Раймкулова Жанат Таңатарқызы
Қызылорда қаласы
«Педагогикалық шеберлік орталығы»
филиалының менеджер-әдіскері
Қашықтан оқыту жағдайы білім беру үдерісіне жаңа бағыттарды айқындап қана қоймай, жаңа мүмкіндіктерге жол ашып берді. Сол мүмкіндіктердің бірі – оқушылардың жеке қабілеттері мен ерекшеліктерін ескеріп, жеке қызығушылық пен танымына сәйкес жұмыс жасауға жол ашты десек болады. Қашықтан оқитын оқушыға өз қабілетін одан әрі дамытуға кеңістік пен уақыт мүмкіндігін шексіз пайдалануға жол берілді. Оқушыны ізденушілікке, өз бетінше жұмыс жасауға, бақылау мен зерттеуге, зерттеу нәтижелерін жинақтап, қорытынды жасай білуге баулу осы кезеңде қарқынды жүруі тиіс.
ҚО жағдайында оқушыны ізденушілікке баулып, ғылым мен техниканың жетістігіне ілесе отырып, өз жолдарын дәл табуға, ғылымға жетелеу арқылы өздерінің қабілеттерін ашуларына қолдау көрсетуіміз қажет.
Бүгінгі таңда ғылыми әдебиеттерде зерттеу дағдыларына қатысты түрлі жіктеулер бар. Соның ішінде ғалым А.П.Гладковаға сүйенсек, әр оқу пәні аясында оқу үдерісінде қалыптасатын зерттеу дағдыларының төрт тобын анықтайды:
- Ұйымдастырушылық-тәжірибелік (жұмысты жоспарлай білу; сұрақтар қою және оларға жауап беру; алынған деректерді түрлендіру; болжамдарды ұсыну; жалпы логикалық әдістерді қолданумен байланысты дағдылар; зерттеу нәтижелерін ұсынудың әртүрлі формаларын қолдана білу);
- Іздеу (зерттеу тақырыбын таңдай білу; мәселені көру және зерттеу мақсатын қою (мен нақты нені білгім келеді? Неге мен мұны бұлай жасаймын? Маған алған білім не үшін қажет?Мен оны қалай қолданамын?); әртүрлі саладағы білімді тарта отырып, іс-әрекет тәсілін өз бетінше ойлап таба білу; зерттеудің қол жетімді әдістерін таңдай және қолдана білу; себеп-салдарлық байланыстарды орната білу; мәселені шешудің бірнеше нұсқаларын таба білу;
- Ақпараттық (ақпарат көздерін таба білу, оларды пайдалана білу; сөйлеушіні мұқият тыңдау; анықтамалармен, ұғымдармен, терминдермен жұмыс істей білу; кез келген мәтінді түсіну және түсіндіру; символдар, шартты белгілер түрінде ақпаратты жазып алу; қорытындылар;
- Бағалау (өз жұмысын бағалау, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін анықтау; басқа зерттеуші ұсынған жұмысты бағалау; бағалау пайымдауларын, ұсынымдарын, пікірлерін қалыптастыру.
Зерттеу дағдыларының аталған топтарының қайсысын алсақ та, оқушылардың зерттеу дағдыларын зерттеуге негізделген оқыту аясында қашықтан оқыту жағдайында қалыптастыра алуымызға болады. Ендеше зерттеуге негізделген оқыту ұғымының мәнін ашу үшін оның сипаттамалық белгілерін бөліп көрсетуге болады:
1) зерттеуге негізделген оқыту — бұл ізденушілік танымдық іс-әрекет үдерісі (зерттеу, анықтау, бір нәрсені анықтау және т. б.);
2) зерттеуге негізделген оқыту әрқашан жаңа білім алуға бағытталған, яғни зерттеу әрқашан жаңа бір нәрсені білу қажеттілігінен басталады;
3) зерттеуге негізделген оқыту оқушылардың тапсырманы орындау кезіндегі дербестігін болжайды;
4) зерттеуге негізделген оқыту оқытудың дидактикалық мақсаттарын іске асыруға бағытталуы тиіс. Қашықтан оқыту жағдайында пәндік оқыту шеңберінде зерттеуге негізделген оқытудың келесі түрлерін жүргізуге болады: қатысушылар саны: жеке (дербес), топтық, ұжымдық; өткізу орны: сабақтан тыс; уақыты: қысқа мерзімді немесе ұзақ мерзімді; тақырыбы: пәндік, еркін. Осы тұрғыда оқушылардың зерттеу дағдыларын қалыптастыру үдерісінде мұғалім ғылыми және әдістемелік жоспардың сұрақтарына жауап беруі керек:
- Білім алушының зерттеу дағдыларын қалай қалыптастыруға болады? Зерттеу дағдыларын үйретуге бола ма? Осы мәселелерді нақты пәндер аясында айқындау көзделеді.
- Қандай материалды зерделеу кезінде зерттеу дағдыларын үй жағдайында қалыптастыруға болады? Ол үшін білім беру мазмұны мен оқыту технологияларын іріктеуді жүзеге асыру қажет.
- Оқушының зерттеу дағдыларының қалыптасу деңгейін қандай критерийлер бойынша бағалауға болады? Бұл белгілі бір пән аясында оқушылардың зерттеу дағдыларын қалыптастырудың өлшемдері мен деңгейлерін бөлуді қамтиды. Көптеген ғалымдар оқушының зерттеу дағдыларының қалыптасуы мен дамуын мұғалімнің зерттеу жүргізуге қатысуымен және оқушының жеке үлесімен сипатталатын зерттеуге негізделген оқытуға байланысты бағалайды. Зерттеу қызметін жүзеге асыратын оқушылардың зерттеу дағдыларының деңгейлерін бағалау критерийлерінің әмбебаптығын ескере отырып, осы іс-әрекеттің мазмұнын көрсететін жалпы зерттеу дағдыларының топтары туралы айтуға болады. Оларға мыналар жатады:
— дереккөздермен және құжаттармен жұмыс істей білу;
— анықтамалық әдебиеттермен жұмыс істей білу;
— компьютерлік іздеу жүйелерімен жұмыс істей білу;
— негізгі логикалық операцияларды жүзеге асыра білу;
— бақылау жүргізе білу;
— әртүрлі зерттеу түрлерін жүргізе білу;
— деректерді әртүрлі тәсілдермен ұйымдастыра білу;
— өз ойын сауатты жеткізе білу (пайымдау);
— зерттеу нәтижелерін ұсына білу.
Осы дағдыларды қашықтан оқыту кезінде жетілдіруге мұғалім қолдау жасаса, зерттеу жұмыстары оқушының:
- Ой-өрісі мен рухани жан дүниесінің дамуына ықпал етеді;
- Өз бетінше жұмыс жасауға үйреніп, зерттеулер жүргізуге бейімделеді;
- Ой жүйелілігі мен шешендік өнері қалыптасады;
- Танып-білу, талдау-жинақтау, салыстыру, маңыздыны бөліп шығару, өмірде қолдану әдістерін меңгереді;
- Оқыту мен тәрбиенің тиімділігі артып, оқушылардың жоғары шығармашылық деңгейін қамтамасыз етеді деген ойдамыз.