Бүгін Қазақстанның 12 өңірінде Жоғары оқу орнының ақылы бөліміне түсуді жоспарлаған талапкерлер үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) басталды. Бұл жайлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов хабарлады.
Оның жазуынша, бұл жолы жоғары оқу орнының ақылы бөліміне түсуді жоспарлаған талапкерлер үшін ұйымдастырылатын ҰБТ компьютер форматында өтеді. Егер бұған дейін көктем айындағы тестілеу тек 10 күнге созылса, биыл қатысушыларға 1 ай уақыт берілді. Наурыздағы ҰБТ-ға қатысуға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығы сайтында жүргізілді.
Пәндер саны әдеттегідей бесеу: үш міндетті және екі бейіндік пән бойынша тестілеу жүргізіледі. Тестілеуге жалпы 4 сағат (240 минут) беріледі. Максималды балл – 140. Тестілеу электронды форматта «бір тестіленуші – бір компьютер – бір камера» қағидасы бойынша өтеді. Сондай-ақ, прокторинг жүйесі қолданылады, бейнебақылау орнатылады. Тұлғаны цифрлық сәйкестендіру жүйесі – Face ID ҰБТ-ға қатыспақ болған бөтен адамдарды анықтауға мүмкіндік береді. Осының барлығы академиялық адалдық қағидаларының сақталуын бақылауды күшейтуге жағдай жасайды ҰБТ өткізу кезінде санитарлық талаптар сақталатын болады.
Нұр-Сұлтан қаласы мен Батыс Қазақстан облысында тестілеу 12 наурызда, Атырау, Қарағанды және Павлодар облыстарында 15 наурызда басталады.
Наурыздағы ҰБТ-ның сертификаты жоғары оқу орындарының ақылы бөліміне түсуге жарамды.
Айта кетейік, 2021 жылдың 20 қаңтары мен 3 ақпан аралығында ҰБТ қалауы бойынша жоғары оқу орнына ақылы негізде оқуға қабылдану үшін орта білім беру ұйымдарын бітіруші 11-ші (12) сынып оқушыларына; жоғары оқу орындарындағы күндізгі оқу бөліміне ақылы негізде қабылдау үшін ҰБТ нәтижесі бойынша шекті балл алмаған, ҰБТ нәтижелері жойылған, бейінді пәндер комбинациясы сәйкес келмейтін ҰБТ нәтижелері бар тұлғаларды күнтізбелік жылы ақылы негізде одан әрі қабылдау үшін; жоғары оқу орындарындағы ақылы негізде шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобы бойынша білім алушы және басқа білім беру бағдарламалары тобына ауысуға ниет білдірген тұлғалар үшін қағаз форматта өткізілді.
Тестілеуге 116 085 адам қатысты. Бұл өтініш берушілердің 96,6 пайызы. Оның ішінде шектік деңгейден 57 679-сі немесе ҰБТ-ға қатысушылардлың 49,7% өтті.