Home » Мақалалар » Мұқағали   Мақатаев – поэзия тұлпары

Мұқағали   Мақатаев – поэзия тұлпары

Ғани Аяжан Дулатқызы
Атырау қаласындағы
Үш тілде оқытатын дарынды
балаларға  арналған
№30  мектеп-гимназиясының
қазақ тілі  мен әдебиеті пәні  мұғалімі 

Кештің мақсаты:  Мұқағали Мақатаевтың поэзиясының халыққа кең таралуының мәні және оның өміршеңдігінің сыры неде екенін таныту, түсіндіру, сезіндіру, шығармашылығының музыкасымен үндесу ерекшелігін, ақынның сөзіне жазылған әндерін көпшілік назарына  ұсыну.

Дамытушылығы:  Оқушылардың өлеңге, әнге деген ынтасын арттыру, мәнерлеп оқуға үйрете отырып,   оқушылардың   жан-жақты   ойлануын,  ізденуін дамыту.

Тәрбиелігі: Оқушыларды   адамгершілікке, Отанды сүюге,  табиғатты аялауға, оларды ұмытпай есте сақтауға үйрету.

Көрнекілігі: М. Мақатаевтың портреті, кітап көрмесі, слайд (өмірі мен шығармашылығы туралы  бейнеролик), ақын-жазушылардың М.Мақатаев туралы айтқан ой-пікірлері жазылған   плакаттар.

Жоспары:

  1. «Мұқағали — мәңгілік ғұмыр»(Ақын өмірбаянына шолу)
  2. «Поэзия – жүрек тілі» (Ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқу)
  3. «Құлақтан кіріп бойды алар» (Әндерін орындау)
  4. «Жетім монологы» (Көрініс)
  5. «Жазылар естеліктер мен туралы» (Ақын жайлы естеліктер)

Кештің барысы:

Баяу музыка ойнап тұрады. Күй әуенімен жайлап Мұқағалидың «Автограф» өлеңі оқылады. Сахнада дөңгелек үстел басында ақын Мұқағали Мақатаев отырады.

Мұқағали: «Бүгін менің туған күнім, ой, пәлі-ай!», «Менің анкетам»   өлеңдерін оқиды (Өлең айтылғаннан кейін ақын сахнадан кетеді).

Жүргізуші: Әрбір әрпі қанға шомған тарихыңа қараңдар,

Отырардай опат болған қала жоқ па, жарандар?

Тату-тәтті бармысыңдар, армысыңдар, Адамдар! – деп Мұқағалидың салемдесу салтымен амандасамыз. Қош келіпсіздер, өлең сүйер, өнер сүйер қауым! Қазақтың қара өлеңін кие тұтқан, жүрегінің түбінен қайнап шыққан асыл жырларымен қалың жұртшылықтың махаббатына бөленген Мұқағали Мақатаевтың шығармаларына арналған  «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр»  атты әдеби-сазды кешімізді бастауға рұқсат етіңіздер.

Жүргізуші: Өлмеу үшін – құлқынды жемдеу үшін,

Мен-дағы өлең жазбаймын ермек үшін

«Жаздым үлгі жастарға бермек үшін,

Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін», — деп ұлы Абайдан көп нәрсе үйреніп, сөз құдіретін, сөз сарасын ақындық сезіммен қабылдап, өзі қазақ поэзиясында Абай салған соны соқпақ жолда әдеби ұлттық дәстүрді одан әрі жалғастыру жолында Абайға көбірек үңілген, «Ғасыр ақыны» атанған М.Мақатаевтың бүгін туылған күні. Осыған орай ақынды 1 минут үнсіз еске алайық!

Жүргізуші: Аламан бәйгеге оза шауып, өлең-жырда шамасына шаң жұқтырмаған ерен жүйрік, талантты тұлға Мұқағали ақынның өмір жолы әр алуан. Оны біріміз білсек, біріміз білмейміз. Олай болса, қыран тағдырлы ақын Мұқағали ақынның өмір жолынан деректерге назар аударайық.

/Интерактивті тақтадан Мұқағали Мақатаев туралы бейнеролик жүреді/

Жүргізуші: Поэзия – адам жанын тебіренткен, айтылмай, бейнеленбей тынбайтын өктем рухтың бейнесі; Ақынның өзге жұрттан артықшылығы – бүкіл болмыспен, табиғатпен табысып, кез келген кісі әсерлене бермейтін кұбылысқа тебіренетіні, кез келген кісі әсерлене бермейтін нәрседен әсерленетіні. Ендігі кезекте поэзия әлеміне саяхат жасасақ. Оқушылар  «Поэзия», «Бұлқынып жатыр», «Ана сен бақыттысың», «Өмір жайлы», «Әйелдер-ай», «Қара өлең», «Алтай-Атырау» поэмасынан үзінді оқиды.

Өлең-өнер, өлең-дерт, оны туа біткен дарын иесі, шын талант қана дүниеге әкеледі. Жүрек пен сезімнің отына орап ақ қағазға түсіреді. Сол ақ қағазда иесін тапқан әрбір сөз жүректерге ән болып, әуен болып жетіп жатады. Ақын өлеңдеріне 100-ден астам әндер жазылды. Талантты ақын Мұқағалидың көптеген өлеңдеріне ән жазылып, сахна төрінде шырқалып жүр. Ендеше, М.Мақатаевтың сөзіне жазылған «Бақыт деген» әнін қабыл алыңыздар.

Мұқағали есімі қазақ поэзиясының символына айналған ұлы ақын. Қазақтың қаншама Мұқағалидан кейінгі ақындар Мұқағали жырымен рухтанды. Өзімен-өзі арпалысқан мазасыз ақын жүрек миллион жүректі адамгершілік, суреткерлік жалын-жігерімен жылытып келеді. Енді бір сәт Мұқағалидың жыр үзінділерін бүгінгі ізбасарлары өз жүректерінен шыққан өз жалыны, өз жыры арқылы қалай аяқтар  екен?  Үніне құлақ қойып, жас толқынның шабысын байқайық.

Назарларыңызда өз жырларымен  ___ сынып оқушылары.

Жүргізуші:  Мұқағали жырлары кімнің де болса жүрегін баурап, еріксіз елітіп әкетеді. Ол ананың мұңын, әженің әлдиін, жетім-жесірдің қайғысын, ердің ерлігін, пәк махаббатты, адал достықты жырға қосты. Өзінің балалық шағына тап келген сұм соғыстың салған ылаңына куә болды. Өзі көзімен көріп, бала жүрегімен сезінген ардақты аналардың, аяулы жеңгелердің мұң-зарын жүрегін жарып шыққан жырларына арқау етті. «Жетім үні»монологы.

Мұқағали поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры туған елі, өскен жері, Отан тағдыры, замана тынысы, замандастарының арман аңсары. Мұқағали поэзиясына кезек берейік.

Оқушылар  «Жылдарым, менің жылдарым», «Өлең деген тумайды жайшылықта», «Шыда, шыда»,  «Мен таулықпын»,  «Отан»,  «Елім барда», «Үш бақытым», «Әке», «Отан туралы»  өлеңдерін оқиды.

Жүргізуші:

«Айтылар естеліктер мен туралы,

Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.

Біреулер тұлпар еді деуі мүмкін,

Бүтінделмей кеткен бір ер тұрманы.»

Иә, ақын туралы естеліктер де жазылып, лебіздер айтылуда. ___ сынып оқушылары. «Жазылар естеліктер мен туралы»

15-оқушы: «Жыр басы Қарасаздан басталған М.Мақатаев бүгінде ән болып қалықтап, жыр болып жұлдыздармен сырласып, сонау поэзия әлемінде шырқап барады» /Рза Қуандықов./

16-оқушы:  «Өлең өлмейді. Ендеше, оны жазған ақын да өлмейді. Олай болса, М.Мақатаев та көз жұмған жоқ. Қатарымызда, күнбе-күн қасымызда. Әне ол мұзбалық қыранша дүр сілкініп, бүкіл залды бір өзі толтырып, жазық маңдайы жарқырап, жалтырап жыр оқып тұр!…» /Әбділда Тәжібаев./

17-оқушы: «Мұқағали мөлдірліктен, тазалықтан, биік адамгершіліктен тұратын»/Лашын Әзімжанова/

18-оқушы:  «Қазақ халқының бір ғана Абайы болса, Мұқағалида жалғыз. Құдіретті ақынға көзі тірісінде көрсетілмеген құдіреттің, берілмеген сый-сияпаттың орнын толтырудың бір жолы, бір жөні бар: ол ақынның қисапсыз рухани қазынасын ұлт игілігіне асыруға асығу». /Ғарифолла Құрманғалиев./

19-оқушы: Болатбергенова Аяжан 5-сынып оқушысы. «Мұқағалидай ақыны болған халық – бақытты халық» /Фариза Оңғарсынова. /

Ақын мұрасы, маржан поэзиясы – мәңгілік болашақ  ұрпақтың еншісі, қастерлеп, қадірлейтін қазынасы. Олай болса, жас ұрпақтың «Мұқағали» есіміне арнаған лебізі /оқушылар әріптер алып шығады/.

М–Мұқағалидың

Ұ–ұрпаққа

Қ–қалдырған

А–аманатын

Ғ–ғасырлар

А–арнасына

Л–лайық деп

И–иіліп , бас иеміз. Барлығы бірге. Рахмет!

Артық едің аға, сен асылдардан,

Өзің жайлы шертеді сыр ғасыр маған.

Астыңа ат мінгізе алмасам да,

Өлеңіммен жасай алам бір той саған — дей келе, Мұқағали атамыздың туған күніне орай мектебіміздің жас ақыны, өз өлеңін шығарған еді. «Мұқағалиға арнау»

Жүргізуші: Иә, ұлы ақынның сезімінде, туған еліне деген махаббатында шек бар ма?! Ендеше, Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Нұрғиса Тілендиевтің  «Сарыжайлау» әніне кезек берейік. Хор.

Жүргізуші: Жылдар тізіліп өткен сайын Мұқағали ақынның бейнесі тұлғалана, биіктей түседі.  «Ғасыр ақыны» атанған Мұқағали жырлары жылдан-жылға, ғасырдан-ғасырға жалғаса бермек!  Мұқағали — мәңгілік  өмір!

Бүгінгі кешімізді  Тұманбай  Молдағалиевтің мына бір сөзімен түйіндесек дейміз: «… Жыл өткен сайын Мұқағали халық ананың жүрегіне жақындай түсіп барады, лапылдай түсіп барады. Атағы жерді жарады». Мұқағали ақынның есімі мәңгілікке өшпейді. Келесі кездескенше, сау болыңыздар! (оқушылармен бірге айтады).

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.