Home » Мақалалар » Қонақ күту мәдениеті

Қонақ күту мәдениеті

Балажан Ажар Мергеновна
Батыс Қазақстан облысы,
Орал қаласы Облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнаулы
Мектеп-интернатының тәрбиешісі

Мақсатымыз: Қонақжайлық туралы, қонақ күту мәдениеті туралы әңгіме қозғайтын боламыз, қонақ түрлерімен танысамыз, кластер құрамыз, тапсырмалар орындаймыз, ойындар ойнаймыз, жағдаяттарды тамашалаймыз. Осылай бүгінгі ашық тәрбие сағаты қызықты өтеді деген ойдамын. Балалар қонақ күтудің де өз тәртібі, мәдениеті болады екен.

Білімділік: Қонақ түрлері туралы айтып, қонаққа арналған дастархан жаю, қонақты күтіп алу, қонақты шығарып салу рәсімдерін өмірде қолдана білуге үйрету.

Тәрбиелік: Жас ұрпақты адамгершілікке, ұлтжандылыққа, қонақжай-лылыққа, сыйластық пен татулыққа, кішіпейілдікке, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.

 Дамытушылық: Оқушылардың сөздік қорын молайту, ой-өрісін, логикалық ойлауын, шығармашылық қабілетін дамыту, сауатты жазуға, мәнерлеп оқуға дағдыландыру. Әдептілік туралы ұғымын қалыптастыру.

Әдісі:Топпен жұмыс, миға шабуыл, әңгімелесу, көрсету, түсіндіру, сұрақ-жауап, шығармашылық жұмыстар.

 Көрнекілігі: Ноутбук,  суреттер, «Қонақ күту мәдениеті», ыдыс-аяқ (кесе, қасық, тәрелке…), ватман, маркер, шар, гүл.

 Ұйымдастыру: Сәлемдесу.  Балалар, бүгінгі біздің ашық тәрбие сағатына көп қонақтар келіп отыр, ұстаздармен амандасып алайық. Қанекей балалар ортаға шығайық. Балалар хормен айтады.

 Армысыздар, құрметті біздің қонақтар.

Қадірлі де ұлағатты ұстаздар.

Хош келдіңіз бүгінгі біздің  шарамызға.

Бас иіп, сәлем бердік баршаңызға! Осындай жылы жүректерге толы шеңбер аясында тұрып, қуанышты көңілмен ашық тәрбие сағатымызды бастайық.

Оқушыларды топқа бөлу: Балалар орнымызға отырмас бұрын, екі топқа бөлініп алайық. Балаларды топқа бөлу.  1, 2 саны бойынша  бөліну. Жақсы балалар орнымызға жайғасамыз. Балалар 1, 2 санын таңдау арқылы топқа бөлінеді.

Миға шабуыл. Балалар қонақжайлық туралы суреттер көрсетіледі.

Бұл суреттер бойынша не айтуға болады? Бұл  суреттер бойынша не     ойлайсыңдар? Балалар сендердің үйлеріңе қонақтар жиі келе ме?Сендер үйге келген қонақпен қалай амандасасыңдар? Жарайсыңдар балалар!

Сабақтың тақырыбын анықтау: Олай болса, бүгінгі ашық тәрбие сағатымыздың  тақырыбы мен мақсаты  қандай? Соны анықтап алайық. Бүгінгі біздің ашық тәрбие сағатының тақырыбы «Қонақ күту мәдениеті» деп аталады.

Қазақ халқы – ежелден қонақ десе ішкен асын жерге қоятын ел. Сондықтан қонақты қарсы алып, шығарып салуға ерекше мән берген. Үй иесі шақырылған қонақ, құдайы қонақ деп бөліп жатпай бәріне бірдей сый-құрмет көрсеткен.  Балалар қонақтың қандай түрлерін білесіңдер?

Қонақ түрлері:  Қылғима – түтіні түзу шыққан үйді аңдып жүрген сұғанақ,  сүйкімсіз қонақ.

Қыдырма – ерігіп, желігіп, үйден-үйге қыдырып жүрген сандалма қонақ.

Арнайы – алыстан арнайы келген, жақын туған-туыс, сүйікті дос, жақсы жолдас.

Құдайы – өзің танымайтын, білмейтін, шалғай елден жолаушылап жүріп ат басын тірей қалған бөгде адам.

Ерулікті қонақ – көшіп келген отбасын құрметтеп, ерулік асқа шақырылған қонақ.

Құтты қонақ – үйге қонақ келіп жатқанда, үй иесі қуанышты хабар алса келген қонақты құтты қонақ деп атаған. Қазақ халқында: «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады», – деген нақыл сөз содан қалса керек.

Келесі тапсырмамыз кластер құру.

Кластер құру. Балалар, «Қонақ, дастархан» сөздерін естігенде бірден ойларыңа не келеді, көз алдарыңа не елестейді? Соны алдарыңда жатқан қағазға жазып топпен, кластер құраймыз, әр топтан бір оқушыдан ортаға шығып қорғайсыңдар.

І топ – дастархан;

ІІ топ – қонақ.

Ойын: «Ойлан да, ойна». Тірек сөздер түрінде берілген сурет бойынша мақал ойлап шығару. Балалар берілген суреттерден мақал құрайды.

Ертеден-ақ қазақтардың болмысының бір негізі – қонақжайлық болған. Қазақтың үйіне күн демей, түн демей тіпті бейтаныс адам да қонаққа келе алған. Оны – құдайы қонақ деп атаған.  Енді біздің үйімізге де аяқ астынан қонақ келіп қалды, не істейміз? Дұрыс балалар, амандасамыз, қал-жағдайын сұраймыз. Үстел басына шақырамыз. Үстелге не төсейміз? Дастарқанға не қоямыз? Тағамдарды неге саламыз? Осы сұрақтардың жауабын алу үшін көріністерге кезек береміз.

Жағдаятты үлгілеу тапсырмасы бірінші топтың көрінісі «Дастархан жаю».

І-топ оқушылары қонаққа арналған дастарханды қалай жаю керектігін көрсетеді.  Қазіргі заманда қонақ күту рәсімі де барынша мәдениетті. Дастарқан күнделікті отбасының тамақтануына үйге келген адамға дәм таттыруға, той-тамашаға, ас-су беруге жайылады. Алдын-ала дастарқан жаю мына ретпен жүреді: Бірінші қолымызды жуамыз — үстелге дастарқан жаю; Үстелдерге дастарқан жайып болған соң орындықтар қойылады, олар үстел бетіне тәрелкелерді дұрыс қоюға бағыт болып табылады. Тәрелкелерді қою, аспаптарды қою, шыны ыдыстарды қою, майлықтарды орналастыру,  гүл салынған құмыраларды және басқа заттарды қою. Есте сақтау керек: Шанышқы қойылғанда, мүйіздері жоғары қаратылады. Дастарханды жабдықтау әртүрлі болады. Таңғы ас, түскі ас, кешкі ас. Балалар дастарханды жайып жүріп жаю ретін айтып кетеді. Орындарына жайғасады.

Жағдаятты үлгілеу тапсырмасы екінші топтың «Қонақ күту рәсімі»

ІІ топтың «Қонақ күту рәсімі» көрінісін тамашалайық.

 Үй иесі –Бекзат: Зарина кеше шақырып қойған қонақтардың келетін уақыты болды, дастарханың дайын ба?

Зарина : Ия дастархан жайылып тұр.

 Қонақ- Ерхат: Кіруге рұқсатпа?

Зарина: Рұқсат әрине, сіздерді тосып отырмыз. Келіңіздер, сәлеметсіздер ме!

Ерхат:Ассалаумағалейкум!

Бекзат: Уағаликумассалам! Келіңіздер,төрлетіңіздер. Киіміңізді маған беріңіз.

Наргиза: Көрші мынау сіздерге азғантай сыйлығымыз қабыл алыңыз.Үйлеріңізге бірінші рет келіп тұрмыз.

Зарина: Ас дайын, дастархан басына жайғасыңыздар.

Бекзат: Келіңіздер, дастархан басында жалғастырайық әңгімемізді.

Ерхат:«Жақсы көрші тапқаның, мол олжаға батқаның» демекші, сіздей көршілерді көріп қуанып отырмын. Өзімізді таныстырсақ Атым – Ерхат, қасымда апам – Наргиза.

Зарина:Көрші көңілді отырайық,с іздерден қонақ кәде сұрасақ қалай болар екен.

Ерхат: Дұрыс айтасыз, әу демейтін қазақ жоқ шығар, олай болса Наргиза сен баста, мен қоштайын.

Наргиза: Мен сіздерге «Дастархан» өлеңін орындап берейін. Барлығы қосылып айтады.

Ерхат: Біз ұзақ отырмайық, басқа көршілер шақырып қойып еді, рұқсат болса тұрайық.

Зарина: Олай болса, дастарханға бата беріңіз. Дастарханға бата беріледі. «Бата»

Ерхат: Дастархандарыңа береке берсін,

Астарыңа адалдық берсін,

Бастарыңа амандық берсін.

Дендеріңе саулық берсін. Әумин!

Қонақтарды шығарып салады. «Қонақ десе, қоң етін кесіп беретін халықпыз» деп, халық бекер айтпаған. Қонақты қарсы алу: қонақты күту, қонақты шығарып салу рәсімдерін халық ұрпағына ұлағатпен үйретіп, үлгі-өнеге ретінде оны тәрбиенің ең негізгі бір саласы деп қараған.

Рефлексия: Балалар, бүгінгі ашық тәрбие сағатымыздың тақырыбы не туралы болды? «Қонақ күту мәдениеті».

Біз бұл тәрбие сағатынан не үйрендік? (дастархан жаюды, қонақ күту мәдениетін). Бүгін ашық тәрбие сағатында алған білімдерін өмірде керек бола ма?

Бағалау: «Бағдаршам» әдісі арқылы оқушылар өздерін бағалайды.

Қызыл – мен  түсінбедім;

Сары – маған әлі де түсініксіз;

Жасыл – маған бәрі түсінікті:

Тәрбие сағатынан алған әсерін бағдаршам  арқылы білдіреді. Топтардың жұмысын мадақтау.

Қорытынды: Қонақ келсе құт келер, –деп ашық тәрбие сағатын аяқтаймыз. Көңіл бөліп, уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге көп-көп рахмет!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.