Home » Жас қалам » Ыбырай Алтынсариннің «Атымтай жомарт» әңгімесінің тәлім-тәрбиелік мәні

Ыбырай Алтынсариннің «Атымтай жомарт» әңгімесінің тәлім-тәрбиелік мәні


Аян Жасболат,
5-сынып
БҚО, Жаңақала ауданы
Жаңақала ауылы
Жаңақала мектеп-гимназиясы
Жетекшісі: Қаршығақызы Таңшолпан

Ыбырай Алтынсариннің «Атымтай жомарт» әңгімесінің тәлім-тәрбиелік мәні

Мен Ыбырай Алтынсариннің «Атымтай жомарт» әңгімесін оқыдым. Бұл әңгіме  –  өмірлік сабақ болатын, ой саларлық құнды шығарма. Шығарма мені Атымтайдың іс-әрекеті, ақылдылығы  арқылы қызықтырды, себебі онда жомарт, мейірімді, қамқор жан – Атымтай туралы айтылады.

Атымтай – өзі есепсіз бай бола тұрып, күн сайын бір мезгіл үстіне ескі-құсқы киім киіп, отын кесіп, шөп тасып жұмыс жасайды. Себебі, осылай жасауына төрт түрлі себеп болды. Біріншісі, үнемі әдемі киініп жүрсе, кем-кетікке жәрдем беруді ұмытып кететінін, екіншіден, бар бола тұрып, жұмыс жасау арқылы кейінгілерге үлгі болуды, үшіншіден, адам баласы өз бейнетімен тапқан нанның бойына сіңімді болатынын айтса, соңғысы, кімде-кім қолындағы барын үнемдеп, қадірін білсе, дұрыс болғаны деген болатын. Міне, бұл әңгімеден біз Атымтайдың адамгершілігін, кеңдігін тани түсеміз. Оның мейірімділігі мен жомарттығы әркімге үлгі болуы керек деп есептеймін.

Атымтай кедейлерге көмектескенде, олардан ештеңе сұрамайды. Ол тек адамдардың бақытты болғанын қалайды. Мен осыдан жақсылық жасау – бұл ең маңызды іс деп түсіндім. Біз де айналамыздағы адамдарға, достарымызға, туыстарымызға көмектесіп, жомарт болуға тырысуымыз керек.

Атымтайдың мейірімділігі, адамдарға деген сүйіспеншілігі оның іс-әркекетінен көрінеді. Ол кедей адамдарға тамақ, киім беріп, олардың жағдайын жақсартады. Әңгімеде Атымтайдың адамдарға деген шынайы мейірімділігі мен қолдау көрсетуі керемет суреттелген. Мен үшін мейірімді болу – адамдармен жақсы қарым-қатынас жасау, оларға көмек көрсету, қиыншылықта қолдау көрсету.

Атымтайдың іс-әрекеті бізге үлкен сабақ болды. Біз де Атымтайдай қайырымды адам болуға тырысуымыз керек. Ол бізге «Адамдарға көмек көрсеткен кезде, өзің де бақытты боласың» дегенді көрсетеді. Бұл  әңгімені оқығанда, адамдар  көмектесуге, жақсы іс жасауға, жомарт болуға асығады деп ойлаймын. Атымтай сияқты болу, адамдарды бақытты ету – менің армандарымның бірі. Менің ойымша, адам мейірімді болса, ол өзінің де, айналасындағы адамдардың да бақытын арттырады, ерекше көңіл-күй сыйлайды.

Ыбырай Алтынсариннің «Атымтай жомарт» әңгімесінің тәлім-тәрбиелік мәні зор. Бұл әңгіме бізге жомарт болуға, адамдарға көмек көрсетіп, мейірімді, қамқор  болуға үйретеді. Қазіргі қоғамда Атымтайдай жомарт болсақ, біз де айналамыздағы адамдарға жақсылықтың нұрын шашып,  бақытты болуға үлгі болар едік. Атымтайдың іс-әрекеті – бізге үлгі, мейірімділіктің, жомарттықтың символы, өшпес мұра. «Атым шықсын десең, жомарт бол», — демекші, адамдарға жақсылық жасап жарысайық!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.