Home » Жаңалықтар » Тәжірибе таратуға арналған кезекті семинар

Тәжірибе таратуға арналған кезекті семинар

   Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде тәжірибе тарату бойынша кезекті семинар өтті. Семинарға Семей қаласындағы жетекші, қалаға қарасты елді-мекендердегі, Бесқарағай ауданындағы Борас және Көкпекті ауданы, Үлгілі малшы ауылындағы Абай атындағы орта мектептердің мұғалімдері қатысты. Бұл жолғы семинарда барлық пәндер бойынша 2019-2020 оқу жылының 3- ші тоқсанына арналған оқу жоспарын вертикальді және горизонтальді жоспарлау, сонымен бірге бөлім бойынша жиынтық бағалау және тоқсандық жиынтық бағалауды жоспарлау, бөлім бойынша негізгі ресурстар, қалыптастырушы бағалаудың негізгі міндеттері жайлы айтылды.
Семинар барысында мұғалімдер бағдарламалардың ерекшеліктерін, оқыту мен оқытудың жаңа тәсілдері мен әдістерін, критериалды бағалау жүйесінің ерекшеліктері мен қолданылуын талқылады. Бұдан бөлек, жетекші мектеп директорлары орынбасарлары мен білім бөлімінің әдіскерлеріне арналған секция жұмыстары ұйымдастырылды. Оның барысында екінші жартыжылдыққа арналған жұмыс жоспары және жетекші мектептерде жаңартылған білім беру мазмұнын іске асыру мониторингі талқыланды.
            Семинар барысында мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен сынып жетекшілері үшін Зияткерлік мектептің тәрбие саласында жүзеге асып жатқан түрлі жобалар,  атап айтқанда «Қоғамға қызмет ету» жобасы жайлы нақты ақпарат беріліп, ұзақ мерзімді бірлескен жоспар жайы талқыланды. Енді осы жоспардың аясында әр білім мекемесінің ұстаздары оқушылар бойына патриоттық сезімді сіңіру бағытындағы жұмыстарды жандандыратын болады. Сонымен қоса қаламыздағы  интернат тәрбиешілеріне арналған секция жұмыс жасады. Бұл жерде сабақтан тыс уақыттағы бала тәрбиесіне қатысты нақты іс-тәжірибелер көрсетілді. Бұл ретте мектебіміздің жатақхана тәрбиешілері өз білгендерін ортаға салды.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
 Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.