ҰЛЫ АБАЙДЫҢ БІР ӨЛЕҢІ ҚАҚЫНДА…
Құнанбайдай тектіден дара туған Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңі бар болғаны отыз ғана жолдан тұрса да, замана шындығын, дәуір келбетін тұтастай өн бойына сыйдыра білген, шымырқанған отты шабыттан туған, халқына деген үлкен жүректің орасан махаббатынан жазылған адамгершілік пен қайраткерлікке толы, бірде кекті, бірде мұңлы ақын үні. Ақын әу дегеннен өлеңнің алғашқы шумағынан-ақ сақал-мұрты аузына түскен, бір ұрты май, бір ұрты қан, алғашқыда бет шырайы сартша жылтырап тұрған қазақтың кейпін көз алдыңа әкеліп қояды. Осы тұтастай бейнелеудің өзінен-ақ ішкі болмыстың сан алуан қалтарыстарын, мінез ерекшеліктерін айқындап аша бастайды. Сөйлесе өзгеге дес бермес, қызыл сөздің адамы, іске келгенде ісі жоқ мылжың, бөспе қырт, өзімдікі дұрыс деп өзгені тыңдауды білмейтін, өз малына өзі ие болмай, күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айрылған, байлауы жоқ көрсеқызардың әлеуметтік қалпын бұлжытпай суреттеген.
Адам бойындағы игі қасиеттердің бірі – ірілік. Тұтастық жетіспеген. Шолтаңдаған әрқайсысы бас-басына би болғансып, майдаланып кеткен, қиқымдалған пейілдің кейпі кетіп, сұрқы қашқанын, береке жоқтықтан дәулеті шайқалып, байлығы шашылғанын, жыртың-жыртың құр күлкінің қолда бардан айырып, өзгенің езгісіне салып, табанында тапталып құл болатындығын ашына жазғанын ұғу аса қиынға соқпайды. Осы бір өлеңнің өзі-ақ адами болмыстың кей сұрқия келбетін, ұлттың бойындағы сордың үлкені – күндестік, бірін-бірі көре алмау, етектен тарту, ел ішіндегі пыш-пыш алауыздық екенін ақын ашына тілге тиек етеді. Тығырықтан шығатын соқпақты өзінше іздеп жанталасқан ақынның ішкі арпалысын өлеңнің әр тармағынан жазбай тануға болады. Осы бір мінезден ажырамаса халықтың түбі тоз-тозы шығып, бодандықтың қамытын сүйреткен күйі кетеріне күйінеді. Ақын халқы үшін жай ғана тебіреніп қоймай, қаны сорғалаған ескі жараларының бетін аша отырып, жанары жасқа толса да, сесті күйден ажырамайды, кекесінді өр күйінде жеткізеді. Ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүрерлік жол сілтемейді. Қанға сіңген жаман әдет, қылықтардан, кесел-кесапаттардан, сор-сұмдықтардан арылуды, тазаруды айтып, сонда ғана адами болмыстың биігінде қалатынына жол сілтейді.
Қорытындылай келе, ғасырды көктеп өтіп, бізге жеткен Абай өлеңдерінің күні бүгінге дейін замана айнасындай болуы, дөп түсіп, дәл суреттей алуы мені таң қалдырады. Күні кеше ғана жазған, сиясы кеппеген туындыдай, халықтың тұрмыс-тіршілігін дәл бере алуы, сол өзі ғұмыр кешкен ортаның мінезі, қам-қаракеті әлі де сол қалпында екенін кімнен жасырамыз?.. Ақын өлеңдерінің құндылығы да, Абай ашынған ұлттың бойындағы кемшін тұстар әлі де сол таз қалпында. Екі кезең екі белес, екі ғасыр болса да, бүгінгі қазақ келбеті де кешегі ақын сай-сүйегі сырқырай, шырылдай айтқан болмысынан аса алшақтай қоймағаны өкінішті, әрине… ақын айтқан жағдаяттардан түзеле кетуіміз қиын болғанымен, Хәкімнен алатын ең үлкен сабақ – елдік сана екенін есте сақтағанымыз абзал. Ақынның өлеңін оқи отырып түңілудің керегі жоқ, қайта ащы сынның астарында бізге жетпеген, жетіспейтін орасан зор, ұлы махаббат жатқанын аңғаруымыз керек. Елін, жұртын, халқын шын сүйген адам ғана оның кемшілігін көріп, түзелсе екен деген шынайы пейілмен жанына батырып-батырып айтады. Оған дәлел ретінде Шәкәрімнің:
Сөккенің болсын- сүйгенің.
Достығың болсын- күйгенің.
Ащы тілмен тигенің,
Жоғалсын деп міндері… деген ойын айтқым келеді. Ендеше, елдігіміз, бірлігіміз жоғалмасын, ағайын!
Салтанат Айдарбекова