Маңғыстау облысы
Жаңаөзен қалалық білім бөлімінің
«мектеп-лицейі» коммуналдық
мемлекеттік мекемесінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Орынбаева Гулшат Сатдыкуловна
Мәртебелі болашақ туралы армандай отырып,
мерейлі өткенімізді де жадымызда сақтауымыз қажет.
Н.Ә.Назарбаев.
Ата-бабалар ерлігі – жас ұрпаққа үлгі. Біз – бабалары басының қадірін арттыруды, елдік, ерлік сияқты ұлттық құндылықтарымызды басты мұрат сақтаған елдің ұрпағымыз. Отаны бірдің – тілегі бір, жүрегі бір деген асыл қасиетпен, текті ұғыммен ғұмыр кешкен халықпыз. 1941 жылы соғыс деген суық хабар естілгенде ең бірінші аналардың жүрегі қан жылаған, әкелердің жүрегі сыздаған. Бар үміті, шаңырағының тірегі соғысқа кетсе, ол аман бола ма деген сұрақ іштей де жауап беруге қорқатын ана жүрегі…
Адам мен адамды, ел мен елді жақындастыратын берік дәнекер – мүдде бірлігі екені сол сәтте дәлелденді. Сан ұлыстан құралған кеңес одағының халқы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмылған жұдырықтай соғысқа аттанды. Оларды біріктірген – жеке бастың немесе жеке ұлттың қамы емес – «Отан» атты қасиетті ұғымның рухы еді. Бірлік, ынтымақ, сабырлылық, парасаттылық – халықты төрінен тұрғызып, «Отан үшін алға!» — деген ізгілік сезімге толы жүрекпен көз жастары көл болған аналарымен, қартайып, таяғына сүйенген әкесімен, көздері жаутаңдап қалған балаларымен, бесікте жатқан сәбилерімен құшырлана бір иіскеп, атқа мінді, соғысқа аттанды.
Бабаларымыздың, аталарымыздың ерлігін ұмытпау – біздің тарих алдындағы, ел алдындағы, аталар рухы алдындағы парызымыз. Білімді, біліктілер әлі де аз кезеңде жоғары оқу орнын бітіріп, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып еңбек жолын жаңа бастап, ата-анасын қуантып, жүрегі асқақ арманға толы жас жігіт – Ырзабектің жаңа бастаған ұстаздық парызын тастап, соғысқа аттанамын деген ой ойына келген бе? Өзі жаратылысынан мейірімді, бауырмал, жаны жайсаң жан болатын. Өнерге де бейім, сөзге шешендігі тағы бар. Суық хабар келген күні жас жігіттің жүрегі мұздаған. Бар әлемнің сұлулығын, әдемілігін аңсаған ақынжанды жігіттің жүрегі – енді қолыма қару ұстап, жауға кезеніп, оқ атам ба? – деп күйзелген. Ертесіне жүрегі қатайып, елге тиген жауға ызасы бекіп оянды. Анасының көз жасын, төмен қарап күйзелген әкенің жанарын көргенде іштей сұм соғысты бастаған неміс фашистеріне қаны қарайып, лағнет айтты. Үйден шығар сәтте анасының: «Балам, мен тәңірден тілегіңді әр сәтіңде , күндіз-түні тілейтінімді есіңнен шығарма. Анасы мен әкесі тілегін тілеген жанды Тәңірі өзі қолдайды, қорғайды. Мен елге аман ораламын, анама, әкеме ораламын, Отаныма ораламын деген сенімің берік болсын! Мен сенің жолыңа қарап отырамын» — деген анасының сөзі жүрегіне қайрат берді. Ана тілегі қабыл тілек болғай, мен аман ораламын, анашым! – деп артына қайырылмай пойызға мінді, жанарындағы жасты анасына көрсетпеді. Ел басына күн туса, етігімен су кешер күн басталды. Қазақ елінің мыңдаған отбасының арман үміті – ұлдарын тиеп алған ауыр состав бірден майданға жол тартты. Майдангер Ырзабектің етігінің табаны алғаш – Ленинград соғыс майданында жерге тиді. Соғыс Ырзабекті Дон, Днепр, Балтық бойларын жаудан тазартуға бастап кете берді. Табаны қалың етікпен бүкіл орыс орманын жаяу өтіп Берлинге жол алды. Соғыста да әр шайқастан кейін кішкене дамыл болатын кездер сәтінде: «Анашым менің, сенің тілегің маған оққағар болып, оқ тигізбей келе жатыр. Тәңір мені саған қуантуды, үйленіп, саған немерелер сүйгізіп, әлди айтқызуды жазғай! Тәңірім! Анамды жылатпашы, маған әкем мен анаммен жүздесуді несіп еткей! – деп күбірлейтін. Әр шайқастан аман келгенде алдымен Аллаға, одан соң ақ жаулықты анасына іштей алғыс айтатын:
Қайсы ана оққа қояр баласын,
Өзің менің қасымдасың анашым.
Әр шайқаста өзің жүріп алдымда,
Төнген оқты қағып кетіп барасың. – деп елге жолдаған хаты анасының қолына тигенін естігенде майдангер Ырзабек балаша қуанған.
Орыс орманын жаяу кешіп, қар жастанып, мұз төсенген күндер, айлар өте бастады. Майдангер Ырзабектің ойлайтын үш тұғыры – Әке, Ана, Отан болатын. Сол үшеуін қайталаудан жалықпайтын. Бір құпиясы көзі тірісі кезінде айтып кеткені:
«Әр шайқас басталарда ішімнен әке, ана біз шайқасқа аттандық, жанымда жүрші! – дейтіні өзіне төрт жыл бойы дағды болған. Ол оның өлімнен қорыққаны емес, Аман оралып, әкесі мен анасын қуанту! Оларды риза ету. Отанына, туған жеріне жетіп, сағынышын басу сияқты асқақ армандар болатын. Отан алдындағы борышын толық өтеуді армандайтын.»
Білімді, әдебиетші, жас сарбаз Ырзабектің оқығаны, тоқығаны көп болатын. Соғыс сәл дамылдаса, ойға кететін. Қасиетті де киелі Маңғыстауын сағынатын. Маң далаңа жетіп, қарт Каспийімнің жағалауында жүгіруді несіп еткей! – деп тілейтін сарбаз Ырзабек.
Жантілеуов Ырзабек – соғыс майданында зеңбіректерге барлаушы қызметінде болған. Қызметі өте қауіпті. Әскердің алдында озық жүріп, жауға таяу жүреді. Барлаушылар жаудың әрбір нүктелерін біліп, соңындағы атқыштарына бағыт беріп отырады. Оқтың атылатын нүктесін біліп, байланыспен хабарлап отыратын болған. 1943 жылдың қаһарлы қысы қаңтарда қызық оқиға болған. Кезекті барлаудан келген сәтте полковник шақыртыпты. Соғыс болып жатса да, қатаң тәртіп болса да сарбаздар қамын ойлайтын режим қатаң сақталған. Барлаудан келген сарбаз тамақтанып, ұйықтап алуына мүмкіндік берілетін. Сол күні күн де өте суық болатын. 1943 жылдың қаһарлы қысы екен. Қар қалың, қалыңдығы көкірек аузынан келеді. Оның үстіне бораны ұлығанда бет қаратпайды. Жантілеуов Ырзабек барлаудан келген бойымен полковник қайта шақырып алыпты. Сенің орныңа кететін барлаушылардың взвод командирі қаза болды, амал жоқ, тамақтануға да, демалуға да уақыт жоқ, барлауға аттан! – дейді. Әскер тәртібі команда берілгенде ешқандай себеп айтылмайды, солдат үшін заңмен тең. Ырзабек сарбаз ішін жылытар тамақ жеместен қайыра долы боранды орман ішіне қайта кіреді. Себебі, сол кезде байланыс үзіліп қалған екен. Барлаушылар Ырзабек сарбаздың басшылығымен қараңғы түн түнегіне бет қаратпайтын боранмен айқасып, кетіп бара жатады. Бұлар кеткен бойдан 10 минут өткенде байланыс қосылады. Қуанған полковник полк командиріне сарбаздарды кері қайтарың, обал болды екі тәулік тамақсыз, ұйқысыз жүру қауіпті деп жұмсайды. Рота командирі аяғына лыжа байлап төте жолмен барлаушылардың алдынан шығып, күтпеген жерден солдаттардан озық келе жатқан Ырзабекті құшақтай жығылыпты. Көзге түртсе көрінбейтін қараңғы түн, қалың орман бет қаратып, көз аштырмас долы боранда Ырзабек өзін құшақтай жығылғанды шапшаң қабылдап, қолындағы мылтығымен қағып құлатып кеудесіне мініп қылғындырмақ болғанда рота командирі атын атап үлгеріпті. Себебі Ырзабек оны атуға болмайды екен, жау таяу маңда жүргендіктен оларға білдірмей барып, орналасқан жерін өте сақтықпен анықтап, кері қайтып өз әскеріне мәлімет жеткізу тиіс. Сол үшін кезіккенді үн-түнсіз дыбыссыз өлтіретін болған. Ырзабектың қарулы қолынан әрең босаған рота командирімен бірге қайтыпты. Ертеңіне таңертең сапқа тұрғызғанда өзін не күтіп тұрғанын түсінбеген Ырзабек аты-жөні айтылғанда ортаға атып шығып:
Взвод командирі Жантілеуов Ырзабек Отан алдындағы парызын жанкештілікпен орындағаны үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапаттаймыз! – деген полк командирінің алақаны әкесі мен анасының жылы алақанындай сезілді. Әр шайқастан кейін «Дон шайқасындағы ерлігі үшін», Днепр шайқасы үшін осылайша мадақтаулар жалғаса берді. Кеудесіне «Қызыл жұлдыз» орденін таққанда аузынан ең бірінші «Отан» деген асыл сезім оралды, анасының кетерде айтқан сөзі, әкесінің өсиеті бірінен кейін бірі құлағына естілгендей. Есіне ғұлама ойшыл, шешен Цицеронның: «Адамның адамға деген барлық сезімдері, сүйіспеншілігі «Отан» деген бір сөзге біріккен.» — деген даналық сөзі орыс блиндажында жатқанда есіне түсті.
Майдангер батыр, қаламгер Бауыржан Момышұлының: Отан үшін отқа түс күймейсің. Өзі үшін отқа түскен ерлерін қайырымды халқы, Отан анасы да ұмытпай мәңгілік даңққа бөлейді. – деген сөзі еске түсті. Қазақ жігіті, Маңғыстау батыры Жеңіс туының желбірегенін Берлинде тамашалады. Қиындықтан қашпайтын Жантілеуов Ырзабекті әскери комиссариаттың бұйрығымен «Берлин қаласын тәртіпке келтіру» шарасына алып қалады. Көп ұзамай «Мәдениет, оқу-білім саласындағы қызметкерлерді елге қайтару бұйрығы шығып, 1946 жылы жеңістен бір жылдан кейін елге оралады. Сағына күткен анасына, әкесіне, тумаластарына аман қауышады. Қаламыздағы өзі еңбек жолын бастаған мектебіне қайта оралып, ұстаздық жұмысын жалғастырады. Кеудесі толы ордендерімен ел алдындағы парызын өтеген Жантілеуов Ырзабек зейнеткерлік жасына жеткенше өскелең ұрпаққа терең білім береді. Жанұя құрып, Адайдың көрікті қызына үйленіп ұл-қыздары өмірге келеді. Отбасының ұйытқысы – ардақты әке, немерелер сүйіп ардақты ата болады. Ел сенімін ақтаудан артық бақыт жоқ! – дегендей өмірден озса да ерлігі ұрпаққа үлгі болады. Адам мәңгі емес, оның істеген игі істері мәңгі дегендей қала орталығындағы майдангерлер алаңында мәңгілік тақтаға ойып жазылған Жантілеуов Ырзабек есімі ел жүрегінде. Ата есімін мәңгілік тақтадан оқып, ғибрат алар шөберелері бар. Ел үшін қар жамылып, мұз жастанған ерлерін ұмытпайтын елі бар, ел сенімін, ана сенімін, әке сенімін ақтаған Жантілеуов Ызабек есімі – мәңгілік! Ерлік – мәңгілік!