Home » Мақалалар » Ұлы ерлікке тағзым

Ұлы ерлікке тағзым

Алматы қаласы Жетісу ауданы
№177 жалпы білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі
Сакеева Гүлхан 
Жаманбайқызы

          9 мамыр — соғыстан оралмай қалған жауынгерлердің рухына бас иіп, ал арамызда жүрген соғыс ардагерлеріне бұрынғыдан да құрметпен қарап, олардың жауынгерлігіне және ерліктеріне тағзым ететін Жеңіс күні. Бүгінгі ұрпаққа  ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлық, жанқиярлық ерлігі мен елдіктің  рухын өрлеткен үлгі болар күн. Осынау ерлікке толы Күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек.

Биыл Ұлы Отан соғысының басталғанына 75 жыл толып отыр. 1941 жылдың 22 маусымында басталып, үздіксіз 5 жылға, яғни 1418 күнге созылған сұрапыл соғысқа Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың азаматтарымен қатар қазақстандықтар да қатысты. Соңғы деректер бойынша Қазақстаннан майданға аттанған 1 млн 200 мың жауынгердің 600 мыңы соғыстан қайтып оралмады.
Иә, миллиондаған адамның өмірін жалмаған  сұм соғыстан елге аман-есен оралғандардың қатары да күн санап сиреп барады. Менің атам, Сакеев Жаманбай, Ұлы Отан соғысының ардагері.  Қазір ортамызда болмаса да осынау қырғын соғысқа қатысып, қарша бораған оқ пен оттың ортасынан 1946 жылары аман оралған жан. Жаманбай атам қазіргі Алматы облысы, Балхаш ауданы, Қарой  ауылында  6 мамыр 1917 жылы шаруа отбасында дүниеге келген. Атам үш ағайынды болған. Үлкен әпкесі – Барқыт апам және менің әкем – Байғазы.  1936 жылы отбасын құрған. 1938 жылы әскери қызметке шақырылады. Әскери  қызметін Балтық теңізінде атқарып, ары қарай соғысқа аттанған. Сержант шеніндегі атам 1942 жылы Гатчина қаласындағы Әскери- Теңіз флотында болған.

Қызыл армия мен Әскери- Теңіз флотының сержанты,  3- ші  атқыштар рота отделениясының  командирі Сакеев Жаманбай атамыздың  басқаруымен  17 қаңтар 1944 жылы  Ленинград түбіндегі «Дитяткино» деревниясында болған кескілескен ұрыста ерлік көрсеткен.  Өзі  басқарған отделениясы фашистердің екі ұрыс алаңының көзін жойып, фашистерге екі рет шабуыл жасап, жау шебін тоқтатқан.  Осы ұрыста жауынгерлік ерлігі үшін 19 қаңтар 1944 жылы  «Ерлігі үшін» медалі берілген. Иә, сұрапыл соғыстың ауырпалығын тартқан, қасіретін көргендер қанша ма?!
1946 жылы елге оралғаннан кейін атамыз әр түрлі салада қызметін атқарды.  Жаманбай атам ауылда милиция қызметін атқарған . Куйбышев совхозында ферма  меңгерушісі және өмірінің соңына дейін Бақанас совхозы нефтабазасының меңгеруші болып қызмет атқарған. 1979 жылы 11 қаңтарда 62 жасында дүниеден өтті.

Майдангер атамның өмірі, жеңіске жету үшін көрсеткен ерлігі – мен үшін де,  ұрпақ  үшін де өнеге. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні, сол сұрапылда ерлік көрсеткен ерлер есімі мәңгілік аталып өтілуі, майдан  естеліктерімен жаңартылуы кейінгі ұрпаққа өнеге болуы қажет. Майданда да, тылда да жанқиярлықпен күреске түскендердің барлығы айрықша құрметке ие, қаза тапқандардың рухына тағзым етеміз.

«Ер бақыты ел қолында, ел бақыты ерлер қолында» — деп батыр атамыз Бауыржан Момышұлы айтып кеткендей, соғыс ардагерлері — халқына бейбітшілік пен тыныштықты, береке мен бақытты орнатқан ерлер. Бүгінгі Жеңіс күні бізді жетістіктерге жігерлендіреді, жанымызға қуат береді, қиындықтарды жеңіп, алға ұмтылуымызға көмектеседі. Ерлер есіміне тағзым ету, еске алу әр адамның парызы.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.