Әбдіманап Дана Қанатқызы,
Абай атындағы Қазақ Ұлттық
педагогикалық университеті,
филология институтының IV курс студенті
«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» Сәния Өскенбайқызы жайында
Ұстаздар күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын алған республика ұстаздарының қатарында мен түлеп ұшқан М.Мақатаев атындағы №140 гимназия директоры, физика пәнінен дәріс берген ұстазым — Тілеубай Сәния Өскенбайқызы да бар.
Ұстазымыз Сәния Өскенбайқызының мынадай жеті түрлі қырын ерекше атап өткім келеді. Біріншіден, басшының бойы — тұнып тұрған ізгілік. Әр оқушының тағдырына жауапкершілікпен қарайды. «Үміт артқан көзімнің нұры – балам» демекші, әр баланы нұрға балаған ол сәтсіздіктер кезіксе, шыдас беруге, мол жетістіктерге жеткенде мақтаныштан тасып кетпеуге үйретеді.
Екіншіден, өз ісіне адалдығымен ерекшеленеді. Жан-жағына нұрын шашып жүретін ол — әдемілік пен адалдықтың символы. Білімнің бала көкейіне қонуы үшін туындаған сауалдарды шешуде оқып-ізденудің қажеттілігін үнемі айтып отырады. Адалдықты тұмар етіп, әр баланың жұлдызын жағып жүрген басшы — ел алғысына бөленген тұлға.
Үшіншіден, ол — мейірімге толы жүрек иесі. Жылулық сезімі әр оқушыны ерекше баурап алады, айналаға ыстық ықыласпен қарауы жан тебірентеді, қоңырау кезінде ұстазын көре қалған оқушылар «апайлап» құшақтай алады.
Төртіншіден, адам жанына ем бола біледі. Әр баланың көңіл-күйіне қарап, сыныпқа оңтайлы ахуал қалыптастыруда ерекше шеберлік танытады. Ұжымының әрбір ұстазының отбасылық жағдайымен танысып қана қоймай, 3 000-ға тарта оқушыларының аты-жөнін жатқа білетін басшының іскерлігіне қайран қаласың…
Бесіншіден, ізденімпаз. «Жеттім, толдым деген адамның дамуы тоқтап, міндетті түрде кері кетуі басталады» деген ұстанымды ұстанатын Сәния Өскенбайқызының ең тамаша қасиетінің бірі – үнемі ізденіс үстінде жүретіні. Ақиық ақын атындағы гимназия шәкірттерінің М.Мақатаевтың кемі 30 өлең жаттап өсуіне ықпалдастық етіп отырған да — Сәния Өскенбайқызы.
Алтыншыдан, заман ағымына қарай жұмыс жасайтын, әмбебап маман. Жаңалықтарды тез игеріп, қоғамдық өзгерістерге тез бейімделеді, жаңадан жаңаны табуымен, жаңашылдықтық бастамашысы болуымен дараланады. Бұл баланың төзімді болып өсуіне де жәрдемдесері анық. Өзі физика пәні мұғалімі бола тұра құлақ құрышын қандыра ән салып, өлең оқып, шешендік өнерімен таңдандыратыны — күллі жасқа үлгі-өнеге.
Жетіншіден, Сәния Өскенбайқызы — рухани бай тұлға. Оқушыларды ұлттық құндылықтарды дәріптеуге жетелеп, бойында отансүйгіштік қасиеттерінің қалыптасуына себепкер болу жолында аянбай еңбектеніп келеді.
Ұстазым жайлы — жылы естеліктер жүректе. Аталған жеті қасиеттен де бөлек адами құндылықтары да жетерлік… Оқушы кезімізде физика пәнін апта сайын асыға күтетінмін, оған себеп — Сәния апайым. Дәл осы сабақта сілтідей тыныштық орнайтын, себебі сабақты бар күш-жігерімен тамаша түсіндіретін ұстазымыздың бір сөзін қалт жібермей тыңдауға тырысатынбыз. Физика заңдылықтарын өмірмен байланыстырып та, өлеңдерден мысал келтіріп те, тәжірибе жүзінде де көрсететін. Әрбіріміз сабақты ой елегінен өткізіп, барлық ақпаратты толыққанды меңгеріп алатынбыз.. Қазір ойланып қарасам, біз ұстазымыздың сабағында білім нәрімен сусындатып қана қоймай, 45 минутта 45 түрлі жақсы қасиеттерді бойымызға сіңірген екенбіз…
Біздер, 2021 жылғы түлектер марапаттың шын иесін тапқанына қатты қуаныштымыз! Ұстазымызды Ұстаздар мерекесі қарсаңында алған осынау құрметті марапатымен шын жүректен құттықтаймыз!