Еліміздің жоғары оқу орындары педагогикалық қайта даярлау бағдарламаларын әзірлеп жатыр. Бұл жайлы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған.
Министрдің айтуынша, дарынды жастарды педагогикалық мамандыққа тарту мақсатында мұғалімнің мәртебесін көтеру үшін тиісті жұмыс жалғастырылуда. Педагогикалық бағыт бойынша оқуға түсуге қойылатын талаптар біртіндеп күшейтілуде. Осылай, 2020 жылы оқуға түсу балы 60-тан 70 балға дейін көтерілді, арнайы емтихан мазмұны өзектендірілді. Педагогикалық жоғары оқу орындарында (бұдан әрі — ЖОО) оқитын студенттердің стипендиясы ұлғайтылды (26 186 теңгеден 42 000 теңгеге дейін). Мектеп мұғалімдерінің еңбекақысы өсті. Мектеп оқушылары арасында кәсіптік бағдар беру жұмысын жүргізу үшін ЖОО-лар білім басқармаларымен, мектептермен өзара іс-қимыл жасайды.
Асхат Аймағамбетовтың сөзінше, қазіргі уақытта барлық білім беру бағдарламалары Педагогтың кәсіби стандартына және жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес жаңартылды. Бұл ретте, педагогикалық практикаға арналған Әдістемелік ұсыныстар жасалынған және оқытудың барлық кезеңінде практиканы ұйымдастыруды көздейтін үздіксіз практикалық оқыту жүйесі енгізілді. 2018 жылдан бастап педагогті аттестаттау рәсімдерінің жаңа форматы енгізілді. Осыған байланысты министрлік нормативтік-құқықтық құжаттарға өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізді. Оған сәйкес, 2021 жылдан бастап педагогикалық ЖОО-лардың түлектері үшін Ұлттық біліктілік тестілеуінен міндетті өту нормасы енгізілді. Аталған шара түлектердің құзыреттілігін растауға және білім беру ұйымдарын білікті жас мамандармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Тәжірибе алмасу аясында ЖОО оқытушыларының жаппай ашық онлайн курстарын әзірлеп, білім беру платформаларына орналастыруға мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар, ЖОО-лар мектептермен бірлесіп өзара тәжірибемен алмасу және студенттерге инновациялық педагогикалық технологиялар мен әдістерді тиімді оқыту мақсатымен консорциум құрды. Қазіргі уақытта ЖОО-лар педагогикалық қайта даярлау бағдарламаларын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізуде. Осы бағытта министрлік ЖОО-ларға педагогикалық-психологиялық дайындықты күшейту үшін педагогикалық қайта даярлау бағдарламаларының мазмұнын өзгертіп, оқу нәтижелерін түзетуді ұсынды», — делінген министрдің жауабында.
Сонымен қатар, министр жас мамандарды мектеп жұмысына ынталандыру үшін шетелдік ЖОО-ларды, «Болашақ» бағдарламасын, ағылшын тілінде пәндерді оқыту құқығымен бітірушілер, сондай-ақ Президенттік кадр резервіне кірген адамдар үшін «педагог-модератор» біліктілік санатын берудің жеңілдетілген тәртібі енгізілгенін атап өтеді. Осылайша, министрлік педагогикалық білім беру сапасын арттыру және мектептерді жоғары білікті мұғалімдермен қамтамасыз ету бойынша жүйелі, кешенді жұмысты жүзеге асыруда.