2024-2025 жаңа оқу жылы қарсаңында жемісті жалғасын тапқан «Мектепке жол» республикалық акциясы Алматы қаласында өз деңгейінде өтуде. Білім басқармасына қарасты мектептер акцияға белсене атсалысып, ел тізгінін ұстайтын жас ұрпақтың толыққанды білім алуына қолдау көрсетіп, игі шараның ұйытқысы болуда.
Балаға қуаныш сыйлау – бақыттың биік шыңы деп бағалайтын №100 ЖББМ КММ ұжымы да аталмыш акциядан шет қалмады. Алматы қаласындағы Медеу ауданына қарайтын білім ошағы мектептегі көпбалалы, әлеуметтік мәртебеге ие және әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасыларды анықтап, көмек көрсетті. Демеушілерді тарту мақсатында бизнес өкілдеріне сұраныс хат жіберіп, түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жүйелі өткен шараның нәтижесінде 54 оқушыға көмек көрсетілген.
- Акция басталған алғашқы сәтте әлеуметтік мәртебесі анықталған 35 оқушыға қаржылай көмек берілді. Ол Жалпы білім қоры есебінен жүргізілді. Және Медеу аудандық әкімдігі 11 балаға мектеп құралдары салынған сөмке мен мектеп формасына деп сертификат табыс етті. Мектеп ұжымы да қалыс қалмай, көмекті қажет ететін 5 отбасына мектеп құралдарын алып бердік. «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» демекші, жекелеген ата-ана да атсалысып, бір балаға мектеп құралдары мен сөмкесін сыйға тартты. Жыл сайын үзбей көмектесіп келе жатқан жомарт жүректі кәсіпкер азаматтар бар. Солардың бірі «Верненский базардың» құрылтайшысы қаржылай көмек беріп, нәтижесінде үш балаға отандық өнім өндіруші «Glasman» фирмасының мектеп формаларын алдық. Бұл бір жағынан отандық кәсіпкерлерге қолдау көрсету десек артық айтқандығымыз емес, — дейді мектеп басшысы Қарлығаш Нұрғазықызы.
Баласының жаңа мектеп формасын киіп, оқу құралдары салынған сөмкені арқалағанын көрген ата-аналар шексіз риза. Базардағы баға қымбаттаған тұста көмекке келген акцияға да, оны жүйелі жолға енгізген Мемлекет басшысына да, демеушілік жасаған кәсіпкерлерге де алғыстарын жаудырды. Ел болашағы – балалардың алаңсыз білім алып, еліне қызмет етуі үшін жасап жатқан «Мектепке жол» акциясын өз нәтижесімен өткізе білген №100 мектеп ұжымына жаңа оқу жылындағы жетістіктері көп болсын деп тілек білдіреміз.
Алматы қаласы
«Білім айнасы»
Меруерт МӘУЛЕТҚЫЗЫ