Home » Мақалалар » Ертегілер еліне саяхат

Ертегілер еліне саяхат

Абуова Қарлығаш Алтаевна
Жезқазған қаласындағы
№ 15 «Гүлдер» бөбекжайының
І санатты тәрбиешісі 

Білім беру салалары: Қатынас

Бөлімі: Драма, Сөйлеуді дамыту

Тақырыбы: «Ертегілер еліне саяхат»

Мақсаты: Балаларға ертегілер әлеміне еніп, жақсы көңіл күй сыйлау.

Білімділік міндеттері: Балаларға қызықты тапсырмалар орындата отырып, жұмбақтар, ертегілер арқылы тілін дамыту. Ертегіні сахналау арқылы балалардың тіл байлығын, ой қиялын дамыта отырып, рөлге кіре білуге үйрету

Дамытушылық міндеттері: Диалогты сөйлеу мәдениетін әрі қарай дамыту; атрибуттарды қолданып кейіпкерлердің бейнелерін жасауын дамыту

Тәрбиелік міндеттері: Логикалық ойлауын жетілдіріп, адамгершілік тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілі: Сұрақ-жауап, жұмбақтар шешу, тапсырмалар орындау, сергіту сәті.

Оқу қызметінің түрі: Аралас оқу қызметі

Сөздік жұмыс: ертегі әлемі

Қостілдік компонент: ертегі – сказка – fairy-tale, көңілді – веселый – merry, түлкі-лиса-fox; қоян-заяц-hare;аю-медведь-bear.

Оқу қызметінің барысы: Балалар қонақтарға амандасады

Тәрбиеші: Балалар, міне бүгін бізге көп қонақтар келіпті, келген қонақтарға амандасайық

Балалар: Білер қазақ баласы,                          Всем, всем добрый день!

Сәлем сөздің анасы.                                          Гуд монинг, гоулд сан

Үлкендерге құрметпен,                                     Гуд монинг май френдз

Біздер салем береміз.

Тәрбиеші: Балалар, ерте ерте ертеде деп не басталатын еді?

Балалар: Ертегі

Тәрбиеші: Ендеше балалар біз бүгін ертегілер еліне саяхатқа шығамыз. Ертегі әлеміне бармас бұрын ондағы кейіпкерлер туралы есімізге түсірейікші.

Олардың өздеріне тән мінез құлықтары болады: ашулы, қатал, мейірімді, адал, қайырымды. Сендер қандай кейіпкерлерді ашулы деп елестетесіңдер?

(Ашық сабақтың тақтаға ілінген көрнекіліктер)

Балалар: мыстан кемпір, қасқыр, арыстан, жолбарыс ашулы.

Тәрбиеші: мейірімді, адал кейіпкерлерді атаңдар.

Балалар: қоян, мысық, әтеш, ит адал кейіпкерлер.

Тәрбиеші: ал енді балалар ертегілер еліне бару үшін ертегідегі бақыт құсына айналып, қанатымызды жайып ұшып көрейік

Ертегідегі бақыт құсын білесіндер ме? Олар кімдерге көмектеседі?

Музыка қосылып, балалар әуенмен қимыл жасайды.

Тәрбиеші: Міне, балалар, ертегілер еліне келдік.

Балалар,біз өзімізді гүлдер бағында жүрміз деп елестетейік. Гүлдер əдемі жəне хош иісті болады.Кəне, гүлдерді иіскеп көрейікші .

-Қазір жылдың қай мезгілі еді?

-Көктем айларын атаңдаршы?

-Көктем айының ерекшеліктері қандай?

-Көктем туралы қандай тақпақ білесіңдер?

Інжу: Көктем келді шуақты,

Балаларды қуантты.

Алақай-ау, алақай!

Құстар сайрап, бақтар жайнап, гүл атты.

Әлмира: Дала гүлге толыпты,

Аққу көлге қоныпты.

Алақай-ау, алақай!

Көктем қандай көрікті

Айзере: Жасыл көктем келеді,

Самал беттен өбеді.

Көкте бұлттар көбейсе,

Мөлдір тамшы төгеді.

Адина:Көктем болды алақай,

Қуанар барлық балақай

Көктемде жаңбыр болады,

Бақшаға гүлдер толады.

-Тамаша!

Тыныштық сәті: Ертегілер елі өте ғажап, айнала толы әдемі түрлі-түсті гүлдерге, жап-жасыл ағаштарға толы керемет. Ол жерде сен жақсы көретін ертегі кейіпкерлерің жүр. Солармен бірге сенде ертегі елінде жүресің. Ол қандай ертегі көзіңді жұмып елестетші? Ал енді терең тыныс алып көзімізді ашамыз.

-Қандай ертегіні елестеттіңдер?

-Кейіпкерлерді атайықшы?

-Түлкіні көрдік (сол кезде түлкі шығады)          

— Сәлеметсіңдер ме, балалар, біздің ертегі еліне қош келдіңдер!Сендер ертегі әлеміне енбес бұрын менің тапсырмаларымды орындайсыңдар ма?

-Әрине орындаймыз.

1-тапсырма: мына жерде үй қояны мен дала қояны бейнеленген. Барлығы қанша?

2-тапсырма: Әр себетте сан көрсетілген, сол сан бойынша алма жинау керек.

3-тапсырма: Суретте қандай ертегі бейнеленген, ретімен айтып бер

Түлкі көрдің бе, біздің балалар бәрін де біледі, енді мені мұқият тыңдаңдар, мен сендерге жұмбақ жасырамын.

Жұмбақтың жауабын мына суреттерден тауып тақтаға суреттерді ілеміз

1.Үйін жинап ертемен,

Мейіз тауып алыпты.

Мысығы келмеген соң,

Ол өкпелеп қалыпты

Бұл қай ертегі ( Мақта қыз бен мысық)

  1. Атай өзі салғанын

Көрді өсіп қалғанын.

Ары тартты, бері тартты,

Тарта алмады ( Шалқан)

3.Апасынан қашып кетті,

Атасынан қашып кетті,

Кездестіріп біраз аңды,

Біраз жолдан асып кетті ( бауырсақ)

4.Лақтарым, шырақтарым!

Аша қойыңдар, аша қойыңдар!

Енелерің келді-

Сендерге сүт әкелді (Бұл қай ертегіден үзінді)

  1. Неге бетін тырнамадың?! Неге таламадың?! Неге жібердің?! Неге көзін сырмадың?! Сен неге айтқанды орындамадың?! – деп қатты ашуланатын кім еді?

-Ал, сол ашулы жалмауыз кемпір қандай үйде тұрады екен, кім көрсетеді?

-Ал қоян қандай үйде тұрады?

Ендеше  қазір «Қоянның үйшігі» ертегісін  сахналап беруге сендерді шақырамын.

Қоянның   үйшігі. (орыс  халық  ертегісі)

Орманда  түлкі мен қоян өмір сүріпті.  Түлкінің үйшігі мұздан,  ал қоянның үйі ағаштан болыпты. Көктем келіп,  күн  жылынғанда түлкінің үйшігі,  әрине бірден еріп кетті. Бойы мұздаған түлкі қоянға келеді.

Түлкі:Қоян,  қоян!  Мені кіргізші,  жылынып алайын! (Жылпос  түлкі  осылай алдап-сулап, аңқау қоянның  үйшігіне  кіріп алып, ақыры оны үйінен қуып шығады).   Қоян жылап келе жатып,  иттерге  кезігеді.

Иттер:Қоян, қоян!  Не болды саған?  Соншалықты қамығып кетіпсің ғой?

Қоян: Қалай жыламаймын? Түлкінің мұз үйі еріп кетіп,  менің жылы ағаш үйімді тартып алды. Енді міне,тентіреп жүрмін.

Иттер: Жылама!  Біз оны қазір-ақ қуып шығамыз. (Иттер жиналып,  қоянның  үйіне  келеді).

Аф, аф, аф!  Әй,  түлкі,  шық қане!  Босат,  қоянның  баспанасын!

Түлкі:Аха!  Шықсам шығайын!  Бірақ,  мен  далаға шықсам, сендерге жақсы болмайды ғой!  Барлығыңды быт-шыт қыламын!-деді түлкі қорқытып. (Иттердің үрейі  ұшып кетті.  Басы аманда қашып құтылуды ойлап,  тайып тұрады). 

— «Үйі жоқтың – күйі жоқ» деген. Қоян қаңғи-қаңғи шаршап,  тағыда жылай бастайды. Алдынан аю  шығады.

Аю:Қоян-ау,  не  болды.  Сонша неге жылайсың?

Қоян:Жыламаған да қайтемін? Түлкінің мұз үйі еріп кетіп, менің  жылы ағаш үйімді тартып алды.

Аю: Жылама!  Мен оны қуып шығамын.

Қоян:Жо-оқ!   Қуып шыға алмайсың.  Иттерде  қуып  шыға  алмады.

Аю: Көресің,  қуып  шығамын  (Аю үйшіктің алдына келіп): 

Түлкі,  шық! Босат қоянның үйін! – деп ақырады.

Түлкі: Шықпаймын.  Шықсам  саған жаман болады.  Быт-шытыңды  шығарамын! – деп қорқытты.  (Аюдың үрейі ұшып кетті.  Басы аманда қашып құтылуды ойлады). 

Амалы  құрыған қоян тағыда жылай бастады.  Қараса,  жанынан алтын айдарлы әтеш өтіп барады.  Қолында күмістей  жарқыраған шалғысы бар.

Әтеш: Қоян, қоян!  Неге жылап отырсың?- деп сұрады.

Қоян:Жыламай қайтейін?  Түлкінің мұз  үйі еріп кетіп, менің жылы ағаш үйімді тартып алды.

Әтеш:Жылама!  Мен оны қазір қуып шығамын!

Қоян:Жо-жоқ!  Қуып шыға алмайсың!  Иттер қуды, қуа алмады. Аю қуды, қуа алмады.  Сенде қуа алмайсың!

Әтеш:  Жүр,  көрерсің!  Қуамын (Екеуі үйшік жанына келді.  Әтеш  қатты дауыстап өлең айта бастады)

Әтеш: Шөп шабамын, шөп шабамын!

Түлкіні іздеп табамын.

Қоянның үйінен шықпаса,

Оны да  шалғынша шабамын!

(Түлкі қорқып  кетіп: Киініп  жатырмын», — дейді.) 

Шөп шабамын, шабамын!

Түлкіні іздеп табамын.

Қоян үйінен шықпаса,

Оны да шалғынша шабамын! —   деп әтеш қайта әндете бастайды.

Түлкі сасқалақтап:  «Қазір-қазір, тонымды киіп жатырмын!» — дейді.

Әтеш әнін үшінші рет қайталай бастайды.  Түлкінің зәресі ұшып кетеді.

Аман-сауында зыта  жөнеледі.  Сөйтіп,  қоян ержүрек әтештің көмегімен қайтадан өз үйінде тұра бастайды.

 

Қорытындылау:Балалар , түлкінің істегені дұрыс болды ма?

— Ендеше балалар, ертегідегі мейірімді кейіпкерлер сияқты бір-бірімізге жақсылық жасап, түлкіге әдемі үй құрастырып берсек қайтеді

(Дайын бөлшектерден екі топқа бөлініп түлкіге әдемі үй құрастырады)

Түлкі: Сендерге рахмет, достарым, мен енді сендермен дос боламын.

-Кәне,балалар, бір-біріне ертегі кейіпкерлері атынан тілек айтыңдар

— «Мен Бауырсақпын, сендер бір-біріңді құрметтеңдер!

— «Мен Қар ханшайымымын,сендерге  сыпайы болуды тілеймін!

-«Мен жеті қазынаның бірі итпін, сендерге татулық тілеймін!

Тәрбиеші:Мен балалар,бақыт құсымын,сендерге бақыт тілеймін!!!

Тәрбиеші: Балалар ертегі сендерге ұнады ма?

Тақтада ертегі кейіпкерлерінің суреттері ілінген, бірақ олардың көңіл-күйлері әртүрлі сияқты, сендер кейіпкерлердің суреттегі көңіл-күйерін смайлик арқылы сәйкестендіріп, аңды үш тілде атап беріңдер.

Қостілдік компонент: түлкі-лиса-fox(фокс); қоян-заяц-hare(хәр); аю-медведь-bear.(бэр)

Тәрбиеші: Балалар, қараңдаршы қоян бізді көріп қорқып тұрған сияқты ендеше оның қорыққан түрін көрсетейік.

Тәрбиеші: келесі суретті қараңдаршы нені көріп тұрмыз?

Балалар: Түлкінің суретін көріп тұрмыз.

Тәрбиеші: Иә, түлкі бізді көріп таң қалып тұр. Түлкінің таңқалған түрін көрсетіңдер.

Тәрбиеші: келесі суретті қараңдаршы нені көріп тұрмыз?

Балалар: Аюдың суретін көріп тұрмыз.

Тәрбиеші: иә, балала,р аюымыз мұңайып тұр екен, ендеше қәне аюдың мұңайған қалпын көрсетіңдер.

Тәрбиеші: Балалар, бүгін сендер өте жақсы қатысып жақсы жауап бердіндер сендерге көп рахмет. Енді сендердің көңіл-күйлеріңді білгім келіп тұр. Ол үшін өздеріңе мына жерден смайлк алып бәріңе көрсетіңдер.

Осымен оқу қызметіміз аяқталды.Сау болыңыздар.

Кәнекей, балалар, шеңбер құрайық, Қонақтармен қоштасайық.

 

Қоштасу шеңбері:Қол ұстасып тұрайық,

Шеңберді біз құрайық.

Көріскенше күн жақсы,

Сау-саламат болайық.

Күтілетін нәтиже:

Біледі: берілген тапсырмаларды орындау керектігін;

Түсінеді: ойын атрибуттарын қолданып кейіпкерлердің бейнелерін көрсетуді;

Қолданады: дыбыстарды түрлі екпінде анық және дұрыс айтуды.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.