Қашықтан оқыту жағдайында бітірушілерді қорытынды аттестаттау пәндер бойынша жылдық бағалары негізінде жүргізіледі. ҚР Білім және ғылым министрлігі осындай шешім қабылдады. Аттестат пәндер бойынша жылдық бағалар негізінде беріледі. ҰБТ-ны өткізу мерзімдері өзгеріссіз қалады.
Қазақстанда енгізілген төтенше жағдай мен оқушылардың қашықтан оқыту түріне ауысуына байланысты Білім және ғылым министрлігі
9 (10) сынып оқушылары үшін қорытынды аттестаттау емтихандарын, ал 11 (12) сынып оқушылары үшін мемлекеттік қорытынды аттестаттау емтихандарын өткізбеу туралы шешім қабылдады.
«Біз сараптай келе осындай шешім қабылдадық. Тиісті өзгертулер Министрліктің бұйрықтарына енгізілді. Жекелеген емтихандар өткізілмейтін болады. Бұл оқу жетістіктерін қорытынды бағалаудың барынша әділдігін қамтамасыз етеді», – деп хабарлады Министрліктің баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетсек, негізі 9 (10) сынып түлектерінің қорытынды аттестаттауы:
1) ана тілі бойынша жазбаша емтихан (оқыту тілі бойынша) – эссе түріндегі жазбаша жұмыс, гуманитарлық цикл пәндерін тереңдетіп оқытатын мектеп оқушылары үшін мақала/әңгіме/эссе түріндегі жазбаша жұмыс;
2) математикадан (алгебрадан) жазбаша емтихан;
3) оқыту орыс/өзбек/ұйғыр/тәжік тілінде жүргізілетін сыныптарда қазақ тілі мен әдебиетінен жазбаша емтихан және оқыту қазақ тілінде жүргізілетін сыныптарда орыс тілі мен әдебиеті пәнінен жазбаша емтихан;
4) таңдау пәні бойынша (физика, химия, биология, география, геометрия, Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы, әдебиет (оқыту тілі бойынша), шет тілі (ағылшын/француз/неміс), информатикадан жазбаша емтихан ретінде өткізілетін.
11 (12) сынып оқушылары үшін қорытынды аттестаттау:
1) ана тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан (оқыту тілі бойынша) эссе түрінде;
2) орыс/өзбек/ұйғыр/тәжік тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілі бойынша тестілеу және қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілі бойынша тестілеу;
3) алгебра және талдау негіздері бойынша жазбаша емтихан;
4) Қазақстан тарихы бойынша ауызша;
5) таңдау пәні бойынша тестілеу (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, әдебиет (оқыту тілі бойынша), шет тілі (ағылшын/ француз/ неміс), информатикадан тестілеу түрінде жоспарланатын.
Айта кетерлігі, қазіргі уақытта Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу мерзімі өзгеріссіз қалып отыр. Түлектер Ұлттық тестілеу орталығының сайтында орналастырылған сынама тесттерін тегін пайдалана алады. Әр пән бойынша тестілеудің 70 бірегей нұсқасы ұсынылып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдан бері ҰБТ нәтижелері ЖОО түсуге және білім гранттарын иеленуге, ал қорытынды аттестаттау емтихандарының нәтижесі аттестат алу үшін қажет.
ҚР БҒМ баспасөз қызметі