Карлгашова Галина Жетписбаевна
Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы
Саға жалпы білім беретін орта мектебінің
кітапханашысы
Шағын жинақты мектептегі кітапхананың оқушы тұлғасын дамытудағы алар орны ерекше. Мақалада ауыл мектебінде атқарылып жатқан шаралар баяндалады.
Жаңартылған білім мазмұны жағдайындағы мектептің ерекшелігі – оқудағы жетістіктер нәтижелі сипатқа ие, ал оқу процесі оқушылардың әрбір сабақта білімді «табудағы» белсенді қызметімен сипатталады. Бұл жағдайларда оқушы белсенді білім алушы қызметін атқарады.
Білім берудегі негізгі мақсат — тек білімді, кәсіби мамандандырылған маман дайындау ғана емес, рухани дүниесі бай және адамгершілігі зор, қоғамдық өмірдің барлық аясында ұлттық құндылықтарды бағалауға және дамытуға қабілетті тұлғаны қалыптастыру екендігіне ерекше тоқталған жөн. Оқушылардың ақпаратты өздігінен алу, талдау және тиімді қолдану дағдысын қалыптастыруда мектеп кітапханасының да рөлі ерекше.
Өйткені кітапхана оқушыларға кітапханалық қызмет көрсетумен шектелмей, оларды кітап оқуға ынталандыруға, білім беру процесіне ақпараттық қолдау көрсетуге ықпал етеді. Кітапхана жұмысы өскелең ұрпақтың талабын қанағаттандыруға, рухани байлығын, жалпы қабілетін дамытуға, жоғары эстетикалық талғамын қалыптастыруға бағытталады. Мектеп кітапханасының ауқымы кішкене болғанымен, оның атқарар қызметі үлкен.
Осы бағытта облыс және аудан орталықтарынан шалғай орналасқан шағын мектебіміздің де кітапханасы өз жұмысын жүйелі жүргізуде.
Мақсатымыз – оқшылардың қызығушылықтары мен қажеттіліктерін ескере отырып, кітапханалық қызмет көрсетуді жетілдіру, балаларды ақпаратқа, білімге, мәдениетке баулу.
Мектеп кітапханасындағы жұмыстың негізгі бағыттары:
- бағдарламадағы оқу мақсаттарына сай педагогтерге көмек көрсету;
- ақпараттық ресурстарды қолдануға мүмкіндік беру;
- мәдени және әлеуметтік сана сезімді тәрбиелейтін шараларды ұйымдастыру;
- елімізге, туған жерімізге патриоттық сезімді дамытуға ықпал ету, оқушының тәрбиелік деңгейін арттыру
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерімен әдеби кештер, тарих пәнімен бірлесіп тарихи викториналар, информатика пәні мұғалімімен жасанды интеллект туралы ақпараттық шаралар т.б. бірге жоспарланады.
Балалармен жұмыс жасай отырып, кітапханаға деген құрметі мен сүйіспеншілігін қалыптастыру оларға кітаптармен жұмыс жасай білуге үйретеміз. Оқушылардың кітап алмасуына, бір-бірімен бөлісуін көздейтін «Өзің оқып шықсаң басқалары да оқысын», «Кітап оқиық алмасып» айдарымен Буккроссинг айлығын ұйымдастырамыз. Мектеп кітапханасы балалардың оқу мәдениетінің қалыптасуына немесе дамытылуына әсер ете алады. Мысалы, «20 минут кітап оқу» әдісі оқушылардың қызығушылығын туғызады.
Кітапханалық шараларға қатысқан белсенді оқушылар мектеп басшылығы тарапынан мадақталады.
Мемлекеттік мерекелер мен елімізде аталып өтілетін басқа да мерекелер кітапхана жұмысының назарынан тыс қалмайды. Осылайша, мектеп кітапханасының мектептегі білімге ұмтылатын жас өрендердің, сондай-ақ ұстаздардың да сүйікті орнына айналдыруды көздейміз.
Мектеп ұжымына таныстыру мен насихаттау үшін мерзімді басылымдар көрмесі ұсынылады. Мектеп мұғалімдерінің ұсынысы бойынша оқу бағдарламаларындағы ортақ тақырыптар мен оқу мақсаттарына сәйкес кітап көрмесін жасақтау дәстүрге айналды. Дер кезінде ұйымдастырылған көрмелер және қойылған мағлұматтарды оқырманның пайдалануы, қажетіне жаратуы бұл жұмыстың жүзеге асқаны болып саналады.
Сонымен қатар, оқушылар арасында өзара ынтымақтастық пен бірлесе оқу дағдысын дамытуға мән беріледі. Кітапханаға оқушылар келіп, қажетті әдебиеттерін жаздырып, әрі білімдерін толықтыра отырып, шығармашылық жұмыстармен де шұғылданады. Оқушылар кітапхана ресурстарын пайдаланып, пән мұғалімдерінің ұсынған тақырыптары бойынша бірлескен жұмыстар әзірлейді. Мұндай шаралар олардың өзін-өзі реттеуіне, командада жұмыс жасауына оң әсерін тигізеді.
Әрине, үлкен кітапханалар секілді құлашымызды кеңге сермей алмаймыз. Дегенмен, қай кезде де, қай жерде де рухани және мәдени білімнің көзі болатын кітапхананың тұғыры биік болуы қажет деп ойлаймын.
Анықтамалық әдебиеттер:
- Бүкілқазақстандық кітапханашылар съезінің материалдары. https://www.nlrk.kz
- Антипова, В. Б. Образовательная функция школьной библиотеки: теоретическое обоснование // Библиотековедение. 2006. — № 1. — С. 32-37.
- Бочкарева, Н.И. Как воспитать талантливого читателя / М. И. Бочкарева / / Детская библиотека. — 1999. — № 3 — С.75 — 82