Мухашева Айсулу Лагербаевна
Маңғыстау облысы
Түпқараған ауданы
Ақшұқыр мектеп-лицейінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
(Шығарманың оқиға желісін сақтай отырып, VІІ көрініске құрылған сахналық қойылым)
Қатысушылар :
Жолаушы: Қаниев Марат
Жолаушы: Арғын Қосай
Нұрет бай (Шынардың әкесі): Оспанов Шерхан
Жансерік (Шынардың ағасы): Әділханов Нұрсұлтан
Шынар: Өтегенова Алтынгүл
Алдан (Шынардың сүйгені) : Арғын Қосай
Ақтамақ (Қыздың жеңгесі) : Жаңабергенова Мейрамгүл
Бекен (Алданның нағашысы) : Қаниев Марат
Наркүміс (Алданның анасы): Ермекбаева Гүлден
Ауыл әйелдері: Байекеева Рысгүл, Жаңабергенова Мейрамгүл
Жұмабай: Оспанов Шерхан
Мидар: Қаниев Марат
Ауыл адамдары (көпшілік еркектер, әйелдер)
Сахна сыртынан (Қосай): Шын ақынға проза жазу жат емес. Ақын жазған проза ақ өлең сияқты, қара сөзден балқыған күміс тамшылап тұрғандай әсер етеді. Ал енді заманымыздың заңғар ақыны Фариза Оңғарсынованы алар болсақ… Поэзиясы – шың. Прозасы сол шыңды тіреп тұрған шоқылар. «Шашы ағарған қыз» повесі сонау азамат соғысы кезіндегі алқын-жұлқын алапат күндерді еске салады. Соғыс – адам тағдырларын сапырылыстыратын сұрапыл дауыл ғой. «Махаббат пен ғадауат майдандасқан аламан дүние. Фариза прозасындағы эссе – қара сөз дегені болмаса, баяғы сол есіліп тұрған поэзия. Және шырылдап тұрған шындық. Және шын сыр. Шындықты тек шын дарын иелері ғана айта алады.
Фариза Оңғарсынованың «Шашы ағарған қыз» повесінің желісі бойынша дайындалған сахналық қойылымды қабыл алыңыздар. (Сахна жабық тұрады. Вокзал суреті салынған банердің жанына, сахна сыртына екі жолаушы шығады.)
1-жолаушы: Иә, солай дейсің, балам! Поезд жүруге әлі біршама уақыт бар-ау, біраз әңгіменің басын шалып, бір шер тарқаттым-ау деймін! Кішкене демалып, әңгімемізді жалғастырайық. Бұл заманда өзің сықылды сөз ұғар жастар да жоқтың қасы. Бәрінен де сөздің тыңдалмағаны жаныңа батады екен…
2-жолаушы: О, не дегеніңіз, атасы, әрине, жалғастырайық. Сіздей шежіре қарттар үнемі кездесе бермес. Әрі уақыт өтсін, әрі тарихымызды біле отырайық. Айта беріңіз, құлағым сізде.
1-жолаушы: Иәә, бұл қазағымның басынан не өтпеді десеңші? Талай қиыншылықтар, оқиғалар болды ғой. Ойласаң жаның түршігеді. Осы сен баяғы 1921 жылғы «Дүзен оқиғасын» білуші ме едің? Ай, бірақ білмейтін шығарсың? Онда сендер жассыңдар ғой.
2-жолаушы: Онда біз, рас, жасаңдаумыз ғой. Бірақ көкем айтып отыратын еді. Ұмытып қалыппын.
Жолаушы: Ойбай-ау, ондайды адам ұмыта ма? Ұмытуға болмайды ғой. Ұмытылмайды ғой. Мына кейінгі жастар бүгінгі мәз-мейрам өмірдің тегін келмегенін білу керек. Иә, ол кезең қазақ халқы үшін қиындық тудырған аласапыран еді ғой… (Осы кезде поезд гудок беріп, келе жатқаны байқалады. Сахнадан: Жолаушы жолдастар, сақ болыңыздар! «Маңғыстау – Атырау» поездына отырғызу басталды. Вагон нөмірі поезд басынан саналады.) Әй, балам-ау, поездан қалып қоярмыз, әңгімеміздің қалғанын сол жерден жалғастырайық. Жан түршігерлік сол оқиға әлі күнгідей көз алдымда…(Жоғары көтеріледі).
І көрініс. (Сахна ашылады. Тігілген киіз үй көрінісі. Үй төрінде Нұрет бай отыр. Қасында балалары. Сыртта күйбеңдеген бір-екі әйел көрінеді. Сырт адамға той жабдығы байқалады. Бірақ көңілсіздік бар. Қолдарында ұстаған шелегі бар, екі әйел шығады.)
1-әйел: Ай, сен байқадың ба? Мына байдың үйінің бүгін көңіл күйі жоқ. Бүгін Сухан байдың баласы Жақия Шынарға ұрын келмекші еді ғой, не болды екен? Таң атқаннан бай айқай үстінде, ауылдың адамдарының бәрі қорыққанан шықпай қалды. Күйеулер келмей жатыр дейді ғой…Бірақ келетін шығар. Шынардай қызға келмейтін қандай жігіт ол?
2-әйел: Менде соны байқадым. Әйтеуір, бір мазасыздық бар, бәсе! Келмей жатыр ма екен? (Аузын сылп еткізіп) Кешігіп жатқан шығар! Олар да осал емес, ырғалып-жырғалып жүрген шығар? Иә, келер-ау! Бірақ біраз уақыт өтті. Бай ашуланса, ашуланғандай-ау! Қой, ойбай, суымызды алайық! (Екеуі әңгімесін айтып өте береді)
Нұрет бай: Бұл қалай болғаны? Күн бесіннен де ауып кетті. Әлдеқашан келетін уақыты болды ғой? Бұл неме, әлде мені күлкі еткісі келгені ме? Әлде…Әлде кісі жіберіп, хабар алдырамыз ба?
Жансерік: Әке, ол не дегеніңіз? Не айтып отырсыз? Біз әзір отырмыз, қашан келесіңдер демексіз бе сонда? Қыз айттырған құдалардың алдында сонда бермей жатып не абыройымыз қалмақ? Неде болса, ақырын күтейік. Бір хабары болып қалар.
Нұрет бай: Ол да ақыл болар, балам! Менікі қайтерін білмегеннің кері да… Бұл менің неде болса, бұрын-соңғы көрмеген қорлығым болды. Сүйекке таңба болды. Жаным жай табар емес. Ай, алла, абырой бере гөр!
(Осы кезде «Ассалаумағалейкум» деп екі кісі кіреді. Жұрт аңтарыла қарап қалады. Назарларын төмен салып, төрге озған адамдардың бірі сөз бастайды)
Жолаушы: Ау, ағайындар, айыпқа бұйырмаңыздар. Біз бір жаманат хабар әкеліп отырмыз. Күйеу балдарыңыз Жақия аттанғалы жатқанда, мінейін деп жатқан аты теуіп, қазаға ұшырады. Біздің де тойымыз қайғы-қасіретке айналып, қайтерімізді білмей, сіздерге хабар әкеліп жатқанымыз (Отырып қалған адамдар. Қайғылы музыка ойналады. Жарық сөнеді).
(Сахна сыртынан): Содан бері өткен екі жылға жуық мерзім құдалар арасын алшақтатқан жоқ. Қайта ауыр қазаны екі ауыл бірдей бөлісіп, шақыру, алыс-беріс бұрынғыдан да жиіленіп кеткен. Екі жақ та қыз алысу қақында ләм-мим дескен жоқ. Бірақ екі ауылдың да өздерінше іштей түйгені, айтпай-ақ түсінер жайы бар-тын.Суханның ендігі қалған баласы Жұмабек Жақиядан үш-ақ жас кіші, ол да сүйріктей жігіт боп қалып еді. Құдалар да , жалпы алыс-жақын ел арасы да Шынарды Жұмабекке іштей теліп, өлшеп-пішіп қойған. Ақыры Жақияның жылын өткізген соң құдалар арасындағы ескі уәде қайта жаңғырып, ортақ шешімге келісті де, келер жаз Сухан ауылына келін түспек боп ұйғарылды.
ІІ көрініс. (Сахнада қыз жеңгесі Ақтамақ пен Шынар)
Ақтамақ: Еркем, Бекен нағашыңның сен бойын жазсын деп ауылына алып келгені қандай керемет болды .Сенің арқаңда мен де ел көріп, жер көріп дегендей бойымды біраз жаздым-ау! Сен қандай бақыттысың, еркем! Бізге мұндай бақыттың біреуі де маңдайымызға жазылмады. Иә,оң жақта жүргенде осылай шалқығанға не жетсін, күйеуге тисең бәрі де қалады ертең-ақ!
Шынар: Иә,жеңеше, керемет қыдырыс болды. Ауасы қандай? Оған сөз жоқ… Бірақ…
Ақтамақ: Не болды, Еркем? Сенің де арманың бар ма, жаным-ау?
Шынар: Жеңеше-ау! (бауырына бетін басып). Қыз баланың жолы сонша неге тар болды екен? Атастырған Жақияның жайы анадай болды, Өзім көрмеген Жұмабекке деген сезімім бар ма, жоқ па онда ешкімнің шаруасы жоқ. Алты ағаның ортасында алшаңдап басқаным, еркелеп өскенім кімге керек? Күні ертең-ақ, көп әйелдің бірі боласың? Осыларды ойласам, жүрегім маза бермейді. Көңілім бір нәрсені іздейді де тұрады…(Осы кезде Бекен мен досы Алдан шығады. Алдан сәлемдеседі)
Бекен: Қонақтар, қалай демалып жатырсыздар? Біздің ауылдың ауасы ғажап ғой, шіркін! Танысып қойыңыздар. Шынар, мынау менің досым Алдан деген жігіт. Алдан, мынау саған жиі айтатын жиен қарындасым Шынар. Мынау – жеңгем Ақтамақ.
Алдан: Қуаныштымын, Шынар!. Біздің ауылымызға қош келдіңіздер! Ауылымыздың ауасы жанға шипа, көңілге көктем береді. Сіздің атыңызға мен сыртыңыздан қанықпын. Сіз туралы Бекен көп айтатын-ды. Біздің ауылда ұзақ боласыздар ма? (Бәрі сөйлеп кетеді).
ІІІ көрініс. (Сахнаға Ақтамақ пен Шынар шығады).
Шынар: Жеңеше, менің көңілім әлденеге алаңдап, маза бермейтұғын. Оның мәнін өзімде түсінбеуші едім.Соның шешімін мен осы жерден таптым. Мен Алданға ғашықпын… Оны бір көргеннен ұнатып қалдым…Бағым ба, сорым ба оны да білмедім…
Ақтамақ: Еркем-ау, ол не дегенің? Айта көрме. Әке-шеше айтқанын тыңдамай ондай жолға барған қазақтың қай қызын көріп едің? Ойбай, мұны ешкім естімесін. Естісе атам да, ағаң да өлтіреді мені. Оның үстіне баратын жерің бай, бар кісілер. Қолдары ұзын. Қыз балаға одан не керек, жаным-ау?
Шынар: Жеңеше-ау! Бір түсінсе сен түсінер деп едім, сенде мені түсінбедің? (Сахнадан жүгіріп кетеді. «Еркем, еркем» — деп Ақтамақ та артынан кетеді. Музыка. Жарық сөнеді.)
ІV көрініс. ( Қол ұстасқан Алдан мен Шынар шығады.)
Алдан: Сіздің күні ертең кетіп қалатыныңыз мені қатты қапаландырып тұр (Шынардың кішкене саусақтарын еппен ұстайды). Мен бір аса қымбат нәрсемді жоғалтып алғалы тұрғандай күйдемін…
Шынар: Ол не дегеніңіз, Алдан? Ат аяғына қашық жер бар ма?
Алдан: Мен сізді ұнатамын…өте… Бәрін де білемін. Бекен айтқан. Атастырған жеріңізге әлі де берік байлаулы екеніңізді де түсінемін. Бірақ… Бірақ мен сізден үміт үзбеймін. Әлі де кездесерміз, бәлкім…
Шынар: Менің мәңгі жүрегімдесіз, Алдан! (Музыка. Екеуі қол ұстасқан күйі сахнадан шығады. Музыка. Жарық сөнеді)
V көрініс. (Сахнада Бекен мен Алдан отырады).
Алдан : Бекен біз бір-бірімізбен қимас адамдармыз.Менің көңілімнің Шынарда екенін өзің білесің. Шынымды айтсам, онсыз өмірімде мағына жоқтай. Әке-шешеме де айттым. Мен үшін олар бәріне де дайын. Оның басы байлауда екенін де білеміз. Танысуымызға да өзің себепші болып едің, қосылуымызға да тілекші болсаң еді?
Бекен: Қайдам, аз күн әурешілік болмаса…Қыз әкесі қыңыр адам, түбі саған ризашылығымен бермейді. Оның үстіне құдасы да белді, әрі екеуі де жаңа кеңес үкіметінің екеуміз сияқты белсенділерін ұнатпайтыны анық. Бірақ қолымнан келген көмегімді аямаймын. Енді жақын арада күйеу келеді, сол қарбаласта алып қашасың, содан басқа жол жоқ. Менің көмегім сол кезде қонақ күтісуге барған болып, сіздерді жөнге саламын. Бірақ ол туралы білмейтін адам болайын. Уәде солай болсын! (Құшақтасады, сахнадан шығады. Музыка. Жарық сөнеді).
VІ көрініс. (Сахнаға Алдан тұрады. Біреуді күтіп, алаңдаулы. Осы кезде Бекен мен Шынар шығады. Алдан Шынарды құшағына қысады).
Бекен: Алдан, Шынар, менің қолымнан келгені осы болды. Енді көп кідірмеңдер. Алды-артыңыз қауіпті. Жолдарыңыз болсын! Аман жүріңдер!
Алдан: Бекен, бұл жақсылығыңды ұмыта алмаспын. Аман жүрсем, «Ер мойнында қыл арқан шірімес». Қош бол, достым…(Сахнадан қол ұстасып жүгіріп кетеді. Музыка. Жарық сөнеді).
VІІ көрініс. (Сахнада Алданның анасы Наркүміс, ауыл әйелдері отырады).
Наркүміс: Ай, айналайындарым-ау, бүгін ойлағаны боп жатса, Алданжаным, келіншек әкелмекші. Әуелі, аман-есен келсін, жайлап той жабдығына кірісе берейік. Аласапыран заман, көңілде де алаң көп.
Ауыл әйелі: Әже, о не дегеніңіз, Алданның алатын келіншегі (бас бармағын шошайтып) мынау деген қыз, өткен жаз қыдырып келді ғой. Тек оңынан болсын ! (Алдан кіреді жүгіріп).
Алдан: Апа, мен келдім. Шынарды әкелдім, тойға дайындала беріңіз (Күліп. Қайта жүгіріп Шынарды әкеледі).
Наркүміс: Не дейді? Ай, аллам, бергеніңе шүкір! Кәне, не істеп тұрсыңдар? Шашуларың қайда? Жабатын орамалдарың қайда? Келінді қарсы алмаймыз ба? (Келінге орамал жабады). Шынарға жақындап: Кел, қарағым, қадамың құтты болсын! Маңдайынан сүйеді.Үйге әкеліп, шымылдық құрады, келінді отырғызады. У-ду боп жатады. Осы кезде «Ассалаумағалейкум» деп екі милиционер жігіт кіріп келеді.
Наркүміс: Қош келдіңдер, қарақтарым! (Беттерінен сүйіп. Қуаныш үстіне келдіңдер! Кәне, той жабдығына кіріспейміз бе?
Жұмабай: Апа, қуанышыңызға ортақпыз. Біз бір шұғыл шаруамен жүрміз.Тойды асықпай, басқа жігіттер келгесін жасайтын шығарсыз?
Мидар: Апа-ау, келер келін келді, той қайда қашар дейсіз? (Күледі). Бір суыт хабармен жүрміз. Бір топ бандылар келе жатыр деген хабар бар. Бүгін ертемен Есен шалды өлтіріп кеткен дейді. Ауылда қалған осы отырған үшеуміз ғана. Мына Жұмекең мен Алдан бандылардың қай бағытқа бара жатқанын бақылауға жүреді де, мен осы жерден өзіміздің жігіттерге тез хабар беруге аттанамын. Бізге ренжімеңіздер, аман жүрсек, келіп қаламыз ғой…
Наркүміс: Құдайым-ау, не дейді? Ел тыныштығын берсе екен, алла! Мына бала да жаңа ғана есік аттап жатыр еді. Алданжанның кетіп қалғаны қалай болар екен өзі? (Алдан мылтығын алып, кетуге дайындық жасап жатады).
Алдан: Апа, уайымдамаңыз, көрмей жүрген құқайымыз емес ғой. Келемін ғой, көп ұзамай.
Наркүміс: Жарықтарым, жолдарыңыз болсын! Уа, тәңірім, бір өзіңе тапсырдым. Аман оралғайсыңдар! (Бәрі шығады. Музыка). (Сахнада жас келін Шынар шымылдық артында отырады. Қайта кірген Наркүміс көпшілікке қарап) :
Наркүміс: Ай, аллажан, Алданжаным, бір шүйкебас алса дейтінмін, ол күнге де жеттім. Шүкір. Тек қырсықсыз болғай деп тілейін. Алданжан да аман-есен келер. Тек өзі келгенше Нұрет ауылынан қуғыншы келіп қалмасын (Осы кезде аттың дүсірлеген дыбысы естіледі. Сүріне-қабына, айналасына қарап:Ойбай-ау, бұлар қуғыншы болмасын… Әлде Алданжан ба екен? Шынаржан, Алданжан келді-ау, осы? (Осы кезде түрлері сұсты бір топ адамдар (милиционерлер) кіреді).
Наркүміс: Қарағым-ай, саумысыңдар? Алдан қайда? (даусы дірілдеп).
Жұмабай: Апа! Апа! Біз сау келгеніміз жоқ, сұмдық хабар әкеліп тұрмыз (Бәрі өкіріп жылайды).
Наркүміс: Алданым, Алданышым қайда? (жерге құлайды). (Осы кезде шымылдық ішінен тұра шыққан Шынар сыртқа жүгіреді. Артынан жігіттер де тұра шығады. Сырттан: «Алдан, Алданым» — деген талықсыған дыбыс естіледі. Осы кезде әлсіреген Шынарды Жұмабай көтеріп әкеліп шымылдық ішіне үйге әкеледі.)
Жұмабай: (Әйелдерге қарап) Сендер не бағып тұрсыңдар, мына сорлы тірілей өлді ғой…Неге жібердіңдер?
Наркүміс: Әй, сендер Алдан өлді деп отырсыңдар ма? Әй, жындылар! Қазір келеді ғой ол. Әне, Әне,естисіңдер ме «апа, апа» деген даусы шығады. Ау, қарағым, келе ғой! (Осы кезде орнынан тұрған Шынар «апа» — деп Наркүмістің алдына құлайды. Басына тартқан орамалы сусып түскенде шашы түп-түгел аппақ селеудей қуарып кеткен екен.)
Ауыл әйелі: Құдай-ау, мұндайды кім көрген? Мына жазғанның шашын қараңдар! Селеудей болып, түгел қуарып кеткен бе? Қасіреттің мұндай түрі де болады екен-ау?! (Мұңды музыка.Сахна жабылады.) (Сахна сыртына екі жолаушы (Марат, Қосай) шығады. Қолдарында жүктері бар,поездан түскен беттері)
2-жолаушы: Ата, сіз әңгімелеген «Дүзен оқиғасы» ойымнан шығар емес. Қатты ойға қалдырды. Біз білмейтін жайттар қаншама?
1-жолаушы: Бұл дала, оның аңғал адамдары не көрмеді, қарақтарым -ау? Нанның бәйтерек басына өспейтіні секілді, мынау заман да аспаннан түскен жоқ. Осындай талай қайғылы жайттар көп болды ғой… (кетеді. Мұңды музыка.Сахна жабылады.)
Сахна сыртынан :
Нұрет бай және Жұмабай рөлінде – Оспанов Шерхан мен жолаушы қарт және Бекен, Мидар рөлдерінде – Қаниев Марат.
Жансерік рөлінде – Әділханов Нұрсұлтан мен Наркүміс рөлінде – Ермекбаева Гүлден.
Ақтамақ және ауыл әйелдері рөлінде – Жаңабергенова Мейрамгүл мен Байекеева Рысгүл.
Жолаушы мен Алдан рөлінде – Арғын Қосай мен Шынар рөлінде — Өтегенова Алтынгүл.
Сценарий авторы және қоюшы режиссері -Мухашева Айсулу және музыкамен көркемдеуші – Еламанов Бауыржан.