Еліміздің басына туған қиын жағдайды Қазақстандықтар жақсы біледі. «Ер басына күн туса, етігімен су кешер», — деген заманға тап болып, көзге көрінбейтін бәленің бір ұшы тиіп кетер деп, әлем үрпиіп үйге тығылуда. COVID-19 коронавирусы әлемді шарпығалы халықтың тыныштығы қашып, ұйқы-күлкіден айырылды. Осы індеттің алдын алуға байланысты барлық жерлерде төтенше жағдай жарияланғанын жақсы білеміз. Алайда алыстан арманын арқалап туған елінің білім нәрімен сусындап, Қазақстанның ең үздік ЖОО-да оқу үшін келген қандас бауырларымыз қаншама. Солардың біразы Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласындағы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқиды. Карантин басталғалы унверситеттің № 3 жатақханасында Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Ресей мемлекеттерінен келген 50 студент тұрып жатыр. Жатақхананы паналаған студенттердің жағдайлары жақсы, сабақтарын қашықтан оқиды. Жатақхананың 19 бөлмесіне орналастырылған. Сонымен қатар академиялық ұтқырлықпен келіп, еліне қайта алмаған үш студентте осы жатақханаға орналастырылған екен. Олардың да жағдайлары жақсы.
Аялы алақанды сезінбей, ата-аналарынан алыс жүрген қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігіне, күнделікті ішіп-жейтін ас-ауқаттарына қол созып, қамқорлық танытып жатқан азаматтарымыз баршылық.
Атап айтатын болсақ, «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі Сүйіндіков Арман және «Отандастар қоры» КЕАҚ жанынан құрылған қандастарды ақпараттық қолдау орталығының СҚО бойынша фронт-кеңсесі. Сүйіндіков Арманның бастамасымен облысымыздағы жаны жайсаң, кәсіпкер азаматтарымыз Жұмабаев Бүркіт, Сұлтанбеков Ерлан, Жуанышпаев Ақеділ қол ұшын созып, көмектесті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жер-жерде қолдау тауып жатқан «Biz Birgemiz» акциясын теріскейлік азаматтарда қолдап отыр.
Осындай қысылтаяң шақта шетелден келген студенттерге қол ұшын созып, азық-түлікпен қамтамасыз етіп жатқан Солтүстік Қазақстандық кәсіпкер мырзаларға және Сүйіндіков Арман ағамызға, «Отандастар қорына» айтар алғысымыз шексіз, — дейді Моңғолиядан келіп оқып жүрген журналистика мамандығының 1 курс студенті Қанат Айсұлу.
Біз қашанда өз қандастарымызды қолдауға дайынбыз, ата-аналарынан алыс жүрген бауырларымызға қолдау көрсетіп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығармасақ» біздің азаматтығымыз қайда қалады,- дейді «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі Сүйіндіков Арман. Расында да коронавируспен күрес жағдайында әлеуметтік көмек көрсетіп, қол созу нағыз ержүректердің ғана қолынан келетін іс.
Қазақстан республикасы журналистер
одағының мүшесі
Көкбасқызы Жазира
«BILIM AINASY»,
СҚО