Жаңаөзен Қалалық
Білім Бөлімінің
«№18 орта мектеп» Коммуналдық Мемлекеттік мекемесі.
Ұйымдастырушы педагог Саулебаева Айнұр Керимбайевна
Елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты Білім беру жүйесі қашықтан оқыту әдісін қолға алды. Оқытудың бұл жүйесі індеттің таралуына жол бермеу үшін қолданған шара болатын.Үлкен сынақтан өтіп, жаңа қадамдарға аяқ басқанымызды тіпті байқамай қалдық.
Бұл жүйе жаңа әдіс болды. Ата-ананың да, оқытушының да бойында қорқыныш болғаны жасырын емес. Алайда, заман талабына сай бұл жүйені меңгеруді қажет деп санадық. Дәстүрлі білім беру жүйесі үлкен өзгерістен өтті. Ұстаздардың бойында жауапкершілік одан сайын артып, қашықтан оқыту жүйесіне бейімдеу жұмыстары дер кезінде басталып та кетті. Сабақ бағдарламаларын дайындап, оқушының білімді дұрыс меңгеруін қадағалап, ата-аналарға түсіндірме жүргізіп, ұсыныстар тасталды. Теориялық материалдарды мұғалім өз бетінше даярлап, кәсіби біліктілігін көрсете білді. Әр өңір аймақтық желіні пайдалана отырып, қашықтан оқытуды жүзеге асырды.
Оқытуды ұйымдастыруда бейне конференциялар, телеарналар, білім сайттары, түрлі чаттар қолданысқа енді.
Оқыту технологиялары Zoom, Bilimland, Daryn.kz, Kundelik.kz сынды электрондық платформаларда жүзеге асып отырды.
Бұл платформалардың құрылымы онлайн білім беруге қаншалықты қабілетті екендігі мәлім болды. Балапан, Ел Арна телеарналары да бұл жүйеден қалыс қалған жоқ. Арнайы кесте бойынша теле-сабақтар көрсетіліп, оқушылар күнделікті білім алып отырды. Ал, сынып сағаттарын аталған жүйелерге кедергі болмайтындай қолайлы уақытқа қойдық. Kundelik.kz арқылы оқушыларға кері байланыс беріліп отырды. Білім алуда балалар өз бетінше ізденіп, тапсырмаларды жан-жақты орындауға тырысты. Түрлі ақпараттарды игеріп, білімдерін шыңдауы біздерді ерекше қуантты.
Оқытудың бұл жүйесінде орын алған басты мәселенің бірі -психологиялық қарым-қатынас. Мұғалім мен оқушының, ата-ана мен баланың,оқытушы мен ата-ананың арасындағы көңіл күй тұрақсыздығы көрініс тапты.
Осы орайда қандай әрекеттерді басты назарда ұстадық?
1.Оқушы және ата-анамен өзара байланыс орнату;
2.Сабыр сақтауды ескерту;
3.Білім алушыны бақылау;
4.Кеңес беру;
5.Ойын жинақтап, онлайн-сабақты тиімді пайдалану;
Оқу процесінде біз баланың жеке ойы мен сұранысын негізге ала отырып чаттарда түрлі психологиялық онлайн-шаралар ұйымдастырып отырдық. Мысалы, оқушылардың өзара байланысын ұйымдастыру мақсатында «Біз біргеміз», «Сен не үйрендің?» атты видеороликтер жасалды. Жобаға барлық оқушылар ат салысып, бір-біріне қолдау көрсетті. Ата-аналар да қалыс қалмай балаларына демеу болды. Осылайша карантин кезінде көңіл-күй психологиясына барынша мән беріп, қашықтықтан оқытуды тиімді пайдалана білдік. Оқушы және ата-анамен байланыс жұмыстарын үздіксіз жүргізу нәтижесінде оң өзгерістерге куә болдық.
Сонымен, қашықтан оқыту әдісінде адамдар ақпарат алуда өз мүмкіндіктерінің шексіз екенін ұқты. Мұғалім, оқушы, ата-ана да үлкен сынақтан өтіп, біршама тәжірибе жинақтап қалды. Болашақта заман талабына сай осы сынды жүйелер орын алып жатса, дайын болатындай күйге ендік. Ал, мамандар өз білімі мен біліктілігін тағы бір сатыға арттырды, бұл үлкен абырой!
Оқытудың компьютерлі жүйелерін меңгеріп, техникамен сауатты жұмыс жасауда біршама алға жылжыды. Ақпаратты ұтымды пайдаланып, технологияның тиімді тұстарын түртіп алдық десек болады. Осы орайда мұғалімдер қауымы жаңа әдісті дер кезінде меңгеріп, педагогикалық шеберліктерін көрсете білді.
Арадағы алшақтыққа қарамастан барынша дәстүрлі оқыту әдістерін осы жүйеге сыйғыза білген оқытушылар мақтауға лайық. Қысқа ғана мерзімде күрделі процестен өтіп, қабілетіміз айқындалды.
Кез-келген оқу жүйесін меңгеріп шығамыз. Алайда, мұғалімнің басты мідеті, ол — балаға сапалы білім беру.