Тәрбиеленушілерімізге эстетикалық тәрбие бере отырып, қыз балаға тән әдептілік, имандылыққа бейімдеу, ұлттық төл мәдениетіміз бен өнерімізді қайта түлету. Балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, ата-аналардың балаларымен бірге уақыт өткізуін және бірлескен әрекеттерді күшейту, шаш өру дағдыраларын үйрету және жетілдіру мақсатында Алматы қаласы, Әуезов ауданы, КМҚК «№146 бөбекжай-балабақшасы» “Шашбаулым” жобасын қолға алдық.
Қазақ қыздарының дәстүрлі шаш үлгілері, олардың салт-дәстүрлерін және әсемдікке деген көзқарасын көрсетеді. Әртүрлі шаш үлгілері қыздардың жасына, отбасылық жағдайына және ерекше жағдайларға байланысты жасалған.
Жоба барысында тәрбиеленушілеріміз ұлттық аспаптарымызбен ән айтып, өлеңдер оқып келген ата-аналардың қошеметіне бөленді.
Балабақша-бала-ата-ана үштігінің бірлесіп жұмыс жасауына мүмкіндік берген бұл іс-шара кезінде аналарымыздың қыздарының шашын өріп, шаш күтіміне байланысты өз ойларымен бөлісті. Шаш өрім түрлері айтылып, әшекейлер таныстыстырылды.
Қазақ қызының басты сұлулығы – бұрымында. Оның ерекше қасиеті де жоқ емес. Ежелден келе жатқан салт-дәстүрімізге сай қыз бала шашын өріп, шолпы немесе шашбау тағатын болған. Осы қос бұрым көздің жауын алып, таңдай қақтыртқан. Нәзік болмысын айшықтауға көмектескен. Мұнымен қатар шаш өру – халқымызда ежелден келе жатқан өнер түрі.
Шара соңында «Бұрымды қыз» деген сөзге лайықты қыз балалар анықталып, марапатталды.
Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын,
Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін, деп Абай атамыз жырлағандай, қыз балалар жағымды қасиеттерді меңгерсе, арамызда ару да әсем, сұлу да көрікті, әдемі де ажарлы қыздар көп болса, біздің өміріміз мәнді, қызықты да шуақты болар еді. Бойжеткеннің шашын табиғатына қарай қолаң шаш, сүмбіл шаш деп, өріміне қарай жалғыз бұрым, қос бұрым деп атаған. Бұрымның ұшына алтын немесе күміс теңгелер мен моншақтар, қаз-қатар тігілген шашбау тағатын болған. Олар иесі қозғалғанда, әсем дыбыстар шығарып, кермаралдай керілген сұлу қыздың жүрісіне үн қосып, ару сымбатын ажарлай түскен деседі.
«Ақ үйден бір қыз шықты көзі күлген, шаштарын он күн тарап, бес күн өрген», – деп ғажап суреттегендей табиғат берген көркімізден айырылмай, айнымай жүрейік!
Балабақша – бүлдіршіндерді болашақта ұлт дәстүрін сақтайтын инабатты да, ибалы үлкен – кішіні сыйлай білуге үйрететін тәрбие орталығы.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші ата-аналармен бірлесе, ынтымақтаса отырып, оқу-тәрбие жұмысын мақсатты жүргізе алып отырмыз. Сондықтан балалардың болашағы үшін ата- аналармен жұмыстың бірлескен әртүрлі формаларын қолдану керек. Ата-аналармен арамызда сенімді қарым- қатынас болғаны дұрыс деп санаймын. Бір- бірімізді қолдасақ, тәрбиелік іскерліктеріміз байып жандана түседі. Сонда ғана балаларымыздың дамуы нәтижелі болады.
Карипбаева Карлыгаш Кагазбековна