Home » Мақалалар » Күз болып дымқыл тұман жерді басқан

Күз болып дымқыл тұман жерді басқан

Кожантаев Туленди Шакибаевич
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің
«№1 өнер мектебі» МКҚК
бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі.

Күзгі пейзаж.

Сабақтың түрі: Кескіндеме. 2 курс

Сабақтың мақсаты мен міндеттері: Оқушыларды бейнелеу өнерінің табиғат жанрымен таныстыру және тақырыпты өлеңмен байланыстыра отырып, суретшілік өнерге баулу арқылы қызығушылығын арттыру және шығармашылық қабілеттерін дамыта түсу.

  • Тақырыптық композицияда сюжет құрастырып үйрену;
  • Акварель техникасын меңгеруге және түстік шешім арқылы кеңістікті көрсете білуге үйрену;
  • Күзгі пейзаж этюдін орындау.

Құралдар мен материалдар және көрнекіліктер: суретшілердің шығармаларынан репродукциялар; мұғалімнің шығармашылық жұмысынан көрнекілік суреттер; слайдтар; пішімі А4 қағаздар; акварель бояулары; қылқаламдар; палитра және ыдыс; қағаз скочь; мольберттер және т.б.

Сабақтың құрылымы:

  1. Кіріспе
  2. Жаңа тақырыпты түсіндіру
  3. Оқушылардың практикалық жұмысы
  4. Қорытынды: а) бағалау; б) үй тапсырмасы

Сабаққа кіріспе: Бүгінгі кескіндеме сабағының тақырыбы: «Күз болып дымқыл тұман жерді басқан». Күзгі пейзаж. Данышпан бабамыз                   Әл-Фарабидің: «Өлең өнері – сөзбен, ал живопись өнері бояумен құлпырады» деген сөзі бар екен. Бұдан біз өлең мен сурет өнерінің өте ұқсастығын байқаймыз. Сондықтан, бүгінгі сабақты Абайдың өлеңімен байланыстырғым келіп отыр. Сендердің ақын өлеңдерімен таныс екендеріңді білемін. Биыл қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толды. Осыған орай елімізде көптеген шаралар өткізілді, солардың бірі Абай өлеңдерін оқудан эстафета жарияланып, оған Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, әйгілі жас әнші Димаш және көптеген белгілі адамдар, мұғалімдер мен оқушылар да қатысқан болатын. Мен сендерге Абайдың «Күз» тақырыбындағы өлеңінің екі шумағын мәнерлеп оқып берейін:

Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,

Күз болып дымқыл тұман жерді басқан.

Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма,

Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.

 

Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,

Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.

Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,

Жапырағынан айырылған ағаш, қурай. …

Осы өлеңді оқыған кезде көз алдымызға күздің құбылмалы табиғаты, тамаша суреттері елестейді. Өлеңде ақынның өмір сүрген уақыты суреттелсе де күзгі табиғат құбылысына тән көріністер шынайы берілген. Абайдың өлеңдерінің өн бойы тұнып тұрған тамаша суреттермен қатар, ешқашан да құнын жоймайтын даналық ойлар.

  1. Жаңа тақырыпты түсіндіру. Пейзаж жанрында картиналар жазған суретшілер өте көп. Соның ішінде күз тақырыбына арналған орыс суретшілері И.Левитанның және В.Поленовтың «Алтын күз» деп аталатын картиналары көпшілікке танымал туындылар. Бүгінгі таңдағы пейзажистерден акварель шебері Илья Горгоцтың табиғат этюдтері өзінің ерекше колоритімен көрерменді таңғалдырмай қоймайды.

Күзгі табиғат көрінісі көбінесе түстер мен реңдердің контрастығымен ерекшеленеді. Жылы түстер: сары, қызыл, қоңыр, ал салқын түстер: көк, көгілдір, күлгін және сұрғылт бояуларды құрайтынын ескеріп, өздерің ойластырған композиция бойынша күзгі пейзаждың акварельмен қысқа мерзімдік этюдін орындаймыз. Табиғат көрінісіндегі кеңістікті көрсету үшін пландарға бөліп қарастырамыз: артқы планды бұлыңғыр, екінші пландағы заттарды анық және жарық-көлеңкелі етіп ал, алдыңғы пландағы заттарды анық әрі нақты детальды етіп бейнелеу қажет. Мұғалім оқушыларға қысқа мерзімді этюд жазып көрсетеді.

  1. Оқушылардың практикалық жұмысы. Оқушылардың практикалық жұмысын ұйымдастыру және жұмыс барысын қадағалау. Этюд оқушылардың өздері күз тақырыбына дайындап келген эскиздері бойынша немесе Абай өлеңдерінің мазмұнына байланысты пішімі А4 қағазға орындалады. Мұнда акварель техникасының дәстүрлі және дәстүрлі емес әдіс-тәсілдерін қолдануға болады. Тұманды және артқы пландағы бұлыңғыр заттарды бейнелеу үшін акварельдегі дымқыл жазу техникасын қолданамыз. Өте жылдам орындалатын этюд «нашлёпка» деп аталады.

Этюдті орындау кезеңдері:

  1. Қағаз бетіне суретті бірден қылқаламмен ақшыл реңді бояулармен саламыз.
  2. Артқы планнан бастап акварель бояуымен жаза бастаймыз. Қағаз бетін колориттік түстер мен реңдерді ескере отырып түгел бояу қабатымен жауып шығамыз.
  3. Алдыңғы планды және композиция орталығын анықтап жазамыз.
  4. Қорытынды: а) бағалау; б) үй тапсырмасы: Абайдың «Күз» өлеңінің мазмұны бойынша эскиз салып келу және күзгі пейзаж этюдін орындау.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.