Қадырханова Шолпан Қадырханқызы
Қостанай облысы, Лисаков қаласы
«Нұрлы Жол» бөбекжайы» КМҚК
қазақ тілі мұғалімі
Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мен тәрбиелеудегі заманауи педагогтің рөлі
Уақыттың алмасуы мен заманның өзгерісіне қарай білім беру саласында жаңа парадигмалардың туындауы заңды құбылыс. Ол негізінен білім беру саласында жаңаша ойлайтын, ақпараттық технологияларды меңгерген, инновациялық үрдістерге ілесетін, заманауи шешім қабылдайтын, жаңа тұрпатты педагогты қажет етумен тығыз байланысты.
Білім және тәрбие бағытындағы жаһандық өзгерістер замануи педагогті қалыптастырды.
Президент Қ.К.Тоқаев «…..Әлемнің жетекші балабақшалары мен мектептері толығымен балалардың креативтік әлеуетін дамытумен айналысуда, олар цифрлық технологиялар мен нақты ғылымдарды оқытады. Педагогтер оқыту әдістерін ойын форматына қарай өзгертуде, олар үнемі ізденіс үстінде…» — деп атап көрсетті.
Сондықтан да мектепке дейінгі балаларды дамыту мен тәрбиелеуде педагогтер үлкен іс атқарады. Өйткені қазіргі балабақшаның педагогтерінің алдына жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті, сыни ойлайтын, шешім қабылдайтын, ұлттық құндылығы қалыптасқан тұлғаны тәрбиелеу міндеті тұр.
Балабақша — балаларды қоғамда өмір сүруге үйрететін алғашқы әлеуметтік институт болып табылады. Дәл осы жерде баланың қоршаған адамдармен дербес байланысы жүзеге асады, ол қарым-қатынас жасауды және өзара әрекеттесуді үйренеді. Замануи педагогтер әртүрлі әдістер мен технологияларды қолдана отырып, балалардың білімі мен тәрбиесін дамытуы қажет.
Балабақшада педагогикалық процесті ұйымдастыруда ұлттық құндылықтар және баланың тұлғалық құзыреттілігін дамыту мәселесі негізге алынады. «Денсаулық», «Коммуникация», «Таным», «Шығармашылық», «Әлеумет» атты білім беру бағыттарында инновациялық технологиялар мен ұлттық тәрбие үлгілері кіріктіріліп, заманауи талаптарға сай пайдаланылады. Заманауи тенологиялар балалардың қызығушылығын оятады.
«Шығармашылық шеберхана» әдісі балалардың шығармашылық дағдысын дамытуға көмектеседі. Сабақ барысында балалар ертегінің мазмұнына сәйкес суреттер, иллюстрациялар дайындайды. Суреттерден шағын әңгіме құрады.
Баланың шығармашылық қабілетін дамыту құралы ретінде сурет салу терапиясын қарастырып көрейік. Суреттердің тақырыбы әр түрлі болуы мүмкін. Балалар өздері қызыққан суреттерді салады. Қоршаған ортаны, жекелеген заттарды, әдеби кейіпкерлерді және т.б. Балалар көбінесе ертегілердегі кейіпкерлерді салуды ұнатады. Ертегі кейіпкерлерін салу арқылы олар ертегіге деген қызығушылықтарын және логикалық ойлау дағдысын дамытады. Ертегі образдарын суреттеу, бейнелеу маңызды әрекеттеріне айналады. Жағымды және жағымсыз кейіпкерлердің суретін салу арқылы олар адамның бойындағы қасиеттерді түсіне бастайды.
Мектеп жасына дейінгі балаларда сөйлеуді қалыптастыру маңызды міндет болып табылады. Бұл мәселені сәтті шешу балаларды алдағы мектепке дайындау үшін де, басқалармен ыңғайлы қарым-қатынас жасау үшін де қажет.
Қорыта айтқанда, жаңартылған білім беру мазмұны аясында белсенді әдістерді, дидактикалық принциптерді, инновациялық технологияларды жүйелі қолдану мұғалім жұмысының жаңа қырларын ашуға мүмкіндік береді.
Пайдаланған әдебиеттер
- Р.И.Крымова Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды ұйымдастыру жолдары //Білім беру айнасы Асана, -2020.
- Анализ современной системы дошкольных организаций в Республике Казахстан https://articlekz.com/article/5782
- Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңартылған мазмұнын іске асырудың негізгі бағыттары. http://oqu-zaman.kz/