Нұр-Сұлтан қаласындағы физика-математатика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің тарих пәнінің мұғалімі
Айғыз Тұрғанбаева
Тарихи деректер бойынша Қазақстаннан Ұлы Отан соғысына 1 млн 200 мың адам қатысқан. Солардың жартысы ғана соғыстан қайтып келді. 93 мың із-түссіз жоғалып кетті.
Ұлы Отан соғысы әрбір шаңыраққа отты ізін қалдырған. Біздің әулеттің өзінде әкеміздің үш ағасы Аманбек Тұрғанбаев, Кәмелбек, Көкенсейіт аталарымыз қан майданда ерлікпен шайқасып, елге оралған.
Бүгін мен Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында анамның соғыста хабарсыз кеткен әкесі жайында сөз қозғайын деп отырмын. Семей облысы, Абай ауданы, Қызыл ту совхозы қазіргі Тоқтамыс ауылынан сұрапыл соғыс басталғанда анамыздың әкесі Жүнісов Балтабек майданға аттанады. Артында Мәнтай апамыз бес баласымен қалған екен. Менің анам осы бес баланың ортаншысы, әкесі соғысқа кеткенде кішкентай бала болған. Соғыстың алғашқы жылдарында шайқаста мерт болған әкесінің фото суреті не хаттары қалмағанын қамығып жиі айтатын. Анамыздың атын бақытты болсын деп әкесі Бақтыбала деп қойған екен. Бойжеткен анамыз Оразбек Тұрғанбаев деген азаматқа тұрмысқа шығып, 8 баланы дүниеге әкеліп, бақытты ғұмыр кешкен. Анамыз тірі кезінде әкесі жайлы есіне жиі алып, соғыста хабарсыз кеткенін үнемі сағынышпен аңсап, айтып отыратын еді. Нағашы атамыз жайлы алғашқы ақпарат тәуелсіздік алғаннан кейін «Боздақтар» кітабында шыққан болатын. «Жүнісов Балтабек – қатардағы жауынгер, Медеу ауылында 1900 жылы туған. 185 атқыштар дивизиясының 280 атқыштар полкінің құрамында соғысқа қатысып, 1942 жылы 14 тамызда қаза тапқан» – деп жазылған.
Осы ақпаратты естігенде анамыз «тірі болсам, басына бір барып, тағзым етемін» деп айтқаны есімізде. Өкінішке орай, әкесіне бара алмай анамыз да көз жұмды. Содан бері талай уақыт өтті.
Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында үлкен ағамыз Төлеген Тұрғанбаев анамыздың өсиетін орындау мақсатында нағашы атамыздың жатқан жерін нақты табу үшін балалары Азамат пен Мақпалмен бірге іздестіру жұмыстарын жүргізді. Ресей Федерациясына жазылған хаттардың жауабын бір жыл бойы күтті. Бірнеше ай бұрын Тверь облысы әскери комисариатынан нақты ресми ақпарат хат келді. Онда жауынгер атамыздың 1942 жыл 14 тамызда Смоленск түбінде қаза болып, Егорье деревнясында жерленгені туралы айтылады. Осы хаттың жауабын алғанда бүкіл әулетімізбен атамыздың жатқан жерінің табылғанына қуандық. Алдағы уақытта хабарсыз кеткен нағашы атамыздың басына балаларымен барып қайтуды үлкен ағамыз Төлеген жоспарлап отыр. Амандық болса, атамызға туған жерінің топырағын салып, тағзым етуге жолға шығады. Ал мен анамыздың аманатын орындау үшін осындай жұмыс жүргізген ағам мен оның балаларын мақтан етемін.
Сол сұрапыл Ұлы Отан соғысында миллиондаған азаматтар қолына қару алып, қан майданға аттанды, 200 мың қазақстандық қан майданнан оралмады. Оларда күткен қанша жесір, қанша жетім көз жасын төкті. Сол майдан даласында мәңгілікке қалған боздақтардың бірі – Балтабек Жүнісов.
Ендеше аталарымыздың ерлігін айту, осындай батырлардың арқасында бейбітшіліктің келгенін жеткізу– біздің парызымыз деп ойлаймын.