Ақмола облысы, Бурабай ауданы
МКҚК «Ақбота» бөбекжайының
ІІ санатты тәрбиешісі
Абдыкалыкова Дана Сериковна
Мақсаты:
- Балалардың бойына халқымыздың рухани байлығын сіңіре отырып, ата дәстүрін танып білуге, ардақтауға құрметтеп мақтан тұтуға тәрбиелеу.
- Ұлттық салт-дәстүр туралы балалардың білімдерін жетілдіру.
- Имандылық пен адамгершілікке, әдептілікке, сыпайылыққа тәрбиелеу.
Көрнекілігі: киіз үй, қазақи нақыштағы құрал-жабдықтар.
Тәрбиеші: Құрметті ұстаздар, әріптестер бүгінгі «Ұлттық салт-дәстүр тәрбиенің көзі» атты іс-шарамызға қош келдіңіздер.
Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласында қазіргі кезеңдегі әлемдік жахандану жағдайында заман ағымына икемделуді, жаңа дәуірдің озық үлгілерін бойымызға сіңіруді міндеттеді. Егер жаңғыру елдің ұлттық – рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды.
Ұлттық дәстүр – ұлтқа рух беріп, оның ішкі, сыртқы келбетін өрнектеп көрсетіп тұратын сипаттардың бірі. Дәстүр – адамдардың ғасырлар бойы қалыптастырған құндылығы, әлеуметтік-мәдени мұрасы. Әдет-ғұрып салт-дәстүрлер арқылы халық өзін-өзі тәрбиелеп отырады. Олар қоғамның, отбасының барлық саласында көрініс табады. Дәстүріміз бұзылса, қоғамның тарихи дамуының сабақтастығы да бұзылады.Ұлттық құндылықтарымызды сақтау үшін дәстүрдің озық үлгілерін насихаттап, ұлттық тәрбиеміздің іргетасы етіп тұрақтандыруымыз керек.
Қазақ тұрмысында ұрпақты қоғамға, отбасына бейімдеп, адамгершілікке, отансүйгіштікке, ержүректілікке, имандлыққа тәрбиелейтін әдет-ғұрып, салт-дәстүріміз жеткілікті. Қазақ халқының терең тамырлы өнегелі әдет – ғұрпы, салт-дәстүрін балалар бойына дарытып, имандылық, адамгершілік рухында тәрбиелеу мақсатындағы іс-шарамызды бастаймыз.
Көрініс:киіз үй бейнеленген. Киіз үйдің ішінде атасы қамшы өріп, ал, әже ұршық иіріп отыр.
Жүргізуші:
Туған соң адам болып,
Білімсізден жаман жоқ
Ел дәстүрін білмесең,
Жұрт айтады надан деп
Ата-бабаң ардақты,
Жамандыққа бармапты.
Ардақ тұтып үлкенді,
Туған соң адам болып,
Ата жолын жалғапты.
Ата мен әжесінен сүйінші сұрап қыз бала жүгіріп келеді, сүйіншісін беріп, көршілерге қуанышты хабарды хабарлауға жұмсайды. Ата мен әже немерелі болдық деп қуанып, есім таңдап отырғанда, нәрестесін көтеріп келіні кіреді. Атасы немересін қолына алып, азан шақырып атын қояды.
Тәрбиеші:
- Балаға ат қою рәсімі. Қазақтың салт-дәстүрлерінің бірі балаға ат қою. Ырымдап ат қою – қазақтың қанына сіңген дәстүр. Ал енді,тәрбиешілер сіздердің де есімдеріңізді ырымдап қойған болар, сол туралы айтып өтсеңіздер. (әр тәрбиеші өз есімдері жайлы айтып өтеді)
- Қазақтың балаға байланысты жасалынатын ырым-дәстүрлерін атап өту (тәрбиешілер балаға байланысты дәстүрлерін атап, соның ішінен бесікке салу дәстүрін көрсетеді)
- Бесікке салу рәсімінен көрініс. Баланы бесікке салу – салтанатты рәсім.
Баланы бесікке салмас бұрын, баланың бесігіне, жын – шайтан жоламас үшін аластайды. Баланы бесікке салмас бұрын «тыштырма рәсімі» жасалынады. Бесіктің тесігінен тәттілер өткізіледі. Жиналған адамдар қолдарын созып, бесіктің астына алақандарын жаяды. Өткізілген тәттілер олардың алақандарына түседі.Бесіктің астына әрбір тәтті түскен кезде ,бесікке салған адам басқаларға «тышты ма?» деп сұрайды. Сол кезде жиналған жұрт «тышты, тышты»деп айтады. Осылайша «тыштырма» рәсімі «тышты ма?» деген сөзден шыққан. Баланы бесікке бөлегеннен кейін «бесік жыры» айтылады. Бесік жыры –дегеніміз балаға әндетіп айтылатын әуен. Бесік жыры бала мазасыз болып, жылап жатқанда немесе ұйықтай алмағанда айтылады. Бесіктің құрал –жабдықтарын атап өту. «Ел боламын десең ,әуелі бесігіңді түзе» деп қазақ атамыз тектен текке айтпаса керек.
- Мақал-мәтелдер.
Бала тәрбиесіне байланысты мақал- мәтелдерді сурет бойынша айту.
- Сырмақ тігу. Қазақтың ұлттық ою-өрнектерін атап, сырмақ тігу. (тәрбиешілер барлығы сырмақ тігеді)
Қорытынды:
Ұлттық әдет ғұрып, салт-дәстүрлер арқылы-қазақ халқының өзіндік дәстүрлерін бойына сіңіре білетін, салт-дәстүрлерімізді ұғына білетін, оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыра білетін, ұлттық рухпен қаруланған тұлғаны қалыптастыруға мүмкіншілік аламыз. Халқымыздың тәрбие негізі, асыл қазынасы –салт-дәстүрлерді дұрыс жеткізе білсек, ұлтжанды азаматты қалыптастырдық деп нық айтуға болады. Осы «Ұлттық салт –дәстүр тәрбиенің көзі»атты іс-шарамызға қатысқандарыңызға рахмет. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық пен бақыт, кішкентай бүлдіршіндеріңіз ұлттық тәрбиемен сусындап өсе берулеріне тілектеспіз.