Газиева Жанна Касенкановна
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің
І. Жансүгіров атындағы
№ 58 мектеп-гимназиясы
директорының оқу ісі
жөніндегі орынбасары
Мемлекетімізде болып жатқан жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайлар білім беру жүйесіндегі міндеттерді шешудің тиімді тәсілдерін іздестіру қажеттілігін тудырып отыр. Білім беру сапасын арттыру Қазақстанның ғана емес дүниежүзілік қоғамдастықтың өзекті мәселесі болып табылады. Қоғамымыздың болашағы, дұрыс бағытта дамуы жас ұрпақтың іс-әрекетіне, тәлім-тәрбиесіне, сана-сезіміне, дүниетанымына тікелей байланысты. Сондықтан да ұрпақ тәрбиесі мен білімі мәселесі кезек күттірмейтін, егеменді еліміздің болашағын айқындайтын ең маңызды міндеттердің бірі. Осы міндетті шешу педагогтің еншісінде. Олай болса, қоғам педагогке үлкен үміт артып, ел тағдырын сеніп тапсырып отыр және одан жоғары жауапкершілікті талап етеді. Ол үшін педагогтер өздерінің педагогикалық іс-әрекетінде сол жаңалықтарды, инновациялық технологияларды, әдіс-тәсілдерді жете ұғынып, тәжірибеде ұтымды қолдана білулері керек.
Сонымен қатар қазіргі кезде мұғалімге деген дәстүрлі көзқарастар өзгерді. Оған білімді механикалық түрде беруші, білім трансляторы ретінде қарамайды. Осы айтылып отырған заңдылықтар мұғалімнен педагогикалық өзара әрекет етудің ерекше кәсіби технологиясын меңгеруді, кәсіби және тұлғалық өсуге тұрақты қажеттіліктің болуын талап етеді. Кез келген педагог кәсіби және тұлғалық өсудің бірден бір жолы – кәсіби өзін-өзі білімдендіру екенін түсінгені дұрыс. Ұстаздың жеке тұлғалық қасиеттері педагогикалық іс-әрекеттің ішкі мазмұнын құрап, шебер ұстаз болып қалыптасуы үшін аса қажет.
Егер педагог өзінің жалпы педагогикалық біліміндегі, өзі оқытатын ғылым негізі бойынша біліміндегі кемшілік тұстарын байқамаса, өзінің педагогикалық құралының жеткіліксіздігін көрмесе, оның кәсіби өзін-өзі жетілдіруі мен өзін-өзі тәрбиелеуі тіптен мүмкін емес деп айтуға болады. Өзін-өзі кәсіби жетілдіру мен дамытуға кіріспес бұрын, педагог өз іс-әрекетінің қандай да бір өткен кезеңіне талдау қорытындыларын жасап отыруы керек. Сонымен қатар өз іс–әрекетін жақсартуға байланысты жасалған қызметтес адамдардың нұсқауларын ескеруі қажет. Кәсіби іс-әрекетінде нақты жетістіктерге жете білген педагогтердің тәжірибесіне сүйенсек, кәсіби өзін-өзі жетілдіруді өзінің педагогикалық іс-әрекетіндегі жетістіктер мен кемшіліктердің себеп-салдарларын терең талдаудан бастау қажет екендігіне көзіміз жетеді. Өз әрекетінің үрдісі мен нәтижелерін талдай отырып, оқытушы рефлексия жасайды. Рефлексия (лат. сөзінен аударғанда reflexio – өткенге сүйену) – толғану, өз-өзін байқау, өзін-өзі тану. Кәсіби сана-сезім өзін-өзі тану негізінде қалыптасады. Осының нәтижесінде педагог білім беру үрдісінің заңдылықтарын түсініп, педагогикалық шеберлікке бір адым болса да жақындай түседі.
Ғалым Е.Н. Волкова педагог субъектілігі құрылымының негізгі компоненттерін атап көрсетеді. Олар:
1) Белсенділік;
2) Рефлексияға кабілеттілік;
3) Таңдау еркінділігінің болуы және оған жауапкершілік;
4) Субъектінің бірегейлігі (уникальность);
5) Басқаны түсініп қабылдау;
6) Өздік даму.
Осы аталған компоненттердің барлығы да педагогтің өзін-өзі білімдендіру үрдісінде ерекше орынға ие. Осы компонеттердің қалыптасуы мектебімізде LS аясында ынтымақтасқан ортада қызмет еткен мұғалімдердің бақылау дағдысының деңгейінен байқалады. Педагог бастапқыда бақылау дағдысы туындаған сұраққа жауап іздеу барысында белгілі бір зерттеу тобында болуынан басталады, зерттеу тобында мұғалім өз іс-әректін басқа әріптесімен салыстырады, немесе желілік қоғамдастықта болса, мұғалім мектептерді салыстыруы мүмкін. Осы орайда мұғалімнің ішкі сұранысына жауап дұрыс ұйымдастырылған үдеріс немесе іс-шара болуы мүмкін. Бірнеше жыл көлемінде көшбасшы ретінде осы үдерісте мұғалімдерге қолдау көрсете отырып, кәсіби сұхбат барысында бақылау дағдыларының қалыптасуына әсер етуді өзіме басты бағдарлаушы сұрақ ретінде алдым. Сонда көшбасшы кері байланысты дұрыс ұйымдастыруы өте маңызды. Мұғалімнің бақылау дағдысының шыңдалуына мектеп мәдениеті де үлкен әсер берді.
Өзін-өзі білімдендіру – кәсіби өзін-өзі жетілдіру мен өзін-өзі тәрбиелеудің жетекші компоненті болып табылады. Өзін-өзі білімдендіру дегеніміз – педагогтің педагогикалық үрдісті жетілдіру үшін қажетті жалпыадамзаттық тәжірибені, әдістемелік және арнайы білімді, кәсіби біліктілік пен дағдыны меңгеруге байланысты мақсатты жүзеге асырылатын танымдық әрекеті. Осы танымдық әрекетте бақылау дағдысы маңызды. Өзін-өзі білімдендіру – оқытушының кәсіби маман ретінде өсуінің негізі.