10 тамыз – Абай күніне орай Орал қалалық орталық кітапханасында ашылған Абай залында қазақтың бас ақынының шығармашылығына арналған тағылымды іс-шаралар, телевизиялық бағдарламалар ұйымдастырылатын болады.
Кітапханада Абай күніне орай ұйымдастырылған тағылымды шараға қала әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, зиялы қауым өкілдері және оқырмандар қатысты.
Алдымен құттықтау сөз алған қала әкімінің орынбасары Бақытжан Хаберұлы айтулы мерекеге орай Абай алаңына ұлы ағартушының қарасөздері жазылған ескерткіш тас қойылып, ақынды ұлықтау шаралары жалғасып жатқанын жеткізді. Ақын Айтқали Нәріков жиналғандарға жерлесіміз, қарымды қаламгер Қадыр Мырза Әлінің «Абай ескерткіші» өлеңін оқып берді. Меймандарды Абай залымен таныстырған кітапханашылардың айтуынша, қазақ халқының этнографиялық болмыс-бейнесін көрсету көзделген бұл залда қазақтың бас ақынының шығармашылығына арналған тағылымды іс-шаралар, телевизиялық бағдарламалар ұйымдастырылатын болады. Ақынға арналған залда кітап көрмесі мен арнайы бұрыш жасақталып, ақынның кеудемүсіні және фотосуреттер қойылған. Әсерлі кешті сазбен көркемдеген «Алаш» этно-фольклорлық ансамблі Абайдың күйлерін күмбірлетсе, дәстүрлі әнші Бейбіт Қажығалиев «Жаз» әнін шырқады.
Тағылымды кеш соңында ұлы Абайдың шығармашылығына орай ұйымдастырылған челлендж қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жыл басында әлеуметтік желі қолданушылары арасында өткізген челлендждің бас жүлдесін студент Лунара Елтаева жеңіп алса, «Ең үздік ұжымдық түсірілім» аталымы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушыларына бұйырды. Абай әнін нақышына келтіре орындаған Асхат Қажығалиев те марапаттан құр қалмады. Сондай-ақ челленджге қатысушы әр жастағы Захар Шишацкий – «Түрі басқа болғанымен, тілегі бір», Ұлдай Ержанова – «Алдыңғы буын…», Мерхан Темірхан – «Ең жас қатысушы», №33 орта мектеп ұжымы – «Белсенді үлес қосқан ұжым», Салтанат Абулғазиева – «Ерекше бейнебаян», Мира Шүйншәлиева – «Ерекше оқылым», Бөрлі ауданының балалар өнер мектебі – «Өнерліге – өріс кең» аталымдарын иеленді.
Ақ Жайықта Абай күніне орай бірқатар мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Ең басты қуанышты жаңалық – облыс орталығындағы Еуразия даңғылына көп ұзамай Абай есімі берілетіні. Абай алаңы мен даңғыл көшеге ұлы ақынның шығармашылығын насихаттайтын архитектуралық нысандарды көптеп орналастыру жоспарлануда. Ұлы ақынды ұлықтауға арналған мұндай шаралар әлі де өз жалғасын табады.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«BILIM AINASY», БҚО