Жамбыл облысы әкімдігінің
білім басқармасының баспасөз қызметі
«Мың бала» Ұлттық олимпиадасына қатысқан жамбылдық 335 оқушының 91-і жеңімпаз атанып, үздік 1000 баланың қатарынан көрінді.
Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған ауыл оқушыларына арналған білім бәйгесіне облыс бойынша 28 507 оқушы қатысқан.
Жеңімпаздардың 33-і 5-сыныпты, ал 58-і 6-сыныпты тәмамдаған. ҚР Білім және ғылым министрлігінің квоталарына сәйкес 6-сыныпты аяқтаған жеңімпаздар оқуын «Білім-инновация» лицейлері мен «Дарын» мектептерінде жалғастыруға мүмкіндік алады.
Еліміздегі дарынды балаларға арналған мектептердің басым бөлігі оқушыларды 7-сыныптан бастап қабылдайтынын ескеріп, 5-сыныпты аяқтаған жеңімпаздар Елбасы Академиясының қашықтан оқыту мектебінде олимпиададан кейінгі сүйемелдеуге ие болды.
Елбасы Академиясында еліміздің үздік мектептерінің жетекші ұстаздары балалардың білімін шыңдауға қолдау көрсететін болады. Жобалық іс-шаралар да қарастырылған. Бір жыл ішінде қатысушылар келесі оқу жылында дарынды балаларға арналған мектептердің 7-сыныбына түсу үшін білімдерін жетілдіре алады.
Айта кету керек, қашықтан оқыту мектебінде білім алу ақысыз ұйымдастырылған.
Қатысушылардың заңды өкілдері 7170 (қоңырау шалу тегін) нөміріне хабарласып, қашықтан оқыту мектебіне қабылдау үшін қажетті ақпаратты ұсынуы тиіс.
Дарынды жас қазақстандықтарды қолдауға бағытталған Елбасының «Ел үмiтi» бастамасы аясында іске асырылған білім сайысы жыл сайын өткізілетін болады.