Ақмола облысы, Бурабай ауданы
МКҚК «Ақбота» бөбекжайының
І санатты тәрбиешісі
Калмағанбетова Арайлым Балтабековна
Мақсаты: Рухани жаңғыруды сипаттау және патриоттық сананы ынталандыратын ұлттық құндылықтарды жаңғырту. Балалардың бойында ұлттық тағамдар, бұйымдар арқылы ұлттық сана сезімді ояту, туған жеріне деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш сезімін ұялату, ұлттық рухты сіңіру. Ұлттық құндылықтарды бағалауды үйрету.
Әдіс-тәсілдері: саяхат түрінде, сұрақ – жауап, алаша тоқу сайманымен таныстыру, бауырсақ пісіру, күбіге қымыз құйып пісу, білезік, жүзік жасап көрсету.Балаларды саз залында қарсы алып, сурет арқылы ауылмен таныстыру. Көрші топтың балалары қонаққа келеді, барлық балаларды алып топта ұйымдастырған ауылға саяхатқа бару.
Көрнекі-құралдар: тағам түрлері –қымыз, құрт,ірімшік. Ұршық, алаша тоқу құралдары, күбі, қазан, оқтау, жүзік, білезік, күміс алқа.
Тәрбиеші: Сәлеметсіздер ме, балалар. Бүгін бізде ерекше күн болайын деп тұр. Енді қараңдаршы мына суретте не көріп тұрсыңдар?
- Бұл ауылдың көрінісі, қараңдар мына жерде әжелер бауырсақ пісіп жатыр, мына жерде аталар қымыз ішіп отыр. Ал, айтыңдаршы осы ауылға барғыларың келе ме?
- Онда осы ауылға саяхат барайық.
( балаларды алып, жоғарыда топқа бару)
Топта әжелер қарсы алады.
Ризагүл әжей: Сәлеметсіздерме балалар.
Балалар: Сәлеметсіз бе әжей,
- Әже сіз не істеп жатырсыз?
- Мен қымыз пісіп жатырмын. Қымыз — жылқы сүтінен алынатын кышқыл сүт өнімі. Қымызсыз қазақ асханасын елестету мүмкiн емес. Бұл ғажайып сусын қазақтардың барлық салтанатты думандарымызда бiрiншi кезекте берiледi. Әйел адамның қабiлетiн ең алдымен оның қымыз әзiрлеуiне қарап бағалаған. Ыдыс түбiнде iшiлмей қалған қымызды төгiп тастау күнә болған. Қазақтар жүздеген жылдар көлемiнде қымызды айырықша ыдыста — торсық және сабада дайындаған. Жылқыны сауып алып, мына күбіге құйып, оны пісеміз. Күбі деген міне мынау. (күбімен таныстырады). Мен жаңа ғана міне, жылқыны сауып келдім, міне сүті. Енді осыны күбіге құйып, пісу керек. Маған көмектесесіңдер ме?
Балалар: иә, көмектесеміз (балалар кезек-кезек қымызды піседі)
Тәрбиеші: балалар қымызды қалай жасайтынын көріп, түсіндіңдер ме? Ал енді, басқа әжейлерге , аталарға барайық, олар мен амандасайық.
Шолпан әжей мен Жұлдызай әже : Қош келдіңдер балалар.
Балалар: Сәлеметсіздер ме, әжелер, сіздер не істеп жатырсыздар?
Шолпан әжей мен Жұлдызай әже: біз жүн түтіп, ұршық иіріп отырмыз.
Балалар: ал жіптен не істейсіздер?
Шолпан әже және Жұлдызай әже: жіптен мынадай киімдер тоқимыз және де алаша тоқимыз. Алаша – бүктеуге, жинауға, алып-салуға қолайлы мүлік. Мұны ұсталатын орнына қарай әрі енді, әрі көлемді етіп жасайды. Өрмекпен тоқылған алашаның ені әдетте 40 – 45 сантиметрден аспайды. Сондықтан бірнеше кесіндісін біріктіре құрауға тура келеді. Біз міне, бүгін алаша тоқуды бастайын деп жатырмыз. Келіп қалған екенсіңдер, енді бізге көмектесіп, өздеріңде алаша тоқуды үйреніңдер.
(алаша тоқуды , жүн түтіп , ұршық иіруді көрсетеді)
Абай ата: Амансыңдар ма балалар, біздің ауылға қош келіпсіңдер.
Балалар: Сәлеметсіз бе ата, сіз не істеп жатырсыз?
Абай ата: Балалар, мен осылай әдемі әшекейлер жасаймын. Күмістен, темірден. Қазақ даласында көркемдік тұрғыдан жетілген зергерлік өнер алғашқы темір дәуірінде пайда болған. «Зергер» парсы тілінен ауысқан «Зәргәр» сөзі. Парсы тілінде алтыннан, күмістен суырып, созған жіңішке сымды «зәр» дейді. Халық арасында зергерлер өте жоғары құрметке ие болып, елдің сүйікті адамына айналған. Ал қане ұлдар менің қасыма отыра қалыңдар, мен сендерге жүзік соғуды үйретейін.
(Балаларға жүзік соғу көрсетіп, құралдарымен таныстырады)
Әжелер бәрі: ал балалар, біздің ауыл сендерге ұнады ма? Біз осылай құрт, қымыз істеп, ауылда тұрып жатырмыз. Енді сендер келіп қалыпсыңдар, сендерге бауырсақ пісіріп берейік, сендер бізге көмектесіп жіберіңдер.
(Әжелер балалармен бірге қамырды жазып, қазанға пісіреді. Пісірген бауырсақты балаларға береді.)
Тәрбиеші: балалар, бүгінгі саяхатымыз ұнады ма? Онда өзіміздің бөбекжайға барайық, әжелер, Абай ата сіздерге көп рахмет.