Ажмолдаева Асем Егизбаевна
Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақ ұлттық өнер университетінің
«Эстрада өнері» пәндік циклдық
комиссиясының оқытушысы
«Музыка-ойдың құдіретті көзі.
Баланың дамуы музыкалық тәрбиесіз толық ақыл-ой мүмкін емес».
В.А. Сухомлинский
«Мен бір жұмбақ адаммын» оны да ойла – деп Ұлы Абай атамыз айтқандай, әрбір тұлға – жұмбақ. Сол жұмбақтың кілтін тауып, жүрек кілтін аша білу, әрбір жүректің құпия сырын оқи білу мен қалаған мамандықтың ғажайып тылсым сыры.
Ұстаз білім мен тәрбиені қатар алып жүруі керек. «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деген халық сөзіне сүйене отырып, әрбір оқушыны жеке тұлға деп танып, шығармашылық ой-өрісі бар, талантты, қазақты әлемге танытатын мәдениетті жастарды тәрбиелеу бүгінгі күннің ең негізгі мақсаттарының бірі деп ойлаймын.
Тал бесіктегі тәрбиенің көзі ата мен анада болса, терең білім мен темірдей тәртіптің бастау бұлағы – ұлағатты ұстазда. Бала кезімнен өнерге жақын болдым, ән айту ата-анамнан дарыған, әкем ауыл келіншектерінің бетін ашатын, сырдың мақамымен жыршы, жыраулардың термелерін жатқа айтатын, құлағымызға сіңіріп өскендіктен, алма-алма ағашынан алысқа ұзамайды демекші өнерге келуіме де ата-анам себепкер болды, мектепте мерекелік іс-шараларға белсенді қатысып, облыстық «Әнші балапан», «Таңшолпан», «Айналайын» байқауларына қатысып жүлделі орындарға ие болдым.
2000 жылы он бір жылдық мектеп қабырғасынан қанат қағып Қызылорда қаласындағы Музыкалық колледжіне «Ән салу» бөліміне оқуға түсіп, 2004 жылы «Қазанғап» атындағы музыкалық колледжін тәмәмдадым. Колледж қабырғасында жүріп көптеген облыстық іс-шараларға ат салысып, көзге түсе бастадым. Диплом алып Қызылорда облыстық филормониясына әнші болып жұмысқа орналастым. Есейген сайын бала күнгі арманыма жақындағанымды түсіндім. Көптеген республикалық, халықаралық байқауларға қатысып жүлделі орындарға ие болдым.
2008 жылы Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Музыка» факультеті, «Эстрада өнері» кафедрасының «Эстрадалық ән салу» мамандығына 1 курсқа қабылдандым. Университет қабырғасында жүріп көптеген байқаулардан жүлдегер атандым, университет дамуына үлес қосып, белсенді студенттер қатарында болдым. 2012 жылы Университетті Қазақстан Республкасының еңбек сіңген қайраткері, «Эстрада өнері» кафедрасының меңгерушісі Дәулетбақ Майра Тұрлыбекқызының сыныбынан үздік дипломмен тәмәмдадым. Оқуымды тәмәмдаған соң маған «Эстрада өнері» ПЦК-сына жұмысқа қалуыма ұсыныс жасады. Әрине бұл мен үшін үлкен құрмет және ұстаз болсам деген арманым болатын, сол себепті мен ойланбастан келістім.
Міне, менің диплом алып, «ұстаздық» атты ұлы жолға түскеніме үш жыл болыпты. Ұстаз болу – жүрек жылылығын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Ұстаз білімді, еңбекқор, бала жанын түсіне алатын болса ғана ұстаздық кәсіптің шыңына жете алады деп ойлаймын. Олай болса, ең алдымен өзімді өзім танып, үздіксіз ізденіп, аяусыз еңбектенуім керек, бойымдағы бар білімді, асыл қасиеттерімді шәкірттеріме арнай білсем, олардың жүрегіне жол тауып, сан алуан мінезді шәкірттерді азаматты сүюге тәрбиелесем менің мақсатымның орындалғаны, еңбегімнің ақталғаны деп білемін.
Осы уақыт аралығында мен ұстаздарымнан соншалықты өмір көрмесем де, өмір жолымда, өнер жолымда, үйренген, білген, түйгенімді шәкірттеріме барынша үйретудемін. Шәкірттерім көптеген конкурстарда жүлделерге ие болды. Адам баласы мамандық таңдаудан жаңылыспау керек дегендей мен өз мамандығымды таңдаудан жаңылыспадым дей аламын. Сондықтан, ұстаз болу – жүректің батырлығы деп бағалауға болады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келгенде, өз пәнім арқылы ата бабамыздан бізге дейін жеткен өнерді әрі қарай өскелең ұрпаққа жеткізіп. Қазақ мәдениетін, өнерін үлкен халықаралық сахналарда ұялмай көрсететін шәкірттер тәрбиелесем деймін.