Алматы қаласы,
Әуезов ауданы
№13 мектеп-гимназиясы,
ағылшын тілі пәні мұғалімі
Жанатбекова Райгуль Жанатбеккызы
Адамзат тарихындағы ең сұрапыл, зұлымдық пен қантөгіске толы зұлмат соғыстың аяқталғанына 75-жыл. Қайсар батырлардың қанымен, жаужүрек офицерлердің көрегендігімен, майдандағы баласының амандығын тілеп, дұға жасаған аналардың көз жасымен, қасіретке мойымаған халқымыздың жасампаздығымен келген бұл жеңіс — Ұлы Жеңіс!
Жеңіс күні- халқымыздың абыройы мен даңқының мерекесі! Сұрапыл соғыспен қатар, тылдағы өмірде аса қайсарлықпен еңбек еткен, миллиондаған босқындарды бауырына алған қазақ даласы –майданға керекті оқ-дәрі мен азық-түлік жеткізуші үлкен қызмет атқарды. Қазақ халқы бірлігі мен ауызбіршілігін, дархан даладай көңілінің кеңдігі мен қайтпас қайсарлығын көрсетті. Бірнеше ұрпақты байланыстырған, өскелең ұрпақтың рухани дамуы мен қайта өрлеуіне негіз боларлық, үлгі боларлық жеңіс!
Осы Ұлы Жеңіске өзінің үлесін қосқан батырлардың арасында менің де атам бар еді. Иманберліұлы Мұса 1920 жылы Семей облысы, Шұбартау ауданы, Баршатас ауылында дүниеге келген. Анасы – Айнабала әжем 16 құрсақ көтергенмен, тағдырдың жазуымен 2 баласы ғана аман қалған екен. Соның бірі –менің атам, екіншісі қарындасы — Нұрғайша апам.
Өткен ғасырдың адамзат тарихында дүрбелең кезеңдерге толы болғаны белгілі. 30 жылдардағы елді жайлаған ашаршылық кезінде үдере көшкен елмен бірге арғы атам- Иманберлі отбасымен Балхаш маңына көшіп келді. Балық аулап, көл жағалап жан баққанбыз деседі. 1931 жылдың соңына таман Қапал ауданы, Ақтөбе деген ауылға көшіп келіп, Иманберлі атам- ұста, әжем- сауыншы болып қызмет істеген. Иманберлі атамыз сол ауылда дертке шалдығып, дүние салған екен. Тағдырдың қиын-қыстау кезеңдеріне мойымаған әжем 1932 жылы Сарқан ауданы, Аманбөктер ауылына екі баласымен көшіп келеді. Әкесінен ерте айырылған атам Мұса бала жастан еңбекке араласты, 4 сыныптық мектепті аяқтаған соң тракторшы болып жұмыс жасайды.
1939 жылы атам әскер шебіне алынады. Борышын өтеп болған тұста төрткүл дүниені дір сілкіндірген зұлмат соғыс басталды.Қазақстанның әр отбасынан қару алып жас балалар, ер-азаматтар аттанды. Атам Алдымен Новосибирск қаласында командирлер дайындайтын 3 айлық курсты тәмамдап, «Старшина» әскери шенін алып, майданға аттанады.
Украинаны азат ету майданында, Оңтүстік Чехия, Австрияның кейбір аумақтарын азат етуде алдымен 66-шы танк полкінде, кейін 421-ші танк батальонында майдан шебінде болған. 1942 -1944 жылдары 4 мәрте жараланған. Екінші жарақаты ауыр болғанмен әскери госпитальдан шыққан соң майданға қайта сұранған екен. Старшина әскери шенінен бастап, соғысты взвод командирі болып аяқтаған.
Жеңістің қуанышты күнін майдандастарымен қарсы алып, қаңтар айында арнайы полкпен Қиыр Шығыс майданы – Манчжурияға (Жапония) аттандырылады. Тарих беттерінен білетініміздей Жапонияның жаулап алған жерлерін азат етуге Кеңес әскері жіберілген еді. Сол жылы (1945) атақты Хиросима мен Нагасаки қалаларына атом бомбасы тасталған болатын. Атам соғыстан тек 1946 жылы күзде оралған екен. Атамның әскери құжатынан басқа майдан шебінде иеленген медальдары мен алғыс хаттары, әскери суреттері өкінішке орай сақталмаған.
Елге оралғаннан соң ауылда қоймашы, зоотехник, бөлімше бригадирі қызметтерін атқарды. Менің апам — Тұрғамбекқызы Жұмаханмен 1947 жылы отау құрып , 10 бала сүйіп, тәрбиелеп өсірген. Апам- Жұмахан «Алтын Алқа» иегері болған, атам өмірден озған соң, соңынан ерген 10 баласын тағдыр тауқіметіне мойымай жеткізді. Бүгінде — үлкен шаңырақ, үлгілі әулет .
Атам 1955 жылы Мәскеу қаласында Бүкілодақтық Жетістіктер көрмесіне (ВДНХ) қатысып, Еңбек Ері атағын алған. Өмірінің соңғы жылдарында сауын фермасын басқарған екен. Ал, 1982 жылы дүниеден өтті…
Бұл бір ғана қағаз бетіне сыйғызуға тырысқан тағдырлардың бір парасы ғана… Ал қанша тағдыр, қанша жас балалар қыршыннан кетті?! Қанша үлбіреген қыз баласы қан майданда мерт болды?! Қанша ана баласын майданнан сарыла күтіп, қара қағазды алып күңіренді?! Біз біліп, оқып жүрген кітаптар, көріп жүрген кинофильмдер – халқымыздың басынан өткерген қасіретін әрине толықтай сипаттай алмасы анық! Дегенмен, бірнеше ұрпаққа сабақ боларлық, мақтан тұтарлық сәттері мен тұлғаларын ұмытуға хақымыз жоқ! Ұмытпаймыз, ұмытылмайды да!
Мен жаужүрек , қайтпас қайсар еліммен мақтанамын! Батыр атаммен мақтанамын! Ұлы Жеңіс күні құтты болсын, Қазақ Елі!