Мектеп алды даярлық сыныптан 1 сыныпқа
өту кезіндегі жаздық демалыста нені пысықтап алғанымыз дұрыс? Ата-аналарға арналған ұсыныстар
Н.Ә. Назарбаевтың жолдауында «Біз бүкіл елімізде стандарттар денгейіне сай сапалы білім беру қызметіне қол жеткізуге тиіспіз» деген болатын. Сондықтан да бүгінгі өскелең ұрпаққа уақыт талабына сай білім беруді тоқтатпай, үздіксіз дамытып пысықтап отырғанымыз дұрыс. Ол үшін балаларды үнемі қадағалап, бос уақыттарын жүйелі ұйымдастырып, қызықты өткізуге тиіспіз. Оған ата-ана да, ұстаздар қауымы да белсене ат салысуы қажет деп санаймын. Ал енді, 3 ай демалыс кезінде балалар ұстаздан жырақ ата-ана қарауында болғаннан кейін, бұл уақыттағы баланың уақытты пайдалы іспен өткізуі, әрине, ата-анаға байланысты. Жаздық демалысты баладан бұрын ата-ана қауымы асыға күтетінімізде рас, балаларымыз демалады, шаршады деп те жаны ашиды, алайда кей ата-ана баламен үй тапсырмасын орындағаннан шаршап, одан да бос ойнап жүргенін қалайтынымыз өтірік емес, осы кезде бала бос уақытын далада танертеннен кешке дейін доп қуалап немесе үйде компьютер не әкесінің ұялы телефонынан ешбір миға сыймайтын, тіпті жас ерекшелігіне сай келмейтін мультфильмдер көріп отырады, оны тіпті өзіміз де байқамаймыз, әйтеуір жыламаса, мазаны алмаса болды деп ойлаймыз, бірақ сол пайдасыз көріп отырған мультиктер немесе шағын видеоролик болсын, ойын болсын баланың санасын улап, теріс тәрбие беріп жатқанын біреуі білсе біреуі білмейді, сірә. Иә барлық ата-ана бірдей емес, кейбір ата-аналар барынша тырысып, әртүрлі үйірмелерге беріп, қолымыздан келгенше жанымызды саламыз (ауылдық жерлерде айтпағанда), алайда үйірмеге беріп қойып қарап отыру да кейде аздық етеді, одан алған білімдерін әрі қарай жетілдіру мәселесі үздіксіз күн сайын өзгеріп тұрған әлеммен бірге қатар жүрері анық. Балабақшада берілген тәрбие – барлық тәрбиенің бастамасы, түпкі негізін қалайтын орын. Алайда өкінішке орай, барлық бала әлеуметтік жағдайға немесе орынның тапшылығына байланысты балабақшаға баруға мүмкіндік жоқ, сондықтан бірден даярлық тобына келіп жататыны бәрімізге аян. Ал осы даярлық сыныптан кейін бала 1 сыныпқа өту аралығында алған білімдерін ұмытып қалып жатады. 5 жастағы баланың есте сақтау қабілеті де осы жаста енді енді қалыптаса бастайды. Сол себептен де балалардың ой-өрісін үздіксіз дамыту үшін сабақты да, бос уақытында ойын арқылы өткізудің маңызы зор ол үшін балаларға ой-өрісін дамытатын, ойлау қабілетін ұшқыр қылатын ойындар ұсыну керек.
Ойын дегеніміз – адамның ақыл-ойын дамытатын, қызықтыра отырып ойдан-ойға жетелейтін, тынысы кең, алысқа меңзейтін, қиял мен қанат бітіретін ғажайып нәрсе. Ұлы педагог В.И Сухомлинский: «Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, творчествосыз, фантазиясыз, толық мәніндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды» — деген.
Ойын – баланың кез келген пәнге қызығушылығын оятып, болжау қабілетін дамытады. Қазақ халқында «Баланы ойын өсіреді» деген жақсы сөз бар. Ал ойын не арқылы жүзеге асырылады. Әрине, алдымен ойыншық екені бесенеден белгілі. Ойыншықтардың қазіргі уақытта сан түрлісін сатып алуға болады. «Ойнай білмеген ойлай білмейді», «Ойында озған өмірде озады» деген мақалдарға сүйенсек, 5-6 жастағы балалардың біз ойын арқылы сөйлеу тілін, олардың достарымен қарым-қатынас жасауына, мінез-құлықтарының дұрыс қалыптасуына және жалпы айтқанда, қоршаған ортаны танып білуіне үлкен көмек көрсетеміз. Ойынды баланы алдаушы ретінде ғана қолданбай, ойын арқылы баланың дүниетанымын қалыптастыруға, қиялын шындауға, баланың арман тілегін, зейінін, ойлау қабілетінің дамуына әсер етуге болады.
Ойынды дұрыс таңдап, баланың өзін-өзі тануына, жеке тұлғаны парасаттылыққа, адамгершілікке, инабаттылыққа, қайырымдылыққа, имандылыққа, елінің патриоты болуға тәрбиелеу керек. Мұндағы басты мақсат – балалардың білімге құштарлығын дамыту, балалармен дұрыс жұмыс жасау, дүниетанымын кеңейте отырып, қоршаған ортаны танып білуге әрекет жасау.
Балалармен бірге қызыға ойналатын ойын түрі – желілі рөлді ойын. Ойынның рөлді бөліп ойнай білуге дағдыландыру. Бұл ойынның ерекшілігі оны балалардың өзі жасайды. Мысалы «Дәріхана», «Дүкен», «Шаштараз» ойындарын айналамен таныстыру немесе көркем әдебиет сабағында балаларымыз құмарлана ойнап жатады.
Барлық ата-аналар баламыз ақылды әрі дені сау, жақсы оқып, білім алса екен деп тілейді. Баланың ақыл-ойы мен денесінің дамуында тамаша нәтижелерге жету үшін, онымен бірге тер төгуге тура келеді. Ал бұл біріккен еңбек қиындық тудырмас үшін, оны ойын түрінде жүргізген дұрыс.
Ойын – балалардың ең сүйікті ісі, жұмысы. Ойында ең қиын нәрселерде жеңілденеді. Ұсынылып отырған материалды отбасында және балабақшасында дамыту жұмыстары үшін қолдануға болады. Балаларды дамыта отырып, олардың денсаулығын сақтау керектігін ескеріп, көбінесе таза ауада ойнап, балалармен демалысты пайдалы, мазмұңды, қызықты өткізу ұсынылады.
Балаңыз сізбен ойнағысы келіп, өтініш жасаса бетін қайтармаңыз. Ойынды өзіңіз ұсынып, қоршаған ортаны тануға көмектесіңіз. Балаңызды білгіш, мықты, тапқыр, дені сау болуға тәрбиелеңіз. Сонымен бірге, балаңызбен ойнай отырып, өзіңізде үлкен әсер аласыз, балалық шақты еске түсіріп, жасарып, балаңызды жақсы түсіне бастайсыз.
Қорыта келе, А.С.Макаренконың мынадай сөзімен аяқтағым келеді. «Бала ойында қалай болса, өскенде жұмыста да көп жағынан ұқсас болады». Келешек қайраткер азаматты тәрбиелеу алдымен ойыннан басталады.
Адиханова Жұлдыз Ғалымжанқызы
Жарық ЖОББ мектебінің
даярлық тобының тәрбиешісі