Home » Мақалалар » 10 ТАМЫЗ – ХАКІМ АБАЙДЫҢ ТУҒАН КҮНІ

10 ТАМЫЗ – ХАКІМ АБАЙДЫҢ ТУҒАН КҮНІ

Муртазаева Баян Абжапбаровна
«Өрлеу» БАҰО» 
 АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша
ПҚ БАИ курстан кейінгі қолдау және инновацияларды
енгізу зертханасының меңгерушісі,
Тараз қаласы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 10-тамыз Абай күні деп белгіленді және бұл күн ресми мереке ретінде жыл сайын тойланатын болады. Бұл туралы Үкімет арнайы Қаулы шығарып, Заңға өзгерістер енгізді.
Жалпы Абайдың қай күні дүниеге келгеніне байланысты кереғар пікірлер көп, соның бірінде ұлы ақынды 10 тамызда дүниеге келген десе, енді бірі 23 тамызда туған деген пікір айтады. Дегенмен ақын ескі жыл қайыру бойынша 10 тамызда дүниеге келген, ЮНЕСКО тарапынан тойланған 150 жылдық мерейтойы да 10 тамызда өтті.
Сол себептен бүгін – 10 тамыз қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың туған күні, биыл ұлы ақынның туғанына 175 жыл толып отыр. Ұлы ойшылдың шығармашылық мұрасы – ұрпағы үшін теңдессіз қазына. Ақын, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер Абайды мақтан тұтамыз және оның мол әдеби мұрасын тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы деп санаймыз. Олай дейтін себебіміз, ол туған халқы ғана емес, адамзатқа ортақ жауап іздеген ақын болды. Текті ортадан шыққан Абай жастайынан-ақ ерекше қабілетімен, ақылдылығымен көзге түседі. Балаға сыншы әкесі Құнанбай баласынан қатты үміт етеді,  Семейдегі Ахмет Риза медресесіне оқытады. Медреседе төрт жыл оқытып, одан кейін қасында ұстап, ел басқару ісіне баули бастайды. Әкесінің төңірегінде ел жақсыларымен араласып, осылайша өз халқының рухани мәдениет жүйелерімен жете танысады. Сонымен қатар билер үлгісінде шешен сөйлеуге төселеді, ұтымды сөзімен, әділ билігімен елге танылып, аты шығады. Қоңыр Көкше дейтін елге болыс болып, билікке араласып, біраз тәжірибе жинақтағаннан кейін ол халық тұрмысындағы көлеңкелі жақтарға сәуле түсіруге бар күш-жігерін салады. Бірақ онысынан пәлендей көңіл тоятындай нәтиже шығара алмайды. Сондықтан халқына пайдалы деп тапқан істерін көркем сөзбен, әсіресе, өлеңмен насихаттамақ болады. Абай бір жағынан шығыс классиктері Низами, Сағди, Қожа Хафиз, Науаи, Физули, Жәми тағы басқаларды оқыса, екінші жағынан А.С.Пушкин, А.И.Герцен, М.Е.Салтыков-Щедрин, Н.А.Некрасов, М.Ю.Лермонтов, Л.Н.Толстой, И.А.Крылов, Ф.М.Достоевский, И.С.Тургенев, Н.Г.Чернышевский мұраларын оқып, терең таныс болған, Батыс әдебиетінен Гете, Джордж Байрон сияқты ақындарды оқып, Дрепер, Спиноза, Спенсер, Льюис, Дарвин сынды ғалымдардың еңбектерін зерттейді. Осылайша, ол әдебиеттің дамуына ғана емес, сонымен бірге Қазақстан, Ресей және басқа да Еуропа елдері арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға үлес қосты.
Егде тартқан шағында әкімқара биліктен, атқамінерліктен іргесін аулақ салып, шығармашылықпен шұғылданады. Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетінде басылған «Абай – қазақтың бас ақыны» атты мақаласында «Одан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» – деп Абайды аса жоғары бағалады. Осы бағаға алып-қосарымыз жоқ, Абай мұрасы, Абай бейнесі, Абай айтқан ақиқат ешқашан өлмейді, өшпейді. Абайдың қадір-қымбаты, сыр мен сымбаты жыл өткен сайын арта түсері сөзсіз. Абай шығармашылығы уақыт озған сайын дәуір талабына сай әр қырынан өсіп-өркендеп отыратын асыл мұра ретінде ұрпақтар санасынан өзінің лайықты орнын алары ақиқат шындық.
Қазақстандағы жаңа мереке – Абай күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймыз!

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.