Home » Мақалалар » Оқушыларға тәрбие беруде халық фольклорын қолдану

Оқушыларға тәрбие беруде халық фольклорын қолдану

Нурлибекова Елена Бауыржановна
Ақтөбе қаласы
физика-математикалық бағыттағы
Назарбаев Зияткерлік мектебі
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 

Елбасы «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы аясында «Дала фольклорының антологиясын» жасау керектігін атап өткен болатын. Нұрсұлтан Назарбаевтың пайымынша, Ұлы Даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлық форматта «жаңа тыныс» алуға тиiс.

Мақал-мәтелдер бiр ғасырдың ғана жемiсi емес. Мақал-мәтел — халық ауыз әдебиетінде ерте заманнан келе жатқан өзіндік ерекшелiктерi мен танылған халықтың асыл ойының көркем жиынтығы. Мақал-мәтел — әрі қысқа, әpi нұсқа айтылған сөз мәйегі, ой маржаны. Олар әр түрлi қоғамдық, таптық тiлектерге сәйкес өзгерiп, жаңарып отырған.

Мақал-мәтелдерден халықтың ой-санасы, дүниеге көзқарасы, ақыл-өнегесі мол көрініс тапқан. Мақал-мәтелдер ой дәлдігімен, мазмұн тереңдігімен, түр жағынан ықшамдылығымен ерекшеленедi. Онда өмірдің сан алуан салалы құбылыстарына баға берiлiп, ой түйiнделiп, халықтың ғасырлар бойғы тәжірибесі негiзiнде пiкiр айтылады. Халық терең ойды аядай қалыпқа сыйғызып, шебер беруге тырысқан.

Мақал менен мәтелдерде халқымыз жақсылық пен жауыздықты, адамдық пен арамдықты, еңбеккерлік пен ерiншектiктi, жомарттық пен сараңдықты салыстыра сөз етедi. Оның үстіне мақалдарымыз бен мәтелдеріміз тіл үйренуде, сауатты жазып, ойды көрікті әpi көркем етiп жеткiзуде, тiл сауаттылығына баулуда ең тиiмдi, ең құнды құpал ретiнде де маңызды.

Мақал–мәтелдің өн бойында поэзияға тән жинақылық, үнділік, саздылық, ұйқас байқалады. Онда басы артық сөз болмайды. Барлығы өз орнында, екшеленген, сұрыпталған, жымдаса біріккен, ішкі мазмұнына сыртқы формасы сай үндестік тапқан болып келеді.

«Ер дәулеті — еңбек» деген мақалды талдап көрелік. Осындағы сөздердің бірін де өзгерту мүмкін емес. Мұндағы негізгі ой – еңбектің құдіретін, ол бүкіл игіліктің көзі екенін білдіру. Ой қазығы «еңбек» деген сөз болған соң, «е» дыбысы ерекше естіліп тұр. Мақалға саздылық, үнділік беріп тұрған да – сол. «Дәулет» сөзінің мақал бітіміне кіруі де соған байланысты. Оның орнына «ырыс, байлық, молшылық» т.б. сөздердің біреуін де ала алмайсың. Сөздер сол бітімінде ғана үлкен ой жүгіне ие. Сөздерді ауыстырып қолдансақ, онда бұл мақал поэтикалық қасиетінен де, мән–мағынасынан да айырылады, мақалдық қасиеті жұтаңдайды.

Мақал-мәтелдерде халық сөзді барынша үнемдеп қолданады. Тіпті кейде кейбір сөзді тастап кетіп отырады. Мысалы: «Ақыл – жастан, асыл – тастан» мақалында «шығады» деген сөз қалып қойған. Бірақ одан мақал ойсырап тұрған жоқ. Түсіп қалған сөз өз өзінен ойға оралып, ишарамен білінеді.

Мақал-мәтелдердің тура және ауыспалы мағынасы болады. Мысалы, «Өнер алды – қызыл тіл», «Ер қанаты – ат», «Елін сүйген ер болады», «Жігітті намыс, қоянды қамыс өлтіреді» деген мақалдар ешқандай тұспалдаусыз тура мағынада айтылып тұр. Ал, «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда», «Тоқпағы күшті болса, киіз қазық жерге кірер», «Не ексең, соны орарсың», «Жауырды жаба тоқиды», т.б. мақал-мәтелдерде айтпақ ой тура айтылмай, жұмбақтап, астарлы мағынада ишарамен білдірілетінін көреміз.

Мақалдарды жасаудағы көркемдік тәсілдердің бірі – әсірелеу. Мысалы, «Көп түкірсе – көл», «Жақсы – ай мен күндей, әмбеге бірдей». Сондай-ақ салыстыру әдісі жиі қолданылады. Мысалы, «Жақсы қыз – жағадағы құндыз, жақсы жігіт – аспандағы жұлдыз». Мақалдар мен мәтелдердің үш жақты ерекшелігі бар тұлғалар екендігіне ғалымдар ертеден назар аударып келеді. Біріншіден, мақалдар мен мәтелдер – фразеологизм сияқты тілдік құбылыс. Екіншіден, пайымдау мен ой-пікірдің түйіні ретінде логикалық тұлға. Үшіншіден, келелі ой, кең мазмұнды қысқа айтып, қорытынды жасаудың тамаша үлгісі. Мақал-мәтелдердің осындай үш жақты қасиеті оларды тілдік құбылыс және ойлау құбылысы ретінде бөлек-бөлек зерттеуді қажет етеді.

«Біреуге ор қазба, өзің түсесің» сөйлеміндегі туынды мағына «біреуге ор қазу» бөлігінің мағыналық өзгерісінің жемісі, яғни «басқаға жамандық жасау» деген ұғымды білдіреді. Ал «өзің түсесің» сыңары «ор» сөзімен байланысты туынды мағынасын дамытып, тұтас сөйлем «басқаға жамандық жасасаң, өзің де жамандықтан аулақ қалмайсың» дегенді білдіріп тұр.

Мақал-мәтелдер құрылысы жағынан сырттай ұқсас болып келгенімен, олардың мазмұнды түйіндеуінде, ойды шешуінде өзіндік ерекшеліктері, айырмашылықтары бар. Ол айырмашылықтар мен ерекшеліктер мақал-мәтелдің ойды түйіндеу жағынан да, құрылымы жағынан да байқалады.

Мақал-мәтелдердің тақырыптары әр алуан. Олар халықтың әлеуметтік,  шаруашылық, рухани өмірін түгел қамтиды. Мақал-мәтелдердің басты   тақырыбының бірі – Отан, туған жер, атамекенге байланысты.  Елін,  Отанын   емірене сүйген халқымыз  Отанын  шексіз сүюді ұрпағына өсиет еткен. «Ел-елдің бәрі  жақсы, өз елің бәрінен де жақсы», «Туған жердей жер болмас, туған  елдей ел болмас», «Өз елің — алтын бесігің», «Өз елім – өлең төсегім», «Ер  жігіт елі үшін туады, елі үшін өледі» деген мақал-мәтелдерде халықтың туған  жеріне, атамекеніне, Отанына, еліне деген сүйіспеншілігі терең түйінделген.

Мақал-мәтелдердің үлкен бір саласы еңбекке арналған. Халық еңбекті әр  уақытта ардақтап, бүкіл игіліктің көзі деп таныған. Бұл «Еңбек түбі – береке»,   «Еңбек етсең, емерсің», «Ер дәулеті – еңбек»,  «Бейнет, бейнет түбі – зейнет» деген мақалдардан  айқын аңғарылады.

Енді бір саласы ерлікке, батырлыққа байланысты туған мақал – мәтелдер.   Халық  ерлік пен елдікті бірдей көрген. «Ел үмітін ер ақтар, ер  атағын ел  сақтар», «Батыр туса – ел ырысы, жаңбыр  жауса – жер  ырысы», «Ер бір рет  өледі, ез мың рет өледі», «Ер елімен жақсы», «Елі жоқ ер жетім, ері жоқ ел  жетім» деп, халық ел қорғаны батырды мадақтаған. Мақал-мәтелдерде ер мен  ез, батыр мен қорқақ қатар сипатталады. Сөйтіп, елге ерді үлгі-өнеге етсе, қоян  жүрек қорқақты жеріне жеткізе сынайды. Жастарды ерлікке баулуды мақсат  етеді.

Ынтымақ – бірлік  туралы да мақал-мәтелдер көп. «Бірлік болмай, тірлік   болмас» деп, қазақ  елді бірлікке үндеген. «Бірлігі бар елдің белін ешкім  сындырмас» деген мақал елді бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға  шақырып тұрғандай. «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық», «Ынтымақ  жүрген жерде ырыс бірге жүреді», «Ері ынтымақты елде жоқшылық болмайды» деген дана халқымыз байлық та, ырыс-береке де, елдік те, күш те бірлікте  екендігін меңзеп, үлкен  түйін жасаған.

Мақал-мәтелдердің бір алуаны достыққа, жолдастыққа  арналған. «Досы  көпті жау алмайды, ақылы көпті дау алмайды», «Ағаш тамырымен, адам   досымен мықты», «Жолдасы көптің олжасы көп», «Дұшпан күлдіріп айтады, дос жылатып айтады», «Жолдасы жақсы жолды болар, жолдасы жаман қолды  болар» деген мақалдарда достық пен дұшпандық, жақсы мен жаман жолдас салыстырыла отырып, адал дос, жақсы жолдастың үлгі етілгенін көреміз.

Қазақ халқының  негізгі күн көрісі, кәсібі, тіршілігі малға байланысты  болғанын білеміз. Сондықтан  төрт түлік малға қатысты мақал-мәтелдер де – өз алдына бір сала. «Мал – баққандікі, жер – жыртқандікі», «Ат – ер қанаты», «Өлкенің көркі мал болар, өзеннің көркі тал болар», «Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның – көл-көсір» деген мақал-мәтелдер – осы ойдың  айғағы.

Енді бір алуан мақал-мәтелдерде өнер-білім, оқу, ғылым дәріптеледі.  Халқымыз олардың қоғамдық өмірдегі орнын ерекше бағалаған. Адамзат  баласының дүние тіршілігіндегі қол жеткен табыстары – адам еңбегінің,  ғылым-білімнің жемісі. Сондықтан халықтың «Білімді өлмес, қағазда аты  қалар, ұста өлмес, істеген заты қалар», «Өнер – ағып жатқан бұлақ», «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» деген мақал-мәтелдері   білімге, өнерге үндейді.

  Адамгершілікке байланысты мақал-мәтелдер де – қазақ мақал-мәтелдерінің  ең бір қомақты саласы. Бұл тақырыпты қамтитын «Әдептілік, ар-ұят – адамдықтың белгісі», «Жарлы болсаң да арлы бол», «Жақсылыққа  жақсылық – әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі» деген сияқты   мақалдар көптеп кездеседі.

Мақал-мәтелдер – сан ғасырлар бойы халықпен бірге өмір сүріп келе  жатқан қастерлі қазына. Мақал-мәтелдер – ел аузында, сөйлеу тілінде қолданылатын  мазмұнды  салалардың  бірі. «Сөз асылы – мақал» деп тегін  айтылмаса керек. «Мақал –логикалық, образдық ойдың қос қанаттасқан ғажап   табысы, тәжірибеден туған философиялық сөздер. Сөздің ұйтқысын ең  алдымен мақалдан іздеу керек. Онда этикалық, философиялық, ұжымдық   мазмұн бар. Мақалдың қорытындыларын халық еш уақытта теріске шығара    алмайды»  дейді ғалым Ә. Қоңыратбаев.

Мақал-мәтелдердің адамды  игі қасиеттерге үндеу, уағыз-өсиет сипаты бар   екені баршаға мәлім. Бұл қазына тәрбиелі қыз, ұлағатты ана, ардақты ұл, елі  аялаған ер, жылы жүректі әке қандай болуы керек, осының бәрін тобықтай  сөздің  түйінінде түйіндейді.

Қазақтың жазба әдебиетінің негізін салушы ұлы ақын Абай Құнанбайұлы  ұлтымыздың ауыз әдебиетінің асыл қазынасы мақал -мәтелдердің шығу тегін  терең зерттеп, құнды пікірлер айтты. Мысалы, Жиырма тоғызыншы қара  сөзінде: «Біздің қазақтың мақал-мәтелдерінің көбінің іске татырлығы да бар,   іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтыны да бар» дей келе, «Қалауын тапса, қар жанады, сұрауын тапса, адам баласының  бермейтіні жоқ», «Атың шықпаса жер өртте», «Ата-анадан мал тәтті, алтын үйден жан тәтті» деген мақал-мәтелдердің сұрамсақтық, пәлеқорлық, дүниеқоңыздық, қулық-сұмдық, алаяқтық сияқты жат мінездерді уағыздайтын, мағына-мәні қайшы мақал-мәтелдер екенін дәлелдеді. Сондай-ақ, Отыз үшінші, Отыз алтыншы сөздерінде «Өнерді үйрен, үйрен де жирен», «Өнерліге тоғыз өнер де аз», «Алтау ала болса, ауыздағы  кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді», «Ағайынның азары болса да безері болмас», «Жол  қуған қазынаға, дау қуған пәлеге жолығады», т.б. халықты өнерге, бірлік-берекеге, достыққа шақыратын мақал-мәтелдердің мәніне баға берді.

Мақал-мәтелдер – ауыз әдебиетінің ең байырғы, ең көне түрі. Ғасырлар  бойы халқымыздың ұқыптап сақтап келген тәжірибесінің жиынтығы, ой-пікірінің түйіні, аңсаған асыл арманының арнасы, өмір тіршілігінің айнасы,  көнеден жаңаға, атадан балаға қалдырып келе жатқан тозбайтын, тот  баспайтын, өмірлік өшпес мұра.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы
  2. Б. Адамбаев «Халық даналығы» Алматы 1976
  3. С. Қалиев «Халық педогогикасы хақында бірер сөз» Алматы 2000
  4. «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы №4, 2004
  5. «Ө.Тұрманжанов «Қазақтың мақалдары мен мәтелдері» Алматы 2007

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.