Home » Мақалалар » Алматы мемлекеттік табиғи қорығындағы қырғидың биологиясы мен экологиясы

Алматы мемлекеттік табиғи қорығындағы қырғидың биологиясы мен экологиясы

Баймұхан С.Ж.
«Алматы мемлекетік табиғи қорығы» РММ
Талғар қаласы, Қазақстан Республикасы

 

 

Аннотация Мақалада Алматы қорығы аумағындағы мекен ететін қырғидың тіршілік ету ортасы мен бақылау нәтижелері жазылған. Оң Талғар, Орта Талғар, Сол Талғар өзендерінің бойындағы ормандар мен сайларда және бас кеңсе ғимаратының жанындағы бақшада мекен ететін қырғиды бақылау барысы мен зерттеу нәтижелерінен декертер келтірілген.

Қырғи (лат. Accipiter nisus) қаршыға тұқымдасына жататын жыртқыш құс.Қазақстанда шөлді аймақтан басқа, барлық территорияда кездеседі. Оңтүстікте отырықшы. Алматы қорығы аумағында аралас жапырақты орманмен қылқан жапырақты орман белдеуін мекендейді. Қорық аумағының күнгей беткейлерінде отырықшы.

Шәулісінің қанатының ұзындығы 21, ұябасарыныкі 25 см, шәулісінің салмағы 220, ал ұябасары 340 г. Арқасы көкшіл-сұр түсті, бауырында көлденең орналасқан қоңыр жолақтары бар.Тұмсығы – көкшілдеу қоңыр. Балтыры және аяғы – сары. Аналықтары және жас қырғилардың жоны қоңыр түсті, ал жас қырғилардың төсінде көлдене жолақтардың орнына тамшы сияқты теңбілдер болады.

Сәуір айында ұшып келіп, ағаш бастарын ұялайды. Көп жағдайда ұяға 3 – 4 жұмыртқа салады, оныұябасары 35 күнге жуық басады. Шәулісі балапандарын 50 күндей қоректендіреді. Балапандары ұядан маусым – шілде айларында шығады, ұзақ уақыт бойы ұядан алыстамай маңайында жүреді. Қыркүйек – қазан айларында жылы жаққа ұшып кетеді. Қырғи ұсақ торғайларды, кемірушілерді аулайды. Күзгі ұшып кету процессі тамыз айының аяғында бастау алып, қараша айына дейін жалғасады. Ұшып кету жиілігі қыркүйек айымен қазан айының бірінші жартысына тұспа — тұс келеді.

Алматы мемлекеттік табиғи қорығы аумағында қырғи теңіз деңгейінен 1500 -2800 метр аралығындағы орман алқаптарын мекендейді. Қыс мезгілінде қырғидың қыстап қалғандары көбіне таудың күнгей беттерінде кездеседі. Қорық аумағында 2022 жылы алғаш рет, наурыз айында, теңіз деңгейінен 1500 -1550 метр шамасында Сол Талғар өзенінің күнгейіндегі Құрғақ сайының қайыңды орман арасында кездесті.

Сәуір айында Қазақстан Республикасы Зоология институтының орнитолог мамандарымен бірігіп, келісімшарт негізінде құстарды аулау барысын көріп, сақиналау, анализдерін алу процессіне қатысып қайттым.

Көктем шыға, мамыр айында Оң Талғар сайынан, ғылым үйінің жанындағы қайың орманына салған ұясын бақыладық. Құсты үркітіп алмау үшін, ұяға фототұзақ қойылмады. Осы мақсатта ұяға бақылау 2 аптада 1 рет жүргізіліп отырды. Мамыр айының аяғында аналығы ұяда жұмыртқа басты.

Маусым айының аяғында ұяда 3 балапан пайда болды. Тамыз айының екінші он күндігінде балапандар ұядан алысқа ұзамай, ауық-ауық ұшып тұрды.

Тамыз аяқтала, балапандар ұядан ұшты, бірақ ұзамай сол маңайда анда-санда көрініп жүрді.

Қыркүйек айының аяғы мен қазан айының алғашқы жартысында ұшып кете бастады.

Оң Талғар өзенінің күнгейінен қазан айының басында қырғидың аталығы кездесті. Осыған қарап, ол құстың қыстап қалатынын аңғаруға болады.

 

2023 жылдың сәуір айынан бақылау жұмыстары жүргізілді. Ақпан айында Оң Талғар өзенінің күнгейінде қыстап қалған бір аталығын байқадық. Қорық аумағында алғаш рет сәуір айының екінші жартысында Сол Талғар өзенінің бойындағы Құрғақ сайынан кездесті.

Мамыр айының екінші он күндігінде Оң Талғар сайының, ғылым үйінің жанындағы қайың орманына салған ұяда бір жұбы кездесті. Бұл ұяға былтыр бақылау жасалғандықтан, биыл бақылау тұрақты болмады.

Мамырдың 23-ші жұлдызында қорықтың бас кеңсенің ғимаратының жанындағы қарағайға ұя салғанын байқадық. Осы ұяға бақылау жасауды бастадық. Құстарды үркітіп алмау мақсатында ұяға фототұзақ қойылмады.

Маусым айының аяғында ұяда 3 балапан пайда болды. Тамыз айының екінші он күндігінде балапандар ұяның айналасынан алысқа ұзамай, анда-санда ұшып тұрды.

Бұл айда ғылым үйінің жанындағы қайың орманына салған ұяны да бақыладық. Бақылау барысында ұя маңынан қырғидың 2 балапанын байқадық.

Шілде айында балапандар ұядан алыс ұзамады. Ұяны 5 күн 3 сағаттан бақыладық. Сол уақытта құстардың ұяға 3-4 рет қорек тасығанын байқадық.

Тамыз айындағы бақылау барысында балапандар өз бетімен жемтік іздеген әрекеттерін байқадық.

Қыркүйек айында ұядан алыстап, кеңседен 700-800 метр қашықтықта жатқан бақтан қорек іздегенін байқадық. Қырғауылдың мазасызданған дауысынан қырғилардан үрікеннін аңғаруға болады. Қыркүйектің 28-ші жұлдызында кеңсе аумағында қырғи балапанының тамақтану барысын фотоға түсіріп алдық. Қырғидың соңғы кездескені де, осы датаға сәйкес келеді.

Қазан айының соңғы он күндігінде Орта Талғар мен Сол Талғар өзендерінің күнгейінен қырғиды байқадық.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.