Home » Жаңалықтар » Хан Тәңірінің мұзбалағы

Хан Тәңірінің мұзбалағы

Қапарова Эльнара Қанатқызы
Алматы қаласы, Жетісу ауданы
№108 жалпы білім беретін мектептің
қазақ тілі  мен әдебиеті пәні мұғалімі

Хан Тәңірінің мұзбалағы

Қасиетін сезем деп ана тілдің,
 Қауырсыны қалмады қанатымның.
М. Мақатаев

Алматы қаласы, Жетісу ауданына қарасты №108 жалпы білім беретін мектепте 2024 жылдың 8 қаңтар күні қазақ поэзиясының символы Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай қазақ тілі мен әдебиеті пән  мұғалімдерінің ұйымдастыруымен «Мен XXI ғасыр ұрпақтарының құрдасымын» атты мектепішілік іс-шара өткізілді. «Барлығы да, Поэзия, сен үшін»,–деп əдебиет патшалығының ғажайып ханзадасы, поэзия пайғамбары, Хан тәңірінің мұзбалағы Мұқағалидың құдіретті өлеңдері халқының мәңгі жүрегінде. Ақын қазақ өлеңінің ұлттық бояуы мен рухын ұстана отырып, оны түрлендіре байытып,  қазақ лирикасын  озық үлгісімен әрледі.  Ақын өмірін өлеңмен өрнектеп, жырмен кестелеген әрбір өлеңі, әрбір шығармасы кейінгі ұрпақ үшін тұнып тұрған тәрбие. Әрбір оқушының жүрегін елжіретіп, сезімін селт еткізіп, жанарларының жарық оттарын жағатын жырларының тәрбиелік мәні зор.
      

Білім ордасында атап өтілген мерекелік кеш әрбір шәкірттің ынтасын арттырды. Атап айтар болсақ, ғасыр ақынының шығармашылығына арналған әдеби-сазды кеш, «Өнер жұртқа, өлең ұлтқа бөлінбейді» тақырыбында өзге ұлт өкілдеріне ұлы ақынның даналығын, өлеңдері мен әндерін, рухани асыл мұраларын ұстаздарымыз арқылы оқушыларға насихаттау мақсатында, мектебіміздегі өзге ұлт оқушылары әндерін айтып, өлеңдерін оқып, «Хан Тәңірінің мұзбалағы» атты ақиық ақын М.Мақатаев шығармашылығына арналған әдеби-сазды кеш өтті. Кештің қонағы ҚР кино қайраткері, ҚР кинематографиясының үздігі Шаяхмет Имашұлы. Кеш барысында ғасыр ақынының сөзіне жазылған әндер айтылып, өмірінен алынған көрініс те қойылды. Барлығы әсерлі және жоғары деңгейде өтті. Аталмыш іс-шара  мектебіміздің кітапханасында «Мұқағали мұрасы – құнды қазына» атты көрмесімен жалғасын тапты. Көрме барысында жоғары сынып оқушылары өздерінің арнау өлеңдерін айтып, кітапхана жұмыстарымен таныстырды. Сонымен қатар, мектептің бірінші қабатында «Өлеңмен салған өрнекті» шығармалар желісі бойынша сурет салу байқауы жүргізілді. «Поэзиялық үзіліс» жыр қоржынынан жатқа өлеңдер оқу бойынша мектеп оқушыларымен  эстафета жүргізілді. Қоржыннан таңдалған өлең үзінділерін бірден жалғастырып, мектеп оқушылары өз тапқырлықтарын көрсете білді.

Ақын жаңа ғасыр қақпасын ентікпей, еркін ашып, жаңа мыңжылдық айдынына шығып отыр. Қанша жыл өтсе де, тау ұлының өнеріне деген құрмет сарқылар емес, Мұқағали   өлмес өлеңдерімен мәңгі өрлей бермек.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.