Home » Мақалалар » БИ — СЫМБАТТЫЛЫҚ САБАҒЫ

БИ — СЫМБАТТЫЛЫҚ САБАҒЫ

Үркімбаева Зердегүл Зейнуллақызы
Ақтөбе қаласындағы
физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің хореографы

Бір адам данышпанға келіп: «Әй, данышпан, маған шындықты өтіріктен, әдемілікті сүйкімсіздіктен ажыратуды үйретші, мені өмірдің қуанышына үйретші!» деген екен. Ойлана отырып ақылгөй оған билеуді үйретіпті. Себебі би терапиясының  адам өмірінде алар орны ерекше. Бұл өнер алғашында науқас адамды емдеуге қолданылған. Би арқылы емдеу идеясы әуелі Италияда, кейінірек Қытай мен Үндістанда да пайда болып, дәстүрлі медицинаға да енді. Би ауруды, бойыңдағы күйзелісті ұмытудың, өзіңді қалыпты сезінудің бір тиімді жолы деп есептейді психолог мамандар. Айтпағым, би өнері жәй ғана көңіл көтеру, ырғаққа қосылу ғана емес, ол — дене мүсініңнің, сұлу сымбатыңның, салауатты өміріңнің кепілі.
Өнер атаулының ішіндегі би өнері мектепте үйірме сағаттары арқылы танытылып, белгілі бір қызығушылығы мен қабілеті бар топтық кластарда ғана жүргізілгенімен, өзіндік тарихы терең, эстетикалық тағылымы мол арна.
Би өнерінің тарихы Орхон-Енисей жазбаларындағы, Күлтегін ескерткішіндегі нақыштардан, бертінгі замандардың жартастар сызбаларынан аңғарылып, ХVIII-XIX ғасырлардың басқы белестеріндегі қазақ жерінде болған саяхатшылар, зерттеушілер баяндарынан да табылғаны баршаңызға аян. Кеңес дәуірінде Шара апамыз бастап, Рамазан Бапов, Болат Аюханов сынды тарландарымыз классикалық қазақ балетінің негізіне арқау еткен тұстардан бері ұлтымыздың билері ерекше өркендеу кезеңдерін де бастан кешірді.
Жалпы өнер әлемінің қай түрінің де рух, жігер, күшке толы болып, адамға рухани ләззат сыйлап қана қоймай, тұлғалық бітіміне де себебі мол екені  белгілі. Оның ішінде мен «би өнері – сымбаттылық белгісі» дер едім. Мен бұл сөзді өзімнің әліппедей жинақтап келе жатқан педагогикалық тәжірибемде танып келемін, сол себепті де өз ойымды ортаға салып, көппен бөліскім      келгенді.
Мен өз сабақтарымда оқушыларға би өнерінің барлығына үлкен сахна сыйламағанымен, тұлғалық сымбат, өзгенің көзқарасының көзайымы болатын жан екенін танытатын кеңес тренингтер түрінде айтып отырамын. Оқушыларымды  көз қырымнан тастамай, қаншалықты ескеріп жүргендерін бақылап, көбіне қуанып қаламын, сосын да би өнерін өнермен қатар өмірлік орны бар дағдыдай мамандығымды, тіпті, жақсы көріп кетемін.
Жалпы көпшілік қауым биді қызықтау түрінде қабылдаса керек. Ал биді билемек түгілі қабылдаудың өзі әркімнің өмірді қабылдау қабілетіне байланысты. Биді жай ғана көру, қимыл мен ырғаққа сүйсініп қана қоя салу жеткіліксіз. Себебі би өнерінің астарында  сымбаттылық сыйымен қатар әуен ырғағын сезіне білудің өзі бәріне тән ғанибет емес. Бұған мысал ретінде тағы да тәжірибемді алға тартсам: би үйірмесіндегі кейбір оқушылар алғашқы кезден жан-жақты күрт өзгергендері (өзін-өзі ұстаулары, жүріс қимылы, тіпті психологиялық жақтары).
Биді қызықтап қана келген, шыдамсыздау, бәрін тез меңгергісі келген оқушының өзгерісі бір тәжірибе. Оның әуелі әуенді сезініп, сол әуен құшағында әр қимылдың өз құпиясын ашуда бар қимылын салып, бүгін әдемі қадамды, әлгі көп сөзден гөрі қабылдауға тырысатын жан болып қалыптасып келе жатқаны — би құдіреті. Сол оқушым «Қырмызы қыз» биінде еркелік пен наз шуағын, ұлы дала қызының даладай дархан, суындай мөлдір, тауындай өр мінезін әспеттегенде, дән риза боласың.
Мен би арқылы бітім-болмысты қандай биге қолдансам екен деп тұрамын. Әрине, би мен бишінің үйлесімділіктері туралы көп айтуға болады. Менің айтпағым,бидің сымбаттылық белгісі екендігі, оның ішінде бүгінгі күні салауатты сау дене мәдениеті жоғары тұлға тәрбиелеу міндеті тұрса, би сабақтарының да, жекелеген пәндер секілді оқушының тұлғалық қалыптасуына көп көмегі болар еді деген ойда жүремін. Себебі би өнері тек экзотикалық көрініс берумен шектелмеу керек. Биде ұлттық тарихымыз,  мәдениетіміз, салт-ғұрпымыз жатыр.
Менің осы соңғы жылдары  шетелдік сахналардағы жеңістерім осы ұлттық билер еншісімен келді. Қазақ биі бағзы дәуірлердегі қазақ жұртының аса нәзік, оралымдары оңайлықпен орындала бермейтін қимыл үлгілерін ұсынды. Бұл ұлттық байлығымызды сымбатты да өнерлі қыздарымыз арқылы қазақ өнерінің жасөспірімдер биігінде екенін танытты. Сол себептен бүгінгі ұрпақты ертеңгі күні табиғат тартуымен қатар сымбатты да өз ұлтының өнер сүйер қауымы еткіміз келсе, би сабағының да тәлім-тәрбиелік ортақ тұстары бар екендігін толықтай айғақтай аламын.

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.