Қарағанды облысының Абай қаласында 550 орындық балабақша ашылды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы бойынша тұрғызылған мектепке дейінгі мекемеде 100-ден астам жұмыс орны пайда болды. Қазір жаңа балабақша штаты жасақталуда. Балабақша Политехникалық колледждің бұрынғы ғимаратында орналасқан. Онда балаларды тәрбиелеу және дамыту үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған.
«Әдемі бөбекжай балабақшасы» ЖШС басшысы Ербол Қарнақбаетың айтуынша, Абайда мектепке дейінгі білім беру саласында жұмыс іздеп жүрген мамандар көп. Мұнда арнайы білімі бар қызметкерлер жаңа бағдарламалар бойынша оқытылатын болады. Балабақшада даму үйірмелерін, спорт секцияларын ашуды жоспарлап отыр.
Абай қаласының негізі Қарағанды көмір алабының батыс телімдерінің игерілуіне байланысты 1949 жылы Шерубайнұра кенті ретінде қаланған. 1961 жылы қалаға айналған. Шаһар халқының саны — 28 мыңнан асады.