Мусина Гүлнар Байзулина
Алматы облысы
Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылы
«М.Ломоносов атындағы орта мектеп» КММ
мектеп директоры
«Үйрете отырып, үйрену ғана жеміс береді»
Бауыржан Момышұлы
Қазіргі таңда әлемде болып жатқан Covid-19-дың таралу қаупіне байланысты қашықтан оқыту түрінің маңызы арта түсті. Еліміздегі мектептер өз жұмыстарын тоқтатып, оқушыларды қашықтан оқытуға кірісті. Ал қашықтан оқыту босаңсуға жол бермейді, өйткені қазіргі заманауи технологиялар оқу үрдісінің барлық кезеңдерін қашықтық форматқа көшіруге толығымен мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетов айтқандай, әлемді, оның ішінде біздің елімізде де коронавирус індетінің қауіпі орын алған жағдайда қауіпсіздік шараларының бірі ретінде оқушыларға қашықтан сабақ беру шын мәнінде қажетті де маңызды шара. Осы ретте қашықтық оқытудың әдістері, проблемалары, нәтижелері мен болашағы туралы бағдарлар білім беру саласындағы әрбір маманды бейжай қалдыра алмайды деген.
Қашықтан оқытуды ұйымдастыруға арналған технологиялық шешімдердің сан алуандығына қарамастан, мұғалімдер мен оқушылардың қашықтан оқыту форматын еш қиындықсыз игеруі үшін және оқыту нәтижелерін сапалық деңгейге көтеріп, дұрыс бағалау мақсатында Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылы М.Ломоносов орта мектебінде нақты жұмыс жүргізілуде.
Атап айтар болсақ, мектеп ұжымына нақты бағдар беріліп, сандық технологияларды тиімді енгізуге директор орынбасарлары, жаңашыл ұстаздар және информатика мұғалімдері тарапынан әдістемелік көмек беріліп жатыр. Оқушыларға көмек ретінде әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасындағы оқушыларға мектеп тарапынан уақытша қолдануға дербес компьютерлер берілді, оған қосымша роутерлер де таратылған болатын. Шәкірттеріміз қашықтан өткізілген сабақ барысында бекітілген кесте бойынша оқуды жалғастырып жатыр.
Мектебімізде мұғалім мен оқушы арасындағы байланыс ретінде негізінен Күнделік.kz, Bilimland, onlinemektep, ZOOM-платформалары кеңінен қолданылады және сынып жетекшімен оқушылар қашықтан Microsoft Teams, Classroom, платформалары арқылы онлайн режимде кері байланысты жүзеге асырады. Бүгінгі таңда сынып жетекшілер өздеріне бекітілген сыныпты онлайн-режимде басқарып, ата-аналарымен тығыз байланыс орнатуда. Әр әдістемелік бірлестік мұғалімдері өз ұйымдастыру шеберлігін көрсетіп, сабаққа қызықты, мазмұнды тапсырмалар дайындап, оқушылардың білімін әділ бағалап, кері байланысты уақытында беріп отыруға тырысуда. Осының бәрі мұғалімге үлкен жауапкершілік жүктелген міндеттемелер. Қашықтан жас мамандарымызға көмек ретінде вебинарлар мен коучингтер өткізілуде.
Жалпы, бүгінгі күні қолда бар қашықтан және онлайн-оқыту жүйелері мұғалім мен оқушылар арасында тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік береді, әрі нақты білім беру үрдісін қамтамасыз етеді.
Әрине, кез келген оқыту түрі біржақты бола бермейді. Яғни, оның өз артықшылықтары мен кемшіліктері де болады. Қашықтықтан оқыту түрі кез-келген тұлғаның білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік тудыруымен қатар, қашықтан жұмыс істеу кезінде мұғаліммен оқушының бір-бірімен жеке байланысы аз деп айтуға болады. Сондықтан, осы оқыту нысаны топта жұмыс істеу дағдыларын дамыту үшін аса қолайлы емес. Дегенмен, сақтық шаралары аяқталып, дәстүрлі форматқа оралған жағдайда қашықтан оқыту түрін де бірге ала жүреміз деген сенімдемін. Жаңа ғасыр адамзаттан оның кәсіби қызметіндегі барлық өзгерістерді біліп, үнемі білім деңгейін жетілдіріп отыруды қажет ететіні сөзсіз.