Home » Ашық сабақтар » 1 сынып бағдарламасы бойынша салт-дәстүр және ауыз әдебиеті бөлімін оқыту

1 сынып бағдарламасы бойынша салт-дәстүр және ауыз әдебиеті бөлімін оқыту

Нұғыман Наурызбибі Жанғажақызы
Ақтау қаласы
№1 Жалпы білім беру орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің 2 санатты мұғалімі

 

Ұрпақ тәрбиесі-ұлы іс. Қай заманда болмасын адамзат алдындағы ұлы мұраттардың ең бастысы-саналы ұрпақ тәрбиелеу.Ұрпақ тәрбиесі-келешек қоғам тәрбиесі. Сол болашақтың иелерін тәрбиелеуде мен де өзімнің үлесімді қосып жүрген ұстаздардың бірімін.Қазіргі таңда  Ақтау қаласындағы №1 жалпы білім беру орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беремін. Жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша 1 сыныптарға екінші жыл білім берудемін. Осыған орай өзімнің екі жыл ішіндегі іс –тәжірибеме сүйене отырып, 1 сыныптарда «Салт-дәстүр және ауыз әдебиеті» бөлімін қалай оқытқаным туралы ой бөлісуді жөн көрдім. 1 сынып оқулығында «Салт-дәстүр және ауыз әдебиеті» бөліміне 8 сағат бөлінген. Оның 7-і жаңа тақырып, 1-і қайталау сабағы. Бөлім мынадай тақырыптардан тұрады:

1.Менің туған жерім.

2.Ою.

3.Домбыра.

4.Мақта қыз бен мысық.

5.Мен ертегі білемін.

  1. Не дәмді?

7.Көктем сәні.

8.Кел, қайталайық.

1 сыныпта жұмыстың 70-90 пайызы ауызша жүргізіліп, тыңдалым, айтылым әрекеттеріне негізделеді. Оқылымға қысқа диалогтар, жеке сөздер мен сөз тіркестері, қысқа мәтіндер берілген. Сонымен бірге қазақ тілінің төл дыбыстарын оқып-үйрену қосымша жүргізіледі. Грамматикалық ережелер ауызша меңгеріледі. Етістіктің болымды, болымсыз түрлерін қолдана білу, «иә», «жоқ» сөздерін ауызекі сөйлеу тілінде қолдану, сұраулық шылауларды пайдалану, берілген сұрақтарға жауап бере білуге дағдыландыру, септік, көптік, жіктік, тәуелдік жалғауларын пайдалану іс-қимыл арқылы, қайталап айтып жаттығу арқылы, дауыс ырғағы арқылы меңгеріледі.

Тіл үйрену барысында оқушылардың басым көпшілігі жіберетін қателіктер:

1.Жазу барысында төл дыбыстардың таңбалануы. Бұған себеп бағдарлама бойынша жазылым әрекетіне уақыттың аз бөлінуі деп есептеймін.

2.Берілетін ақпараттың көптігіне байланысты үйренген сөздерді есте сақтай алмауы.Себебі әр сабақ сайын жаңа тақырыпты меңгеру керек болғандықтан, пысықтап қайталауға уақыт шектеулі.

3.Жазылым, оқылым дағдыларының өз деңгейінде қалыптаспауы. Сол себепті оқушыларға қосымша дәптер бастатып, өтілген тақырыпқа байланысты жаңа сөздердің жазылуын үлгі бойынша жазуға үйретемін. Сынып жетекшілері мен ата-аналарға да қосымша кеңес, бағыт-бағдар беруге тырысамын.

Енді сіздерге осы тарау бойынша «Көктем сәні» ертегісін қалай жоспарлап оқытқанымды ұсынғым келіп отыр.

Сабақтың негізгі мақсаты – оқушыларды ертегі желісі бойынша  суретке қарап 2-3 сөйлеммен өз ойын жеткізе білу, әріп пен дыбысты ажырата білу, ертегі кейіпкерлерін атай білу.Сабақты жоспарлау барысында оқушылардың көңіл-күйіне жақсы ықпал ету үшін «Ертегілер әлемі» әні үнтаспадан жіберіліп, балалар қайырмасына қосылады:

Ертегілер, ертегілер,

Неге мені ертпедіңдер?

Әлемдеріңнің ғажап күйін

Шертпедіңдер неге?

Балалар осы ән үзіндісі арқылы «ертегі» сөзінің айтылуын, жазылуын қайталап пысықтайды.

Сынып 3 топқа бөлінеді. Өтілген сабақтардағы сөздерді қайталап пысықтау мақсатында  топ аттарын «Ою» , «Домбыра», «Ертегі» деп алдым.

Жаңа тақырып бойынша сөздік жұмысы жүргізіліп, оқушылар мұғалімнің көмегімен сөз тіркестерін құрастырады.Әр топқа құраған сөз тіркестері үшін смайликтер беріледі.

Тыңдалым дағдысын қалыптастыру мақсатында оқушылар  ертегіні дискден тыңдайды. 104-бет.

Оқылым дағдысын қалыптастыру үшін «Кім жылдам?» ойыны өткізіледі. Тақтада ертегі кейіпкерлерінің суреттері ілініп тұрады. Суреттердің артында сұрақтар жазылған. (2-тапсырма бойынша)

1.Қасқыр (Су қандай?)

2.Піл (Жаңбыр қандай?)

3.Түлкі( Гүлдер қандай?)

4.Аю (Ағаштар қандай?)

  1. Қоян (Күн қандай?)

6.Арыстан (Көктем сәні не?)

Серіту сәтін өткізуге «Жау-жау, жаңбыр» әні алынады. Оқушылар көңілді  ән ырғағымен  жаттығу жасаайды, әрі ән мәтінінде кездесетін жаңбыр, көктем сөздері арқылы жаңа сөздерді пысықтайды.

3- тапсырма бойынша «Оқиға картасы» әдісі қолданылады. Ертегі кейіпкерлерінің суреттерін үстелге шашып тастап, ертегі желісі бойынша оқушылар рет- ретімен орналастырады. Кейіпкерлердің суреттерін  өз сөздерімен жеткізеді.

Рөлдік ойын:

Оқушыларға әр кейіпкердің атауы жазылған сөздер беріледі. Тақта алдына шығып әр кейіпкер өздерінің сөздерін айтады.

Сабақтың соңында оқушылармен кері байланыс орнатылып, сабақ барысында не үйренді, не білді, не қызық болғаны сұралады .Әр топ жинаған смайликтерінің санына қарай бағаланады.

Сабақты қызықты, тартымды етіп өткізу мақсатында  бастауыш сыныптарда көрнекі құралдар кеңінен қолданылады. Оқушылардың тіл үйренуге деген ынтасы артып, көзқарастары да өзгереді.Сондықтан мен өз сабақтарымда интербелсенді тақтаны, аудио-видео жазбаларды, сюжетті суреттерді жиі қолданамын.

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.