Сабақтың мақсаты: 10 санының таңбасымен таныстыру. 10 санының құрамын анықтау. Балалардың қабілеттерін, жылдамдықтарын, ойшылдық, сауаттылық қасиеттерін өмірде қолдана білуге үйрету. Ой-өрісін, ойлау қабілетін дамыту. Ойын дұрыс айта білуге, шығармашылық еңбек етуге, ұйымшылдыққа тәрбиелеу.
Әдісі: сұрақ-жауап, слайдтақтамен жұмыс.
Көрнекілік: слайдтақта, 0-ден 10-ға дейінгі кеспе цифрлар. Мақта қыз бен мысық ертегісінің суреттері.
Сабақтың барысы:
(Музыка әуенімен балалар залға кіреді, 2 қатарға бір-біріне қарама-қарсы тұрады)
Тәрбиеші: — Балалар, қараңдаршы, бізге бүгін көптеген қонақтар келіпті, алдымен әдептілік танытып, қонақтармен амандасып алайық.
Балалар: Аппақ қардай көңілмен,
Жаздай жарқын көңілмен.
Төрімізден көрінген,
Сәлем бердік сіздерге,
Сәлеметсіздер ме, қонақтар!
Тәрбиеші: Ал, балалар, бәріміз қол ұстасып, «Шаттық шеңберін» құрайық.
Сиқырлы сөздерімізді байтақ даламызға, сүйікті балабақшамызға, достарымызға арнайық.
Шаттық шеңбері:
Қайырлы таң!
Ормандар мен далалар.
Қайырлы таң!
Достасқан бар балалар.
Қайырлы таң !
Біздің балабақшамыз.
Қайырлы таң!
Жора-жолдас, ұл мен қыз!
Балалар орындарына отырады.
Тәрбиеші: Балалар, бізге келген қонақтар сендерді мектепке дайын ба екен деп келіпті. Ендеше дайын екенімізді көрсетейік.
- Дайынсыңдар ма?
Балалар: Иә, дайынбыз.
Тәрбиеші: Балалар, слайдтақтаға назар аударайық. Мына ағаштың басында неше торғай отыр екен? Қәне, санайық!
— 9 торғай
— Осы 9 торғайға 1 торғай келіп қосылды, неше торғай болды?
— 10 торғай болды.
— 10 саны – екі таңбалы сан. 10 саны екі таңба арқылы жазылады. 1 және 0 сандарымен. Ал 9 саны – бір таңбалы санның ең үлкені. (10 цифрын ауада жаздыру).
Ғажайып сәт: Енді көзімізді жұмып, ертегілер еліне саяхатқа шығып келейік…. Көзімізді ашайық, ертегілер еліне келдік. Мақта қыз бен мысық ертегісін еске түсірейік.
Кіріспе әңгіме: Мысық қатықты төгеді, Мақта қыз мысықтың құйрығын кесіп алады. Мысық, құйрығымды берші, — деп жалынады.
Мақта қыз: Сен менің тапсырмаларымды орындасаң, мен сенің құйрығыңды қайтып беремін.
Мысық келіседі.
- Балалар, мысыққа көмектесеміз бе, тапсырмаларын орындаймыз ба?
Балалар: —Мысыққа көмектесеміз, тапсырмаларды орындаймыз.
1-тапсырма: «0-10 дейін тура және кері санау»
Балалар 1-ден 10-ға дейін тура және кері санайды.
Тәрбиеші: 1-ші тапсырманы орындап шықтық. Жарайсыңдар!
2-тапсырма: Ағаштың басында 10 жапырақ ілініп тұр еді, кенеттен жел тұрып, 5 жапырақ жерге түсіп қалды. Ағашта неше жапырақ қалды?
Балалар: Ағашта 5 жапырақ қалды.
Тәрбиеші: Қандай ақылдысыңдар, бұл тапсырманы да оңай орындап тастаңыздар.
3-тапсырма: Оң қолымызда неше саусақ бар, сол қолымызда неше саусақ бар? Сонда екі қолыңда неше саусақ болады?
Балалардың жауабы.
Сергіту жаттығуы:
Жолдарыңа үңіліп,
Екі бақа жүгіріп,
Секіреді, бақ-бақ,
Ағаштарды аттап.
Олар ерте тұрады,
Беті-қолын жуады.
Оңға-солға шайқалып,
Бақылдайды ән салып.
4-тапсырма: «3 санының көршісі кім?» және «7 санының көршісін тап»
Балалардың жауабы
5-тапсырма: «Есептерді шығару»
0+3=?… 2+3=?… 5+4=?…
Балалардың жауабы
6-тапсырма: «Жоғалған сандарды тап!»
«0, …. 2, …. 4, …. 6, …. 8, …. 10»
Сөйтіп, мысық балалардың көмегімен Мақта қыздың барлық тапсырмасын орындап шықты. Мақта қыз риза болып, мысықтың құйрығын қайтарып берді.
Тәрбиеші: Балалар, сонымен бүгінгі оқу қызметіміз аяғына жетті. Бүгін біз үлкен іс жасадық. Мысыққа құйрығын қайтаруға көмектестік. Жарайсыңдар, балалар! Міне сендер өздеріңнің білімдеріңмен мектепке дайын екендіктеріңді көрсеттіңдер. Ендеше барлығымыз ортаға шығып, шеңберге тұрайық. Бүгінгі оқу қызметімізді қорыта келе, қазақтың нақыл сөзімен аяқтайық:
Білегі күшті бірді жығады,
Білімі күшті мыңды жығады.
Біледі: 10 санының таңбасын;
Меңгереді: 10 санының құрамын;
Қолданады: 0-ден 10-ға дейін тура және кері санауды.
Ж.С. Кенжегалиева
«Ғарышкер» балабақшасы, МҚКҚ,
тәрбиеші,
Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы,
Жетібай ауылы