Абжапар Наурызбай Серікұлы
№102 ЖББМ Информатика пәні мұғалімі
Қазақтың ұлттық ойындарының бірі – асық ойыны. Бұл ойын ертеден мал шаруашылығымен айналысқан ата-бабаларымыздың қолданысында келе жатқан көне ойын түрі. Ерте кезде әр қазақтың балалары мен жастарының бас қосуының негізінде асық ойыны ойнатылатын. Асық ойыны баланың жастайынан ой-қабілетін шыңдап, дәлдікке, ептілікке, ширақтылыққа, ұстамдылыққа, алғырлыққа, сыйлыстыққа тәрбиелеген. Ерте де ата-бабаларымыз асық ойынын балаларына жас кезінен бастап үйрете бастаған. Тіпті сәби дүниеге келмей жатқанда, жас нәрестенің ойнайтын асықтарын жинаған. Асық ойындары тек қана қазақ халқына ғана таныс ойын түрі емес. Бұл ойынды Орта Азия халықтары, оның ішінде өзбек, қырғыз, тәжік ұлттары да әлі күнге дейін ойнап келеді. Асық ойындарының тәрбиелік мәні зор. Асық ойыны ептілікке, мергендікке, шапшаңдыққа, сергектікке баулиды. Асық ойындарының көп бала болып ойналатын түрі әрбір жас баланың намысын қайрап, жеңіске деген талпынысын арттырады. Асық ойынында үнемі отырып-тұру, жүрелей отыру, тізені жартылай бүгу, жиырылу, ширығу жас балалардың денесін шынықтырып, аяқ-қолдағы буын ауруларының алдын алады. Қазақтың мақал-мәтелі де, аталы сөзі де асыққа байланысты құрылып, күнделікті байланысқа түсті. Одан өрбитін сөз де, мақал-мәтел де жеткілікті. Мысалы, қазақта «Асығың алшысынан түссін» деген ізгі тілек бар.Ол сәті түсіп,жол болып тұрғандығын білдіреді. Сондай-ақ халықтың «Қой асығы демеңіз, қолға жақса сақа тұт, жасы кіші демеңіз, ақылы асса аға тұт» дегеніне түсінген адамға астарында үлкен мән жатыр. Осы орайда Республика бойынша «Төрт тоқсан – төрт өнер» жобасы аясында 2-ші тоқсан бойы барлық мектептерде «Алтын сақа» ұлттық ойыны өтілуде. Бұл ұлттық ойынды ұйымдастыруда біздің мектепте шет қалған жоқ. 2-ші тоқсанның басталуы «Алтын сақа» ұлттық ойынының ашылуымен басталып, тоқсан бойы жалғасын тапты. Осы бағдарлама негізінде мектептің барлық сыныптарында түрлі мерекелік іс –шаралар өтілді. «Асығын ата алмаған,сақасынан көреді» асық ату ойыны, «Оқығанның асығы алшысынан түседі» ителектуалды ойын, «Бір қалта асық» асық ату ойыны, Шік түсті, Бүк түсті, Алшы түсті, Тәйке тұрды, Омпа тұрды- бұл не? ұлттық спорттық жарыс ойыны өтілді. Одан бөлек асық туралы көптеген мәліметтер оқушыларға берілді. Асық түрлерінің аталуы мен оны иіру түрлері оқушыларға тың мәлімет болды. Оқушылар түйе асығы – бунасын,жылқы асығы – қидасап,сиыр асығы – топай,қой-ешкінікі – кеней, киік асығы – кигат, арқардың асығы – қоңқар,қасқыр асығы – бунақ болатынын білді. Алдағы уақытта естерінде сақтайтындықтарын айтып және таңқалыстарында жасырмады. Осы «Төрт тоқсан- төрт өнер» жобасы аясында өткізілген іс –шаралардың арқасында оқушылар асықтың түрлері мен асық ойынының тәрбиелік мәні мен пайдасын,бұл ойын балаларды тек мергендікке ғана емес, сонымен қатар есепке де үйрететіндігін түсінгендей болды. Асық ежелден келе жатқан ұлттық ойынымыз болғандықтан, оны қазіргі кезде ойнауды балалар арасында кең таратуымыз керек сияқты. Ұлттық ойындарды дәріптеу біздің борышымыз деп білемін!