Еліміздің үш өңірінде өткен республикалық (желілік) пәндік олимпиада нағыз мықты мен шын білімдіні анықтауда дәстүрлі білім алаңына айналды. 800-ге жуық зияткер екі күн бойы өзара бақ сынап, білімдерін ортаға салды.
Нұр-Сұлтан қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінде екі күнге ұласқан желілік олимпиада аяқталды. Екі турдан тұрған білім додасында үздік зияткерлер Қазақстан тарихы, Адам.Қоғам.Құқық, математика және физика пәндерінен өзара сынға түсіп, озық ойлы оқушылар білім биігінен көрінді. Оқушылардың білімін сарапқа салып, қабілеттеріне әділ баға берген қазылар алқасының шешіміне сәйкес 12 оқушы – 1 орынмен, 23 оқушы – 2 орынмен, 30 оқушы – 3 орынмен марапатталды.
Олимпиада қатысушысы, Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Санжар Қуандық байқаудан алған әсерімен бөлісті:
– Желілік пәндік олимпиадаға қатысу мүмкіндігіне ие болғаныма қуаныштымын. Себебі бұл әр оқушының өмірінде үлкен тәжірибеге айналары анық. Өзге Зияткерлік мектептерден жаңа достар тауып, бұрынғы достарыммен кездестім. Барлығымыз үздік болуға талпынып, үміт күтеміз. Дегенмен, мен өз нәтижеме ризамын. Олимпиада тек үздіктерді анықтап қана қоймайды, оқушыларға жігер беріп, қайсарлық пен мақсаттылыққа бағыттайды. Сол үшін де мұндай білім бәйгелері оқушы дамуының негізгі шарты болып табылады.
Шымкент қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде тілдік пәндер бойынша өткен желілік олимпиадаға қатысушылар қазақ, орыс, ағылшын, неміс, француз тілдерінен алған білімдерін көрсетіп, жоғары балл алуға талпынды. Қазылар алқасының айтуынша, жыл сайын олимпиада сұрақтары мен тапсырмалары өзгеріп отырады. Тапсырмалар оқушының логикалық қабілетін анықтауға, жан-жақты бағалауға бағытталады. Қатысушылардың дайындығы өте жоғары, бәрі жүлделі орыннан үмітті.
Шымкент қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы, олимпиада қатысушысы Давлат Асанбаев білім додасы жайындағы ойымен бөлісті:
— Желілік олимпиадаға бұған дейін 9 сынып оқып жүргенімде қатысып, бірінші орынға ие болдым. Биыл тағы да бағымды сынап, қазақ тілі пәнінен қатысудамын. Алғашқы күннің қорытындысы бойынша ең жоғары нәтиже көрсеттім. Екінші кезеңнің тапсырмаларын түгел орындап, сұрақтарға да толықтай жауап бердім. Өткен жылы олимпиадаға қатысқанымды ескерсек, жинақтаған тәжірибемнің көп пайдасы тиді, – дейді.
Нәтижесінде 14 оқушы – 1 орын, 30 оқушы – 2 орын, 37 оқушы – 3 орынға ие болып, арнайы дипломдармен марапатталды. Ал жүлде саны бойынша ең үздік нәтиже көрсеткен Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары командалық есепте бірінші орынға қол жеткізіп, «Ең үздік олимпиада тобы – 2020» номинациясының иегерлері атанды.
Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде қатысушылар жаратылыстану бағытындағы информатика, химия, биология, география пәндері бойынша білім таластырды. Биылғы желілік олимпиаданың бір ерекшелігі, оқушылардың білімін бағалаушы әділ қазы алқаларының құрамын НЗМ түлектері мен олимпиада жеңімпаздары толықтырды. Комиссия құрамындағы бұл жаңашылдыққа оқушылар да оң пікір білдірді.
– Мен біздің нәтижелерімізге мектебіміздің түлегі, Гарвард университетінің студенті Селимжан Чалышканның баға беретініне қуаныштымын. Өйткені ол олимпиаданың ішкі құрлымын жақсы біледі. Бір кездері білім бәйгесіне бірге дайындалғанымыз есімде. Кейінірек, Селимжан бізді олимпиадаға дайындаушылардың бірі болы. Оның бұл процесске өз үлесін қосатынына сенімдімін», – дейді Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Кудайберген Бейсембаев.
Республикалық (желілік) олимпиаданың салтанатты жабылуында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ дамыту департаментінің директоры Гульфарида Раисова сөз алып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттарымен құттықтады:
– Сіздер барлықтарыңыз біз үшін жеңімпазсыздар. Оқушыларға, ұстаздарға, ата-аналарға үлкен алғысымды білдіремін. Осы күнге жеткізген еңбектеріңіз ұшаң- теңіз. Біздің түлектеріміз әлемнің әйгілі «Лига плюща» университеттер қауымдастығын бағындырып жатыр. Сол жеңістер, жетістіктер осы жерден басталады. Біз сіздерге сенеміз.
Қазылар алқасының нәтижесі бойынша информатика, география, биология, химия пәндерінен өткен желілік олимпиадада 12 зияткер — 1 орынды, 23 оқушы – 2 орынды, 41 оқушы – 3 орынды еншіледі. Жаратылыстану бағытындағы пәндерді қамтыған білім бәйгесінде бірінші орын көрсеткіштері бойынша ең жоғары нәтиже көрсеткен Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі «2020 жылғы үздік команда» атағына ие болды.
Мектеп қоржынына жүлделі бірінші орын салған химиядан олимпиада жеңімпазы, НЗМ командасының халықаралық құрама мүшесі, XXVI «TUYMAADA» халықаралық олимпиадасының күміс жүлдегері, Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Бексултан Акильбеков қуанышымен бөлісті:
– Желілік пәндік олимпиадаға екінші жыл қатарынан қатыстым. Бұл мен үшін баға жетпес тәжірибе болып табылады. Деңгейімнің өскенін байқадым. Тапсырмалар мен сұрақтар қатысушылардан жан-жақты дайындықты талап еткенін байқауға болады, – дейді.
Сандуғаш Кожина,
«Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектеп»
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім
беру ұйымы филиалының баспасөз хатшысы