Ильясова Гульнур Маратовна
Павлодар қаласы, №25 жалпы орта білім беру мектебі
«Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттермен озады» деген ұлы ақын Абай сөзі барлық уақытта өз мәнін жойған емес. Әсіресе, Елбасымыздың «Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман» деп кемел бағасын берген ғасырда білім алудың маңызы артқанын байқаймыз. Білім- ұлттың ақыл-ойы мен ерік-жігерін қалыптастырушы тірек. Ендеше, ол мемлекеттік саясаттың әр адамның сол мемлекет мүддесін дұрыс түсінуінің , оны сақтауға, орындауға деген шын сенімнің де негізі болуы тиіс. Білім берудің ұлттық жүйесін қалыптастыру- ұлттық дәстүрлерді сыртқы кері күштерден қорғаныс ретінде біліммен сабақтастыра пайдалану деген сөз. Тәрбиелік қуаты берік білім халықтың болашақ даму бағытын өзі айқындауына жол ашады. Біріккен ұлттар ұйымының шешімімен «ХХІ ғасыр- ақпараттандыру ғасыры» деп аталғаны бәрімізге белгілі. Қазақстан Республикасы да ғылыми-техникалық прогрестің негізгі белгісі- қоғамды ақпараттандыру болатын жаңа кезеңіне енген. Қоғамды ақпараттандыру- экономиканың, ғылымның, мәдениеттің дамуының негізгі шарттарының бірі. Осы мәселені шешудегі басты рөл мектепке жүктеледі.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер- бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан да ұстазға жүктелетін міндет өте ауыр» деген. Біз, барлық мұғалімдер жұмыла кірісіп, әрқайсымыз жаңа технология негізінде оқушы санасына білім құя білсек, біздің еліміз нашар болуы мүмкін емес. Осы мақсатты іске асыру бағытында, қазіргі таңда оқытудың жаңа түрі қолға алынуда. Қазіргі заман талабына сай онлайн білім беру жүйесіне, мектепке қосымша білім беру көзі ретінде көшуге тура келді. Әлем бойынша тараған індеттің алдын алу шаралары негізінде, әр оқушының үйден шықпай оқуы, мұғалімнің оқушыларды қашықтан оқытуы заман талабына сай заманауи оқу биігіне көтерілді.
Соңғы кезеңде қазіргі заманғы педагогикалық ғылым мен практика түбегейлі өзгерістерге ұшырауда. Соның ішінде оқыту үрдісі ақпараттық – коммуникациялық жағдайларда жаңа көрініс алу жолында басқаша жаңаланған жолмен ХХІ ғасыр талаптарына сай білгір, уақытты үнемдей алатын тұлғаны қалыптастыруға бағытталады. Дәл осы уақытта ақпараттық технологияларға және қашықтан оқытуға бағытталған тәсілмен білім беруді дамыту қажеттілігі туып отыр. Қашықтан оқыту тәсілі мына төмендегідей міндеттерді жүктейді:
— оқушының компьютерлік сауаттылығы жоғары болуын қамтамасыз етуі;
— алдағы тұрған мақсаттар мен міндеттер, оның алдағы уақытта ақпараттық технология мен коммуникация құралдарының негізінде дамуы туралы түсіндіру;
— оқушының ақпараттық құралдармен жұмыс істеуге іс жүзінде дағдылануы, ақыл-кеңес беруде, сұхбат өткізуге;
— оқытудың телекоммуникациялық құралдарын қолдану ісіне дағдылануын қалыптастыру, атап айтқанда, оқушылар мен мұғалімдер арасында ақпараттар алмастыруы және ақпараттық жүйедегі ресурстарды пайдалану дағдыларын қалыптастыру;
— жинақталған түрде оқу бағдарламасын құрайтын белгілі бір тәртіптегі пән бойынша білім әдістемелерін баяндауы;
— мұғалім қашықтан оқыту жүйесі бойынша сабақ өткізу үрдісіндегі үйлестіруші деп қабылдау. Осы міндеттерді жүйелі меңгерту бырысында қашықтан оқу еш қиындықсыз жүзеге асуда.
Кез- келген оқыту белгілі мөлшерде адамды дамытады. ХХІ ғасыр басталғаннан ақпарат жүйелерінің өркендеп, ғарыштап дамып келе жатқаны бәрімізге аян, ХХІ ғасыр ақпарат пен технологияның дамыған кезеңі десек, қазіргі білім беру үдерісіндегі қашықтан оқу түрі ХХІ ғасыр жаңалығы деуге әбден құқығымыз бар. ХХІ ғасырда адам капиталы қозғаушы күшке ие. Ендеше, білім саласы үнемі жетіліп, жаңарып отыруы қажет-ақ. Расында, жаңа көзқарасты, жаңашылдықты талап ететін күрделі кезеңде тұрмыз. Бәсеке алаңында асығымыз алшысынан түсуде білімділік, біліктілік, креативті ойлау қабілет-қасиетіміз ғана жәрдемдесе алады. Негізінен оқу мен білімдегі тың серпілістердің мақсаты- ХХІ ғасыр дағдыларын дамытуға бағытталғандығында, яғни мұғалімдер алдындағы үлкен міндет ғылым мен техниканың дамуына сәйкес оқушының білімі терең, ойы ұшқыр, қабілетті, әлемдік стандарт деңгейінде жұмыс істей алатын, құзырлы тұлғаны қалыптастыру болуы керек. Осы тұрғыда мұғалім үздіксіз ізденісте жүруі тиіс. «Келешекке кемел біліммен» деп Елбасы Н.Назарбаев ұстаным еткендей, әлемдік білім кеңістігінің құпияларына үңіліп, қоғамға бейім, өз қабілетін таныта алатын, жан-жақты дамыған, қашықтықтан оқуды меңгерген құзіретті тұлғаны қалыптастыру басты мақсаттардың бірегейі болып отыр.
Қашықтықтан оқыту- бұл білім алушы мен педагогтың жанама (қашықтықта) немесе толық емес жанама өзара іс-қимылы кезінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып жүзеге асырылатын оқыту. Қашықтықтан оқыту оқу үдерісінде тиісті компоненттерді бейнелейтін және телевизиялық (телесабақтардың), желілік және кейс-технологиялар көмегімен іске асырылатын педагог пен білім алушының қашықтықтан өзара қарым-қатынасы арқылы жүргізіледі. Қашықтан оқыту- компьютерлік және телекоммуникациялық технологияларға негізделген оқытудың құралдары мен түрлері, білім беруде қызмет көрсетудің маркетингтік көзқарастарын кеңінен қолданатын ғылыми-технологиялық революцияның жоғары технологиялық өнімі. Бүгінгі таңда қашықтан оқыту компьютерлік және ғаламторлық оқыту технологиялары ретінде саналып отыр. Және оқушылар мен мұғалім арасын байланыстырушы болып табылады. Ғаламтор желісінде, электрондық пошта арқылы және басқа заманауи байланыс құралдарын пайдалану арқылы жүргізілуде. Қашықтан оқыту жүйесі дербес компьютер, ноутбук, смартфон көмегімен және интернетке шығу арқылы қажетті дағдылар мен жаңа білім алуға мүмкіндік беруде. Байланыс құралдарының орналасқан жері маңызды емес, сондықтан үйде, жұмыс орнында, онлайн-кафеде немесе Интернет байланысы бар және жоқ жерде де кез-келген басқа жерде айланысу мүмкіндігі туып отыр. Бұл дәстүрлі оқу формалары алдында қашықтан оқудың басты артықшылығы болып есептеледі. Қашықтан оқытумен қашан айналысуға болады?деген сұраққа жауап берсек, қашықтан оқыту өте икемді жүйе, ол барлық оқу үрдісіне қатысушыларға (мектеп әкімшілігі мен пән мұғалімдеріне, оқушыларға) сабақты қолайлы уақытта таңдауға мүмкіндік береді. Бұл қашықтан оқытудың пайдасының екінші маңызды дәлелі.
Қашықтан оқыту мектептерде Республика, облыс, қала және мектеп кеңістігінде кең қолданыс табуда. Мектеп көлемінде айтатын болсақ, «Интернет күнделікті» алуға болады. Бұл жаңашылдық төрт-бес жыл көлемінде өз жұмысын атқарып келуде. Бұл инновациялық әдіс арқылы ата- аналар балаларының білім үлгірімін, ал оқушылар үй жұмысын уақытында біліп отырады. Мұндай әдіс арқылы мектеп пен ата- аналар қауымы арасындағы байланыстың одан сайын нығаюына үлкен септігін береді. Оқытылатын пәндерден қашықтық олимпиадалар Қазақстандық интернет олимпиадалар («КИО») өтеді. Мұндай интернет олимпиадалар оқушылардың үлкен қызығушылығын танытады. Тапсырмалары қызықты, сан алуан және олимпиаданың ең тиімді жері- оқушылар өздерінің білім деңгейлерінің көрсеткішін бірден білулері болып табылады. Аталған олимпиадалар сайыс түрінде берілсе де, оқушыларды оқытады деп айтуға болады. Өйткені, оқушылар сабақ барысында алған білімдерін шыңдайды, тексереді, салыстырады. Оқушыларға арналған олимпиадалардан басқа, мұғалімдерге арналған онлайн жүйесінде өтетін сан алуан семинарлар, конференциялар, сабақтар ұйымдастырылады. Қарқынды түрде қолданыс тауып жүрген мектепішілік ата -аналар қауымына арналған жиналыстар, сынып сағаттары, тәрбие сағаттары. Аталған жиындардың қарым- қатынастарды нығайтуына, бекіте түсуіне көмекке келетін ZOOM, SKYPE секілді бағдарламаларды айтуға болады. Қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін интернет ресурстарының- BilimLand, Kundelik.Kz, Daryn.online, MicrosoftTEAMS, GoogleClassRoom платформаларының қосар үлесі мол. Оқушылардың өздігінен орындауға арналған оқу тапсырмасын электрондық журналдар жүйесінде, интернет-платформада, электрондық пошта, WhatsApp, басқа мессенджерлер арқылы ұсынылуда. Кері байланысты kundelik.kz, bilimal.kz, mektep.edu.kz арқылы, электрондық журналдар болмаған жағдайда мұғалімнің қалауы бойынша байланыстың қолжетімді түрлері арқылы жүзеге асырылады.
Қорыта айтсақ, қашықтықтан оқыту жүйесінің рөлі білім саласы үшін өте жоғары, себебі бұл жүйе арқылы мұғалімдеріміз бен окушыларымыз әлемдік ақпараттармен байланысуға, ғылыми және шығармашылық жұмыстарын жетілдіруге, әлемдік ақпарат кеңістігінде өздерінің білімдерін шыңдауға зор мүмкіндік алады. Қазіргі таңда, Қазақстандағы білім беру жүйелерінің кұрылымдарына елеулі өзгерістер еніп жатыр. Осы жолда қашықтан оқыту өмір қорының байыбына жетіп түсінудің, әлемді жаулаған пандемия жолында күресудің тиімді құралына айналып отыр. Дүние жүзі бойынша қашықтан білім беру жүйесін өркендетудің басты мақсаттарының бірі- оқушылардың кез келген мектептер, колледждер мен университеттердегі оқу бағдарламалары бойынша оқып, білім алуларына жағдай туғызу. Осы мақсатты іске асыру бағытында,тынбай еңбек етіп, өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, ұлттық қасиеттеріміздің асылдарын асқақта отырып, шәкіртінің жанына нұр құятын фасилитатор ұстаз болуға ұмтылыс жасайық. XXI ғасыр жаңалығының әрі қарай дамуына, өзіндік кең тыныстануына жағдай жасайық.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Бөрібеков Қ.Қ. «Əдістемелік ұсыныстар жинағы» Астана, 2002 жыл.
- «Компьютерді қолданудың педагогикалық мәселелері» Қ. Шәдиев, Қазақстан мектебі, №5, 2006жыл
- Р.Жашиев. «Қазақ мектебі ХХІ ғасырға өз бет-бейнесімен кіруі тиіс» Ұлт тағлымы, №4-5, 2001жыл
- Журнал «Информатика негіздері» №1, 2005 жыл
- Назарбаев Н.Ə. «Қазақстан өз дамуында алға жаңа серпіліс жасау қарсаңында» 2006 жыл.