Home » Мақалалар » Көркем шығармашылықтағы кеңістік пен уақыт бірлігі мәселесі

Көркем шығармашылықтағы кеңістік пен уақыт бірлігі мәселесі

Жапаров Амансерік Бақытханұлы
“Шабыт”- Қазақ ұлттық өнер университеті
сурет колледжінің оқытушысы

Автор өнердегі Кеңістік пен Уақытқа байланысты қалыптасып кеткен еуроцентристік көзқарастарды сынға ала отырып,осы тақырып бойынша өз пікірін білдіреді.

Автор в своей статье подвергает сомнению укоренившийся евроцентрические взгляды на тему ”Пространство и Время в искусстве” и выражает свое мнение.

The author in his article casts doubt  rooted evrocentric views on the theme “Space and Time in ar” and expresses his opinion.

 

Эстетика тарихында өнердің түрлері кеңістіктік және уақыттық болып екі топқа топтастырылады. Осы дәстүрлі көзқарас бойынша; «сәулет, кескіндеме, сызба т.с.с-кеңістіктік, ал музыка, пантомима, балет, драма сияқты өнерлер -уақыттық болып есептеледі»[1.280]. Бірінші топтағы өнердің түрлері кеңістікте өмір сүргенімен уақыттан тыс, яғни қозғалыссыз қатып қалған «бір ғана сәтті бейнелей алады делінсе, кейінгі топтағылары кеңістіктен тыс тек уақыт ауқымында ғана дамиды» [2.29].

Ал «театр мен кино, кеңістіктік және уақыттық өнер түрлері тобына жатқызуға келмейтіндіктен оларды синтетикалық» деп атап [3.1] үшінші топқа жатқызады.

Кейбір жеке көзқарасты ұстанған өнер зерттеушілер «драмалық және музыкалық спектакль, кинофильм сондай-ақ әртүрлі театрландырылған қойылымдар мен кинетикалық өнердің түрлерін кеңістік пен уақыттық деп санағандарымен, қалған; музыка, поэзия және көркем әдебиеттің түрлерін (уақыттық) картиналар, мүсін, сурет, кілем, құмыра (ваза), зергерлік бұйымдар, сәулет ғимараттары мен олардың интерьерлері т.б. (кеңістіктік)» [3.5-6] өнердің түрлерін осы дәстүрлі көзқарас бойынша уақыттық және кеңістіктік өнер деп бөліп қарастырады. Белгілі өнер зерттеуші ғалым М.С.Каган: «музыканың кеңістікке қатынасындағы шарықтау, құлдилау, биіктік пен тереңдік бұлар тек «метафора» (ауыспалы мағынасында ғана)». Ал уақыттың ұзақтығы, ырғағы, екпіні т.б. сипаттар реалды болып табылады. Музыка өзінің образдарын реалды уақытта бейнелесе, кескіндеменің образдары кеңістікте реалды ал уақыт ауқымында ойша өрнектеледі» [4.26] деп жорамалдай келеді де «…Бұл тұста музыканы «уақыттық» ал кескіндемені «кеңістіктік» өнер деп дұрыс атайды [4.26] деген тұжырым жасайды. Орыстың белгілі ғалымы, діни-философ П.А.Флоренский («История и философия иск-ва». 2000 ж.бас., «Анализ пространственности в худ.-изобр. Произведениях» 1982 ж.бас) бейнелеу өнеріндегі кеңістіктің маңызын зерттей отырып, оны уақытқа катынасынан тыс қарастырады.

Дюбо, Батте, Дидро, Шефтсберн, Харрис, Лессинг, Мендельсон т.б сияқты XVIII ғ. ойшылдарының атап көрсетулерінше қайсыбір өнердің түрлері өзінің модельдерін көрнекті түрде бейнелеп көрсетуде «белгілерді» пайдаланатындықтан «кеңістіктік өнер» деп бағаланса, басқа да түрлері «қозғалыстың» үрдістерін жүзеге асыруда жарамды шартты белгілерді пайдаланады екен. Ондай  уақыттық өнердің түрлеріне поэзия мен музыканы жатқызады.[4.29] Кейбір өнер түрлерінің жанама түрде болса да қозғалыстың нышандарын көрсете алатындығына, ал екіншісінің үрдістерді сипаттауда заттық формалардың (елес түрінде болса да) көрнекі образдарын бере білулеріне қарамастан, бірінші топтағылар кеңістіктің ауқымында тек бір ғана сәтті бейнелей алады, өзгелері қозғалыс белгілерін біртіндей ауыстыра, кеңістіктен тыс тек уақыт ауқымында дамиды деген нық сенім қалыптасқан. Яғни, кеңістіктік өнердің түрлерінде белгілер бір-бірімен қатар орналасса, уақыттық өнерде бірінен кейін бірі тіркеле орналасқан делінеді. Осындай Уақыт және Кеңістіктік континиумды бір-бірінен ажырата жіктеу арқылы уақытты кеңістіктен, кеңістікті уақыттан бөліп қараушылық бейнелеу өнер саласындағы беделді басылымдарда жаппай орын алған. Жалпы өнер туындыларың «…көркемдік сипаты, кеңістік пен уакытқа, нұсқаға, форма шешімдеріне қатынас т.б. құндылықтары еуропалық критерийлермен бағаланып келді» [5.133] де өнердің К. пен У. қатынасы жайлы батыс ойшылдарың еуроцентристік көзқарастары бүгінгі күнде көпшіліктің санасына сіңіп кеткен.

Айналамызды қоршаған заттық әлемді, оның болмысын танудағы алғашқы және негізгі сұрақтардың бірі  Кеңістік пен Уақыт мәселесінің шынайы әлемге қатынасы мен ондағы алатын орны қаншалықты болса, оның өнердегі қатынасы мен маңыздылығы да соншалықты деуге болады. Сондықтан да әлемді түсінудегі бастапқы сұрақтардың бірі К.пен У. мәселесінің дерексіз (отвлеченный) түрде сипатталауымен өнердегі образды бейнеде кескінделуінің артық кемшілігін ажыратып айту қиын. Басқаша айтқанда өнердегі көркемдік сипаты олардың дерексіз түрде түсіндірілетін шынайы сипатымен салыстырғанда екінші ретте болуы мүмкін емес. Өнер туындыларын философия мен ғылыми тілде «сөйлету» мүмкін емес әрине, және оның қажеттілігі де жоқ. Қоғамдық сананың формалары ретінде ғылым, өнер әртүрлі салаға бөлінгенімен әлемді ұғынудың тәсілі ретінде олардың түп тамырлары бір ғана ақиқатқа негізделуі шарт. Тек шынайы пікір-тұжырымдама ғана өміршең болмақ.

Мәселені ғылыми тұрғыдан карастырғанда «Материяның өмір сүруінің негізгі формалары болып табылатын Кеңістік пен Уақыт бір-біріне тікелей байланысты категориялар. Олар бір-бірінен бөлек өмір сүре алмайды» [6.58] екен. Демек, шынайы заттық әлемдегі қандай да бір зат не құбылыс сөзсіз К.пен У. аясында өмір сүрмек. Олардың не тек кеңістікте, не уақыт ауқымында ғана өмір сүруі еш мүмкін емес. Ендеше, өнер туындыларының мысалы «музыканы тек уақыт ауқымында дамиды, ал кескіндеме образдары уақыттан тыс кеңістікте өмір сүреді” дейтін дәстүрлі пікір жалған болып шықпақ.

Дегенмен де шынайы болмыстың объективті заңдылықтарының аясынан аттап кету мүмкін еместігін түсінетін кейбір өнер зерттеушілер ол заңдылықтарды өзінің ыңғайына қарай бұрмалай отырып, жалған тұжырымдамалар қалыптастыруға бой алдырады. Мысалы, көпшіліктің санасына сіңіп кеткен кескіндеменің кеңістіктік өнер екендігі еш күмән келтірмеуі соншалық, енді оған уақытты жапсырмалауға яғни, уақыт аясында өрбітуге талпыныс «бір өтірік айтқан жан мың өтірік айтуға мәжбүр болады» дейтін қанатты сөзді еске түсіреді. (Бұл жерде біз «кеңістік болған жерді уақытта болуы тиіс» деген позициясы ұстана отырып оны қалайда дәлелдеуге тырысушылық жайлы айтып отырмыз).

Осы тұрғыда өнер теориясышы С.М.Эйзенштейн өз еңбегінде («Перспективы»,1929 ж.) кескіндеме туындыларының К.пен У. қатынасын мүлде басқа тұрғыдан, бақылаушы-көрерменнің тарапынан, кабылдау психологиясының заңдылықтарымен байланыстырады. Оның жорамалынша кейбір (мыс.иВ.А.Серов «М.Н.Ермоловтың портреті» және М.А.Врубель, П.И.Филоновтың шығармашылықтары т.б.) кескіндеме туындыларының жеке бөлшектерден тұратындықтан ол туындылар «құрақ (монтаж) түрінде құрылады» деп топшылауға болатындығын айтады. Олардың картиналарындағы жеке майда бөлшектердің салыстырмалы түрде алғанда бір-бірінен дербестіктерін мысалға ала отырып, уақыт ауқымынан тыс деп қарастырылып келген бейнелеу өнерін қабылдану ерекшеліктеріне орай уақытпен байланысты қылып көрсетеді.

Бұл мәселе XX ғ. бірінші ширегінде жаратылыс ғалымдары тарапынан айтылған сөз өнеріне қатысты кеңінен қолданылған К.пен У. ажырамас байланысы жайлы тұжырымдамаға орай қазіргі эстетика мен өнертануда карастырылып келеді. Оған кейінгі уақыттардағы өнердің жаңа түрлерінің өмірге келулері (мысалы деректі фильм не тікелей теледидарлық қойылымдар оқиғаның желісін шынайы хронотоптық түрде қабылдауға мүмкіндік береді дейтін көзқарастар) да өз әсерін тигізіп отыр.

Белгілі орыс философы, өнер зерттеушісі Бахтинның «хронотоп түсінігі әдебиетте көркем игерілген уақыттық және кеңістіктік қатынастардың маңызды өзара байланысы ретінде анықтайды» [7.1].

… Біздің пайымдауымызша, өнердегі кеңістік пен уақытқа байланысты дәстүрді көзқарас олардың ғылыми тұрғыдағы сипатталуымен сәйкес келмейді. Шынайы болмыстың объективті заңдылықтары қоғамдық сананың барлық салаларына ортақ болуы тиіс. Ендеше, өнер туындыларын кеңістіктік және уақыттық деп екіге бөлу дұрыс емес. Егер қандай да бір өнердің түрі уақыттық деп танылса ол міндетті түрде кеңістіктік, ал кеңістіктік өнер уақыттық та болмақ. Музыканың уақыттық өнер екендігі күмән тудырмайды. Оның бір ғана сәтте орындалуы мүмкін еместігі белгілі. Ол сөзсіз уақыттық өнер. Ендеше бір мезгілде кеңістіктік болуы тиіс. Біздің сезу мүшелеріміздің әр түрлілігіне орай кеңістікті сезіну тек көз арқылы емес, есту яғни дыбыс арқылы да жүзеге асатынын еске түсірейік. Материя, қозғалыс, кеңістік және уақыт бір-бірінен ажырамас өзара тығыз байланысты ұғымдар болып саналатыны қазіргі физика тұрғысынан қуатталған [6.58-59]. Жалпы салыстырмалық теориясының дәлелінше уақыттың ағымдылығы мен денелердің аралығы сол денелердің козғалысының шапшандығына байланысты. Осы төрт (биіктігі, ені, тереңдігі, уақыты) өлшемді  ғаламшардың құрылымы мен қасиеті қаптаған заттардың жиынтығынан және олардан туындайтын тартылыс күшіне орай құбылысқа ұшырап отырмақ. «Қозғалыс құбылыстың негізгі ерекшелігі болып саналады»  [7.247]. Музыка – құбылыс, оқиға. Ол дыбыс түрінде кеңістікте таралады. Жарық та кеңістікте өрбиді. Жарық пен дыбыстың жылдамдықтарының әртүрлі болуына сәйкес біздер найзағайды бірінші кезекте керіп, артынан бірнеше секундтардан кейін барып қана оның даусын естиміз. Яғни, дыбыс белгілі бір уақытта белгілі бір аралықты жүріп өтті деген сөз. Ал аралық — ара қашықтық үшінші өлшемнің бір белгісі, болмыстың объективті құрамдас бөлшегі. Көзімізді жұмып тұрып біз дыбыстың қай жақтан және қаншалықты қашықтықтан шыққанын айқын ажырата аламыз. Бұдан шығатын қорытынды тек уақыттың өнер деп танылып келген музыка, т.б, ауыз әдебиетінің уақыт ауқымында орындала отырып, кеңістікте де өрбиді.

Ал тек кеңістікте ғана өмір сүреді деп саналып келген мүсін, сәулет, зергерлік және тұрмыстық бұйымдар да заттық дүниенің құрамдас бөлшектері. Мүсіншілер арасында қатып қалған томар, қандай да бір пішінге ұқсас табиғаттағы «дайын» тастарды сол күйінде көрмеге қоя салатын бір дәстүр бар. Сәл ғана өңделіп не сырланған әлгі дүние сол мезетте көркем туындыға айналып жүре беретінін көріп жүрміз. Сонда осы кезге дейін табиғат аясында  өмір сүріп келген әлгі заттардың аяқ астынан уақыттан тыс бола қалуларын калай түсіндіруге болады. Әлде аталмыш өнердің түрлері тектес жартас, ондағы көне храмдар, ежелгі адамдар мекен еткен үңгірлер жаратылысынан «қозғалыссыз» табиғи нысандарды уақыттан тыс өмір сүреді деу керек пе?

Кескіндеме өнерінің туындысы «картина-жазық беткей. Бұл қозғалыссыз катып қалган құрылымның оптикалық жүйесімен олардың тереңдік инварианттарының кескінделуін қамтамасыз ететін, ерекше түрде өңделген жазық. Картинаның құрылымы шектеулі, яғни ол ауқымды емес. Бұл уақыттан тыс тоқтап қалған бейне құрылым» [8.380]. «Ағаш жақтауға керілген екі өлшемді кенеп – «субстрат» [9.7]. «Одан басқалары кенептің бетіне жапсырылған бояу пигменттері, яғни-материялық заттар деп жалпылауға болады» [10.273]. Демек картина әртүрлі заттардың жиынтығы ретінде реалды кеңістік пен уақыт ауқымында өмір сүреді.

Өнердің, адамдарға қуаныш, шаттық сезімін сыйлайтын, рухани ләззат әперетін сонымен қатар көкірегінде әсемдік зандылығына сәйкес өзінің нақты ісіне деген суреткерлік сезімін оятатын шығармалар тудыру арқылы адамдардың эстетикалық мұқтаждығын қанағаттандырудағы атқаратын қызметі жайлы айтарымыз, К. мен У. тек айналамызды қоршаған ЗАТТЫҚ әлемге ғана қатысты ұғымдар. «Адамның санасы мен ішкі рухани әлемі К. мен У. қатынастарының логикасы емес, мағыналылықтың логикасы үстемдігін жүргізеді. У. мен К. көз алдына келтіру, елестету осы логиканың жемісі». [11.49] Егер, өнердің өзінің табиғаты жағынан сананың құдіреті яғни, рухани еңбектің жемісі екендігі рас болса, «адамның санасындағы рухани образдар К. мен У. категориялардың көмегі арқылы ашылып көрсетілуі мүмкін емес» [11.48]. Сөзіміздің соңында өнер түрлерінің К. мен У. қатынасы бойынша жікке бөлінуі жайлы өзіміздің қысқаша көзқарасымызды ұсына отырып, бұл бастаманың әлі де егжей-тегжейлі зерттеулер мен пікір-таластар тудыратына сенімдіміз.

І-топты – “Кескіндеу өнерлері” деп ұсынып отырмыз. Олар; Кескіндеме, графика, сызудың түрлері, жазба әдебиеті, өрнек, фото т.б. Біздің пікірімізше бұлар кеңістік пен уакыттан тыс!

ІІ-топты — Қолданбалы өнер: Сәулет, мүсін, тұрмыс жиһаздары, ыдыс және ағаш, тас, темір, сүйек, теріден жасалған заттар мен әшекей-зергерлік бұйымдар, т.с.с. жатқызамыз. Бұлар Кеңістік пен Уақыт аукымында өмір сүреді.

ІІІ — Саз өнері: Музыка, ауыз әдебиетінің түрлері. Кеңістік пен Уақыт ауқымында дамиды.

1V — Сахна өнері: спектакль, пьеса, би, балет, пантомима, т.с.с. Кеңістік пен Уакыт ауқымында дамиды.

V- Экрандық өнер — (жиынтық өнердің түрлері): Кино, теледидар, бейне магнитафон, мультфильм т.с.с. Бұлар Кеңістік пен Уақыттан тыс.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Эстетика:/под общ.ред. А.А.Беляева и др — М. :Политиздат, 1989 г.
  2. В.В. Приозерский, К вопросу о принципе систематизации пространственно-временных форм худ-й деятельности. Пространство и время в искусстве. Межвузовских сборник научных трудов. Ленинград — 1988

3.Временные и пространственные виды искусства, Илья Юрьевич Шагалов7 декабря 2008, http://www.lookatme.ru/flow/posts/art-radar/58242-vremennyie-i-prostranstvennyie-vidyi-iskusstva

  1. В.Костин, Ю.Юматов, Язык изобразительного иск-ва. Изд. «Знание» М., — 1978
  2. Каган М.С. «Морфология искусства» Л., 1972; Каган М.С. Музыка в мире иск-ва.// Сов.музыка 1987 №1-3
  3. Б.Байжігітов, Өнер тарихы мен теориясы, ТОО «Универсал-Фото» Алматы-2000 ж.
  4. Философский словарь, под ред. И.Т.Фролова. М., Изд-во Полит.литературы-1980

8.Проблема единства пространства и времени в художественном творчестве, Автор: Пользователь скрыл имя, 06 Января 2011 в 16:50, реферат, https://student.zoomru.ru/fil/problema-edinstva-prostranstva-i-vremeni/7652.74147.s2.html

  1. Арнхейм Р. Искусство и визуальное восприятие, Изд-во «Прогресс» М.,-1974
  2. Гибсон Дж. Экологический подход к зрительному ворсприятию. Москва., «Прогресс» 1988
  3. Л.В.Мочалов, Пространство мира и простраиство картины, М., Советский худ-к»-1983
  4. Флоренский, История и философия иск-ва, Изд. «Мысль» М,:-2000
  5. В.В.Селиванов, Пространство и время как средства выражение и формы мышление в искусстве. В кн. Пространство и время в искусстве, межвузовских сборник научных трудов, Ленинград,1988

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.