Жуырда Алматы қаласы білім басқарамасына қарасты «№ 15» бөбекжай-балабақшасында нейрожаттығулар әсері жайлы тәжірибе алмасу аудандық семинары өтті.
-Нейрожаттығулар баланың танымдық процестерін, әсіресе сөйлеу қабілетін жақсартуда ерекше орынға ие. Балалық шақта бұл жаттығулардың тигізер пайдасы мол. Нейрожаттығуларды үзбей жасау арқылы нейрон байланыстары жаңарып, ми жасаушалары жақсарып, есте сақтау қабілеті артады. Сол себептен бүгінігі семинар барысында осы жаттығуды тақырыпқа арқау етіп алдық, -деді балабақша меңгерушісі Дусалиева Айман Бейсенқызы.
Семинардың алғашқы кезеңі «Теңіз астындағы сандар әлемі» деп аталды. Балалар мен тәрбиешілер теңізге саяхат жасады. Ашық сабақ қабырғаларында балықтар мен су жануарлары бейнеленген арнайы көк түсті бөлмеде өтті. Теңіз патшасы — тәрбиеші Абаева А.С ересек «Аққулар» тобының балаларына теңіз туралы мағлұмат беріп, түрлі сұрақтар қойып, қызықты ойындар ойнатты. Теңіз патшасы балаларға: “Балық нешеу? Олар қай жаққа жүзіп кетті?” деп мысалдар келтіріп санамақ санатып, әртүрлі тапсырмалар берді. Олар әр санға арнайы жаттаған жаттауларын айтып, ақ парақты майлау әдісі бойынша сурет те салды. Саусақ, қол моторикасын дамыту жаттығуларын жасап алып, одан әрі тапсырма орындады. Теңіз жануарларын рет-ретімен орналастырып, жан-жақты күш жігерлерін салды. Осылайша бүлдіршіндер іс-әрекет сынағынан мүдірмей өтті. Теңіз патшасы қоржын толы сыйлықты бүлдіршіндерге сыйға тартып, одан әрі сапарын жалғастыруға кетті.
Жиналған қонақтар шеңбер құрып, танысу кезеңін өткізіп алып, іс әрекеттер арқылы ойындар ойнады. Аталмыш балабақшаның кіші «Қарлығаш» тобының тәрбиешісі Құралай Болысханқызы саусақ жаттығуларына тоқталды. Саусақ жаттығулары жөнінде толық ақпарат алған қонақтар, Құралайдың сөзін аса қызығушылықпен тыңдап, ойларындағы сұрақтарын қойып жауап алып жатты. Әсіресе келген жас мамандарға семинардың берген пайдасы көп болды. «Сіздерден алғаным көп, енді өз тәжірибемде қолданамын» -деді олар.
Семинардың қорытынды бөлімінде қонақтар, жүрекжарды тілектерін арнайы балық желбезектеріне жазу арқылы алтын балық бейнесін құрап шығарды. Басым көпшілігі жиынға жоғары баға беріп, өте жоғары деңгейде өтті десті.
Балабақшаның психологы Майкенова А.М., музыка жетекшісі Туребеков С.У., тәрбиешілер Сахова К.С, Жайнақ Қ.Б., жаттықтырушы Пайзиева Н.О., әдіскер Нуржикеева Б.К.
еңбектерін атамай кетпеске болмас. Семинар соңы балабақша педагогтерінің орындауындағы “Ұстазым” әнімен жалғасты.
Жұлдыз Смаилова
BILIM AINASY
Алматы қаласы