздің ауылда дүбірлі той,

Ден қойып тыңдаңыздар, көңілді қой

Жырдан шашу шашылсын, күй күбірлеп,

Хош келдіңіздер, халайық, сергісін бой.

ІІ Жүргізуші: Армысыздар, жиналған қауым! Тотыдай таранған, алтындай ардақты, мақпалдай масатты, жібектей сызылған, қарлығаштың қанатындай қиғаш қасты, құралайдың көзіндей мөлдіреген, айнадай таза, сәуледей жарқыраған аруларымызды ортаға шақырып, «Қыз тәрбиесі – Ұлт тәрбиесі» атты кешімізді бастауға рұқсат етіңіздер! (Қыздар қазақтың ұлттық киімімен ортаға шығады).

Мұғалім: Немере үшін ең мейірімді жан ол – әже, ақ сүт берген аналардың анасы әже. «Жан жүрегім, жарығым» деп немересін жүрегіне теңейтін де әже. Олай болса қадірменді қауым, әжелердің ақ тілегі мен шашуын қабыл алайық (Әжелер шашу шашады).

І Жүргізуші:  Бүгінгі ұл – ертеңгі – әке, бүгінгі қыз – ертеңгі – ана. Сол себептен ұлтымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын болашақ ұрпақтың бойына сіңіріп өсіру – біздің басты мақсатымыз. Осы тәрбие сағатында қыздарымыз өздеріне мол тәлім-тәрбие алады деп ойлаймыз.

ІІ Жүргізуші: Қыз ата-ананың, ауылдың сүйікті баласы, мақтанышы, сәні, базары, көркі. Қыз – елдің мақтанышы, еркесі, үлпілдеткен үкісі, алақандағы аяулысы. Құрметті қонақтар «Қыз – өріс, қыз – қонақ» деп оны туған-туыстары аялап, мәпелеп өсірген.

І Жүргізуші:

Қыз сұлу көрінеді қылығымен,

Жарыса төгілген қос бұрымымен.

Бұл күнде слулықтың үлкені осы,

Қыз сұлу көрінеді білімімен.

ІІ Жүргізуші:

Қыз сұлу көрінеді өрмегімен,
Тізіліп сөз маржанын тергенімен.
Майыса бұратылып, майда басып,
Жаныңа наз қылықпен келгенімен.

І Жүргізуші:

Қыздар — қызыл киігі жанұяның,
Қайықтары жақсылық дарияның.
Ескектерін ерліктің жоғалтпаған,
Сіңлілері — ай Мәншүк пен Әлияның!

ІІ Жүргізуші:  Нағыз қазақ – қазақ емес, Нағыз қазақ — домбыра демекші, кезекті күйге береміз. «Адай» күйі

ІІ  Негізгі бөлім

Мұғалім:  Ұлт ұйтқысы, шаңырақ шырайы – қыз баласын тәрбиелейтін ата-ана нені білуі шарт? Қызды үлкен өмірге дайындаудың сыры неде? Өткенді мазалаған, бүгінді мазалайтын көп сауалдың бірі осы. Қыз перзентін өсіріп отырған әрбір отбасының көкейіндегі сауалға жауап іздегенде, «бұрынғылар қайтті екен?» деп, тарихқа үңілеміз. Көне, дәстүрлі ортада он үш жасқа толған қыз бойжеткен саналған. Көне қазақ ұғымында бойжеткен уыздай тәтті еркелігімен, назды қылығымен ерекшеленіп, өз абыройын, намысын берік қорғайтын, инабатты, биязы ару болуы керек деп саналған. Қыз баланың бойжетуін үлкен бақыт санап, оның ерікті болуын қалаған. Елі, рулы қауымы жат жұрттық саналатын қызды оң жаққа төрге отырғызып еркелеткен, «Қызға қырық үйден тыю» жасап, намысын қорғап, арының аяқасты болмауын қадағалаған.

І Жүргізуші:  Инабатты қыз өсіру ниетімен тыйым сөздерді де пайдаланған, қызға 40 үйден тыйым, қала берді күңнен тыйым болған.

  1. Жарыса сөйлеуге
  2. Жалғыз қыдыруға
  3. Түске дейін ұйықтауға
  4. Салт-дәстүрден аттауға
  5. Ұрлық-қарлыққа
  6. Жыртақтап күліп, сыпсыңдап сөйлеуге
  7. Орынсыз ұрынуға, ұрыс-керіске
  8. Өтірік, өсекке және т.б
  9. Қыздар осы тыйым сөздерді әр уақытта естен шығармаңдар!

ІІ Жүргізуші: Қыздар, қыз балаға қатысты қандай мақал-мәтелдер білесіңдер? (қатысушы қыздар өздері білетін мақал-мәтелдерді айтады).

  1. Анасын көріп, қызын ал
  2. Аяғын көріп, асын іш
  3. Қызы бардың назы бар, қысы бардың жазы бар
  4. Қыз өссе елдің көркі, гүл өссе жердің көркі
  5. Жақсы қыз, жағадағы құндыз
  6. Қызы бар үйдің қызығы бар
  7. Қыз – өмірдің қызғалдағы
  8. Қыз қырық шырақты т.б.

Әжей:  Әй, қыздарым, қазақ халқы бойжеткен қыздың киім киісіне де ерекше көңіл бөлген. Мысалы: «Адам көркі – шүберек, ағаш көркі — жапырақ» деп қыз балаларға қынама қамзол, дүрия бешпет, кәмшат бөрік, қос етек көйлек кигізген. Халқымыз қыз баланың көркіне оның ақыл – ойы мен мінез – құлқы сай болуын қалаған. «Қызым үйде, қылығы түзде», «Қыз ақылы шешеден» т.б. мақал – мәтелдер соған арналған.

(13 жасқа толған Нәзікті ортаға шақырмас бұрын әжесі оған жеңге сайлайды. Ақ жаулықты ана келіндерінің арасынан ең үздігін балиғат жасқа толған немересін дұрыс бағытта тәрбиелеу үшін таңдайды. Жеңгесі қайын сіңлісінің жүріс-тұрысынан бастап, қазан-ошақ міндетін, жар болудың қадір-қасиетіне баулып, дұрыс тәрбие береді. Жеңге сайлаудың тағы бір сыры, қайын сіңлісімен сырласуында жатыр. Осы арқылы дұрыс жар таңдауына септескен. Қаншама қазақ қызының үлгілі тәрбиесіне үлес қосқан ақ самайлы әже ибалы қалпымен көптің алғысына бөленіп, үлкендердің батасын алған үлгілі келіндерінің бірін арнайы сайлайды).

І Жүргізуші: Біз бүгінгі тәрбие сағатымызда  «Қызды оң босағаға шығару» дәстүрін насихаттаймыз. Қазақ халқы ата-баба дәстүріне сай, жөн-жоралғысын жасай отырып, 13 жасқа толған Нәзігіне оң босағадан арнайы орын берген.

ІІ Жүргізуші: Қазақы салт бойынша қыз бала бой жетіп он екіге толған шағында үйдің оң босағасынан арнайы орын беріп, өзіне тиесілі киім-кешек, көрпе-жастығын, жатын орнын шымылдық құрып көлегейлеп, бөлектеп тәрбиелеген. Бұл дәстүр «қызды оң босағаға отырғызу» деп аталған. Оны бүркеп, көлегейлеп тұрған үлкен перде «шымылдық», ал шымылдық ішіндегі қыздың орны «көсеге» делінген. Бойжеткен ару ұзатылғанда көсегесін жасаумен бірге алып келетін болған. Осы орайда ел арасында «көсегең көгерсін» деген сөз содан шыққан.

Мұғалім: Жалпы алғанда қыздарымызды жастай оң босағаға отырғызудың үлкен ғылыми негізі бар. Сонымен қатар шаңырақ ұйытқысы болып, барлық іске икемділігін жоғарылатады. Дана қалпында көрегенділігін байқатып, айналасына шуағын төгеді. Мұның барлығы бала күнінен анасынан көрген тәлімін аңғартады.

Жеңге: Жеңгелері бойжеткенге «еркежан», «сырғалым», «күлімкөзім», «ақмаңдайлым» деп ат қойып, қашан «жат жұрттық» болғанша аялап өсіруді міндетіне алған. Бойжеткенге қойылатын қатаң талап ізетті болу, әсем киінумен ғана шектелмей, адам болмысын айқындайтын әкені күту, шешені сыйлау, ұлттық салт-дәстүрлерді түгел меңгеріп, өнерпаз әрі іскер болу т.б. талаптары жүктелген. Оған салт жырларын үйретіп, халықтық тәлімдік ұғымдардан мол түсінік алуын қамтамасыз еткен. Бойжеткен — отбасының ұйытқысы болатын болашақ асыл жар, ұрпақ тәрбиелейтін ертеңгі ана деп қарастырылған. Сондықтан бойжеткен тәрбиесіне қатты көңіл бөліп, оның бойына өнегелі қасиеттерді дарытуды ұлттық парызымыз деп санаған. Бойжеткенді жұрты түгел мәпелеп өсіріп, жақсы тәрбие алуға баулыған.

(Сосын әжелері, аналары таңдаған жеңгелері жүзі бал-бұл жанған Нәзікті қонақ алдына шақырып, қыздың балиғат жасына толғанын білдіретін ұлттық әшекейлер тағады. Ең алдымен жеңгесі қыздың мойнына бойтұмар тағып, сол қолының сұқ саусағына құсмұрын жүзік салады. Түрлі бағалы тастармен көмкерілген белдікті, соңында бойжеткеннің қос бұрымына күміс шолпы тағады. Жиналған жұртқа шолпыны тек әшекей ғана емес, қыздың бой жетіп, оң босағаға шыққанын білдіретін басты нышан екенін түсіндіреді. Әрбір әшекейдің мән-мағынасын, салт-дәстүр және әдет-ғұрпымызды насихаттап, әжелер егжей-тегжейлі айтып береді).

  1. Бойтұмар тағу. Қыздарға жеңгелері мойынына бойтұмар тағады. Жеңгесі: Бойтұмарға аруларымыз құпия хаттарды сақтаған. Өйткені балиғат жасқа толған қыздың бойтұмарында арнайы хат жасыратын орын болған. Сондықтан да қыз ол тұмарын өзінен басқа ешкімге ұстатпаған.
  2. Жүзік салу

Жеңгесі: Ал, құсмұрын жүзіктің ерекшелігі – бұл жүзіктің тұмсығы жоғары қарап тұрса, қыздың басы бос екенін білдірген. Ертеде ешқандай да әңгімесіз қыз бойындағы осындай әшекейлер арқылы оның өмірдегі орнын білген. Бұл жүзіктің тағы бір кереметі – қыз ұзатылған кезде анасы осы жүзікті жасауымен бірге орамалға түйіп, қайын жұртына жіберетін болған. Арада уақыт өте құдағиы жүзікті қыздың анасына қайтарып жіберсе, демек қыз барған жерінде тәрбиелі, сыйлы, керемет келін болғанын білдірген. Құсмұрын жүзіктің үйіне қайтып келгеніне аналар ерекше қуанған.

  1. Белдік байлау

Жеңгесі: Қыз оң босағаға шыққанда ағасы жеңгесі арқылы қымбат бұйым сыйлайды. Ол – белдік. Қымбат тастармен көмкерілген белдікті «белдігіңді ешкімге ұстатпа» деген ырыммен сыйға тартқан.

  1. Шолпы тағу

Жеңгесі: Ақын Абай «Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын» дегендей, киіз үйдің ішінде отырған адам сырттан келе жатқан қыздың шолпысының сыңғырынан оның мінезін бағамдаған. Егер қызымыз ақырын жүріп, шолпысының сыңғырын бабымен келтірсе, оның тәрбиелі қыз екенін үнсіз аңғарған. Сол себепті қыздар шолпысының дауысы ақырын шығуы үшін өзін байыпты, тәрбиелі, өнегелі ұстаған. Міне, бір ғана шолпының қыз тәрбиесіне тигізер құдіреті қандай?

(Соңында қыздың бойын түзейтін шолпысын әжесі тарапынан сайланған жеңгесі қос бұрымына арнайы сылдырлата тағады. Қыздың шашын жеңгелері жақсы тілектерді айта отырып, қос бұрым етіп өреді ).

Әжесі: Көрдіңіздер ме, әрбір әшекейдің өзінде үлкен мән-мағына, тәрбие жатыр. Ата-бабамыз тектен-текке ештеңе жасамаған. Қыз 13 жасқа дейін өзімен қатарлас ер балалармен асыр салып ойнап жүре береді. Қыз 13-ке толғанда оның бойжеткенін, әлеуметтік мәртебесін өзгергенін білдіру үшін туған-туыс, жақындары арасында осындай ерекше дәстүр – «Қызды оң босағаға шығару» дәстүрі жасалатын. Бұл да бір кішігірім той.

Енді қыздың тәрбиесіне, өнегесіне өзге ортада өзін ұстауына, икемделуіне жеңгесі жауап береді.

Мұғалім: Қазір қыз бала тәрбиесіндегі олқы тұстарды осы дәстүр арқылы толтыруымыз керек. Халқымыз қыз баласының тәрбиесіне аса көңіл бөлгендігін еске алып, дәстүрді заманға сай лайықтап, күнделікті өмірге енгізсек, қыз тәрбиесіндегі кейбір өрескел жағдайлар орын алмас еді. Сондықтан да, біздің бүгінгі өткен тәрбие сағатымыздың тәрбиелік мәні зор болды.

І Жүргізуші:

Білектей арқасында өрген бұрым,

Шолпысы сылдыр қағып, жүрсе ақырын.

Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,

Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін – деп, Ұлы ақын Абай атамыз қазақ қыздарының сұлулығын суреттегендей, құлпырып шыға келген қыздарымыздың би өнерін тамашалайық.

Би: «Қара жорға»

ІІІ Қорытынды

І Жүргізуші:

Қыз емес қыздың аты қызыл алтын,
Көрінер қызыл айдай жүзі жарқын.
Үлкеннің алдын орап сөз сөйлемес,
Халқының сақтай білген ізгі салтын.
          ІІ Жүргізуші:

Пір тұтқан адамдықты, адалдықты,
Көркімен таң қалдырған тәмам жұртты.
Қыздардың қылығымен өмір қызық,
Қыздардың ғұмырымен заман құтты — дей келе бүгінгі тәрбие сағатымыздың қадірменді қонағы әжемізге сөз береміз.

Әжей: Қыз тәрбиесі – ұлттың адаспай ұлт болып қалуының негізі емес пе? Бұл дәстүр осы сөздің айғағы іспеттес. Жиналған ел әдет-ғұрып және салт-дәстүріміздің қайта жаңғырғанына қуанып отырмын.

Ұлт болмысы – әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің сақталуынан ғана көрінетінін. түсінетін қауым қазақилықты тек сол болмысымызды жаңғыртумен ғана сақтап қаламыз. Келіспеске дау бар ма?! «Қызды оң босағаға шығару»  дәстүрінің мәні де осы. Ал ендеше, қолдарыңды жайыңдар, бата берейін.

Бата

Талдай бой берсін,

Сұңғыла ой берсін.

Жаздай жамал берсін,

Қардай жанар берсін.

Анаға шуақ болсын,

Ағаға қуат болсын.

Нәзік жаны болсын,

Елінің ары болсын.

Басына өнерден бағы қонсын,

Ақ орданың шамы болсын!

Әумин!

Мұғалім: Қарқынды дамып келе жатқан бүгінгі біздің заманда, еліміздің ертеңгі болашағы қыз бала. Ұл — шаңырақ иесі болса, қыз — Ұлт болашағы. Қазақ халқы, яғни ата-бабамыз ертеден қыз тәрбиесіне жіті көңіл бөлген.  Бүгінгі таңда қыз тәрбиесі өте алаңдарлық мәселе. Болашақ жас ұрпақты адамгершілігі мол, иманды, өнегелі, өнерлі етіп тәрбиелеу қазіргі отбасындағы үлкен міндет. Сонымен қазақ отбасында Бүгінгі өткен біздің тәрбие сағатымыз, осындай Рухани жаңғырудан бастау алды.

І Жүргізуші: Ендеше, біздің тәрбие сағатымыз аяқталды. Уақыт бөліп келгендеріңізге көп көп рахмет айтамыз! Келесі кездескенше сау болыңыздар!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.