Жахина Гаухар Жаксылыковна
Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасы
«№68 мектеп-гимназиясы» КММ
қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі
Тарихымыздың ескерткіші ретінде жіп-шырғасы бұзылмай бізге жеткен жер-су атауларының қалың көпшілікке түсінікті де ұғымды кітап болып қалуының себебі – ол атаулардың ата-бабаларымыз тарапынан шебер, анық та түсінікті етіп, поэзия тіліне бергісіз көркем де бейнелі берілуінде. Белгілі жазушымыз Әбіш Кекілбаевтың «Көшпелі қауым ұлдарына қоймаған жақсы аттарды жерлеріне қойып баққан…» деуінің де жаны бар сөз. Мәселен, көл жағасымен жүргенде су иірімінің толқуынан құрқ-құрқ етіп шиыршық атып жататын дыбысына байланысты Құқұлдақ деп қойған көлдің (Ақмола обл.Қорғалжын ауд.) атауында қаншама сыр сезім жатыр. [Бақбергенов С. Алтын адам. Алматы. «Жазушы», 1985,20б]
Қорғалжын жерінде Біргебай Кемелұлы деген ақын 1903 жылы осы өңірдегі №6 ауылда туған. «Қорғалжын» деген толғауында мынадай шумақтар бар:
«Құралып «қоры қалың» деген сөзден,
Атанып қорғалжын көл сонау кезден.
Ертеде дана атадан баға алған,
Асан қайғы қария – жапан кезген». Осы шығармада ақын Қорғалжынның балығы мен құсы таусылмайтын қоры қалың өңір екендігін айтады. Осы «қоры қалың» сөзінен Қорғалжын атауы пайда болғандығын жеңіл ұғындырады. Тіпті «Ертеде дана атадан баға алған» деп оқырманың Қорғалжын туралы Асан қайғы не айтып еді деген ойдан-ойға жетелеп толғандырады.
Жер-су атаулары ұлттық мәдениеттің көрнекті саласы екендігін әлі толық нұсқасы осы күнге дейін зерттелмей келе жатқан Үлебай Әнетұлының «Қорғалжын туралы» өлеңінде жер-су, сай, жар аттары көптеп кездеседі. Географиялық нысандардың сипатына қарай: «Үлебай ақынның «Қорғалжын туралы»деп аталатын мына бір ұзақ өлеңінің топонимикаға (жер атауларына) қатысы бар жерлерін беріп отырмыз». [Қорғалжын-90 жыл, 289б]
Үлебай Әнетұлы Қорғалжын өңіріндегі Өркендеу деген жерде 1879 жылы дүниеге келген. Кейін ол жерде «Амангелді»совхозы құрылған. Осы жерден солтүстік-батысқа қарай «Үлебай тұрған»деген жер атауы да бар. Ал ақынның өлеңдерінде өз туған жеріне, еліне деген сүйішпеншілік махаббаты, адалдық, кедейлік шаруадан қиын қыспақ қөрсе де мойымауы, жүрегін таза ұстауымен ерекшеленеді. Өлең тілі мен еш қоспасыз жинақы тілге жеңіл келеді. Бұл Қорғалжын өлеңінде 170 жер-су атауы бар. Жер-судың атауын орын-орнымен яғни орналасқан елді мекен жер-көлді сөз оралымында орынды қолданған. Мысалы ақын өз өлеңінде:
Бір мәселе сөйлейін, тыңдаушыға жараса,
Білмегендер бір елі – білгендерден аласа.
Тұлпардын жабы өза алмас, екі жақтап сабаса,
Сұңқар құсқа түк етпес, айналдыра қамаса,
Басыңа бақыт қонады, халық аузыңа қараса -деп ауыз әдебиеті, нақыл сөздермен бастап елді сөзге тоқтата білген ақын екендігін сездіреді.
Болады сөйлеп берсем сөзім дайын,
Дарияның тауып өтем терең сайын.
Халайық, құлақ салып тыңдаңыздар,
Сөйлейін білгенімше жердің жайын.
Бұл жерге тоқтатайын бұның атын,
Әркімге мәшһүр болсын жазған хатым.
Азамат құлақ салып тыңдаңыздар,
Сөйлейін мұнан кейін жердің атын, — деген өлең жолдарында ақынның Қорғалжын өңірінің сай-сала, өзен, көл-жерлерін және жердің атын жіті білетіндігі байқалады.
Қожакөл, Қоңыр түбек сөз басында
Шұңқыркөл, Тайшыбайдың тұр қасында.
Жалтыркөл, Ақсирақты және Қоскөл,
Боқы тұр Қара судың жылғасында. .[Қорғалжын 289б]
Біз бұл өлеңнен жер-су атауларына қатысты бар жерлерін (47 тармақтан ) бірнеше ғана тармақты алдық:
Жонсуда, жол үстінде – Бесбидайық,
Қой, түйе жаюына болды лайық.
Шұбыра, Қаратомар қарсы алдында,
Қарауыл қора салдың қанат жайып, — деген ақын Жонсу мен Бесбидайықтың төрт-түлікке жайлы жайылым екендігін, ал Шұбыра мен Қаратомарда Қарауыл руының қоңыстануын білеміз.
Егінді, Шұңқырменен – жайлау көлім,
Айырды соқамен сары белін.
Қап алып – қабағынан тарысының,
Ақшасыз сол тарыдан іштік тегін, — деп Егінді мен Шұңқыр көлді ауылда тың игерудің алды яғни егіншілік кәсібі соқамен жер жыртылып иелікке берілгенінен хабар беріп, ақшаның қолданысқа енгендігі айтылады. Түсіндіруді қажет ететін «қадағ- қадақ» сөзі кездеседі.
Алакөл, Шаңдыкөлмен-Ағыс жері,
Қиыннан қиыстырар ердің ері.
Алдында сарымсақты, Әупілдекті,
Төсқияқ мұңарланар сары белі, — деп Ағыс руы мекен еткен жерді атап, және елге кеңінен таңымал «Әупілдек» көлі айтылған.
«Әупілдек» сөзі Дарабайқызы Дәмештікі, әнін жазған Мырқамбетов Мақажан екен.
Қамысы әупілдектің мүше-мүше,
Сарғайдым осынау көлдің суын іше.
Қосқанат құсқа біткен маған бітсе,
Барар ем жан қалқатайға әлде неше.
Әупілдек қамысы көп, киелі жер,
Жайлаған аң мен құстар көрікті бел.
Панасы маған тиер болмаған соң,
Көзіме көрінеді қазылған көр.
Көлбай мен Дарабайдай аталарым,
Берген еді ата-бабам баталарын.
Жұт болған аз уақытқа шыдай алмай,
Орнына малдың сатып жазаладың, — деп қазақ жерін жұт жайлап Дарабай жалғыз перзентін пішенге сатып жібергені, еріксіз кеткен басынан өткізген өмірі туралы қағаз бетіне түсіріп немере ағасы Мақажанға береді. Дәмештің сауатты болғаны және қоғамда әйел теңсіздігі, басыбайлығы анық айтылады. Мақажан қарындасының қорлықта өткізіп жатқан өміріне басқа көмегі болмай, жазылған өлеңге ән шығарып елге таратып жібереді. [ «Әупілдек» және «Кәмилә» әндерінің тарихы,2017ж,-36б]
Аржағы Қалмырзаның жалпақ дала,
Қызылүй, Ақтан сайы бір арада,
Қылыштың Түгіскейі тұрған жәнә.[І, 5].
Ащыкөл, Тұщыкөлмен, Қызылқурай,
Жағасы жайылуға малына жай.
Сыртынан Кішкентай көл жол шығады,
Тоғанас, Шолақарық тұрған былай.
Немесе
Қорғалжынның атағын дүйім жұртқа машһүр еткен «Мәриям Жагорқызы» әнінің орны ерекше. Ақынның әніндегі Ащыкөл мен Тұщыкөлді көргісі келмейтін адам сирек .
Ащыкөл, Тұщыкөлдің арасы бір
Басыңа камшат бөрік жарасып түр
Дудар-ай, келер болсаң тезірек кел
Орнына орыс-казак таласып жүр. -деп жырласа, Ермек Өтетілеуовтің көк аспандағы туылған айдың әсемдігін айтқанда көз алдында әсем көркем бейне көрінеді. «Дударай» әні танымал халық арасына тез таралған ән.
Көгінде әсем туған ай,
Көлдері көп көгілдір.
Әнін шырқап «Дударай»,
Мәриям өскен бұл өңір.[Шағырақ ,Астана-2016,-15б]
Халқымыздың аяулы азаматы Құлтума ақынның өзінің «Құлтума дастанының бірінші бөлімі» жинағына қазақ ақын-жырауларының біршама өлең, жыр, толғауларын енгізіп, ондағы жер-су, ру, адам атауларына түсінік береді. Топонимдер Қорғалжынның өлкесінде көбірек кездеседі екен. Мысалы,
Шоңның қараағашы, Айнабай көлі.
Қара атты қақпа бұзып алғанымды.
Өнері артық ерлермен жолдас болып,
Тарқаттым көңілімдегі арманымды… [Қорғалжын.227б] деген шумақта өтіп жатқан оқиғаны нақты қай жер-көлді мекенде екендігі айтылады.
Жер-көл туралы еліміздің кез келген өңірінде осындай шығармалар көптеп кездестіруге болады. Жалқы есімнің тууы да, қалыптасып дамуы да тарихтың қойнауында өтеді. Халықтың күн көрісіне, оның материалдық және рухани дүниесіне, тіліндегі атаулардың байырғыларына немесе өзге тілден ауысып келгендігіне байланысты жалқы есімдер қалыптасады. Жер-су атаулары, әсіресе, көне атаулар тарихи ескерткіштер іспеттес. Өйткені онда өткен дәуірдің әлеуметтік жағдайы, тұрмысы, тілге, дәстүр-салтқа, кездейсоқ оқиғаларға қатысты және этнографиялық ерекшеліктері, ең негізгісі сол кезеңдегі жер-су атаулары- тарихымыздың тірі
куәсіндей тілдің қалпы көрінген.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Бақбергенов С. Алтын адам. Алматы. «Жазушы», 1985,20б
- Әупілдек» және «кәмилә»әндерінің тарихы,2017ж,-36б
- «Қорғалжын»90 жыл, -Астана: 2018ж. 90-227-289б
- Қазақ әдеби тілінің сөздігі. I том.-Алматы: «Дәуір», 271б
7. Шағырақ .-Астана: 2016,-15б