Home » Мақалалар » Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» шығармасындағы заман келбеті

Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» шығармасындағы заман келбеті

Айтенова Гулжамал
Түркістан облысы Қазығұрт ауданы
Қ.Тұрсынқұлов атындағы мектеп-гимназиясының
қазақ тілі мен әдебиет пән мұғалімі
педагог-зерттеуші

Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние»  шығармасындағы заман келбеті

«Бір кем дүние» – жазушының жан сарайындағы бар құбылыс, бар сезім, санасына шегеленіп қалған өткен күннің небір оқиғалары, қиындығы көрініс табатын соңғы еңбегі.

«Адам жанын тат басса, оны тек кітап кетіре алады», — дейтін автор. Құранды Құдайдың кітабы, хадистерді Пайғамбардың аманаты, асыл әрі адал кітапты пенденің тұла-бойын тазалайтын қасиетті дүниесі деп бағалайтын. Жем, су сұрамайтын сарғайған парақтары бар кітап — сандықтың түбінде жата беретін ғажайып қазына. Бірақ кітапты сүймейтін пенде Алланы да аузына алмағаны абзал. Бұл жазушының бір сөйлемінен туындайтын оқырманның толассыз таусылмайтын ойы деп санаңыз. Жаза-жаза жауыр болған тақырып, айта-айта тіліміз күрмеліп қалатын болды-ау. Шер-ағаң бекерге шырылдамаған шығар. Осы біз тұзаққа түскен түлкінің күйін кешіп жүрген жоқпыз ба? Смарфоннан арыла алмай, тіпті әжетханаға дейін алып отыратын жағдайға жеткеніміз қиын болды-ау. Күндіз-түні көз майын тауысып, том-том кітапты оқып отырған жастарды көрмейміз. Жоқ десем жалған сөйлегендей болармын. Ондай кітапқұмарлар бар, бірақ санаулы. Өкініштісі де сол, Шерхан Мұртаза біліп жазған, ұрпағының дүмбілез әрі шала сауатты болатынын сезіп жазған.

Кітап оқымаған адам мына әлемнен хабарсыз болады да қалады, мәңгүрттің күйіне түседі. Мәдениет былай тұрсын, ұят пен иманды да ұмытады. Ондайларды жазушы «Ұятсыз болма, Имансыз болма» дейтін тақырыптармен берілген ойларында «сорлы пенде» дейді. Ал мен ондайларды Құдайдың қаһарына ұшыраған қасиетсіздер дер едім. Қатты айтсам айып етпеңіз. Бірақ заман ағымына ілесемін деп, қоғамды кірлетіп жатқандарға айтамын.  Ұяттан жұрдай болған имансыздар көбейді. Жазушы оны «…туа бітеді. Бірақ кейбіреулер үлкейе келе оны жоғалтады» дейді. Көріпте жүрміз, әлеуметтік желіге байланғандардың ессіз әрекеттеріне қазір таңқалмайтын да болдық. Атақ пен ақшаның буына масайрап, тура жолдан адасқандар. Олардың қатары көбейетінін Шер-аға да білген шығар.

Қанағатсыздардан қашан құтылар екенбіз. «Кедей бай, бай құдай болсам» дейді. Дүниеқоңыздар өзгеге арамдық,қиянат қылып, қаріп-қасірге қорлық жасап, қу дүние үшін бір-бірін жағадан алып, халықтың үлесін жеп, сәбидің несібесін тартып алып жатқан жоқ па? Жетпейді, қалай тартсаңда оларға жетпейді. Өйткені Шүкірлік жоқ, күпірлік көп. Талайлардың ащы көз жасына, жеті атасына дейін жер жебіріне жететін қарғысына қалып жатқан қанағатсыздар көп. Қайсібірін айтайық, қалтаға көк ақшаны көп қылып тымпитым, сосын шетелге жоқ болатыны бар емес пе еді?! Оларға заң жоқ. Шерхан Мұртаза да, Камал Смайыловта қағазға түскен ережеге күмәнмен қараушы еді. «Қисық заң мен жоғалған тілдегі» жазушы ойы соның айқын дәлелі. Айран ішкен құтылып, шелегін жалаған тұтылатын заман. Заң әлсізге пана бола алмай, күштілерді сабасына түсіретін заман емес.  Хат алмасқанда Шерханның Камал досына баяндағаны, бір әкімнің өзінше орысша сөйлегендерге «қазақша сөйлеңіз» деп тыйып тастағаны бар еді. Бұл мәселені де өз кітабының өзекті тақырыбы еткен. «Матриархатын» айтсаңызшы, «ерлерін ерттеп алатындар көбейіп кетті» дейді. Нәзік жандылардың надан ойлары ерлердің құнын түсіріп жібергендей ме, қалай өзі? «Қисық қабырғадан» жаратылғанын ұмытып барады. Тұсау салып, мыңқ еткізбей, билеп-төстегісі келеді. Қазір де бар ғой. Әйел жұмыс істеп, әке декретке шығатын болыпты. Естімеген елде көп, басымызға ондай күн де туды.

Тағы да табиғаттың тәніне түскен, талмау жерден Шер-ағаға тиетіндей жазыпты. Адамдарда бір надан ой бар, арты не боларын білмей асығыс әрекет етеді. «Құмырсқаның өзі илеуін өлгенше қорғайды» дейді. Ал адамдар ше? Табиғатты қалпына келтіреміз деп ағын суды бөгеп, өзенді тоқсан тоғыз жерден буып, киелі аңдардың емдік қасиеті бар мүйізін сатып, аңшылықты ермек қылып, ішкен-жегенінен қалған қалдықты көрінген жерге тастап, мәз болып жүр. Сөйте тұра «Жер-ананы аялайық» деп бөсеміз.

Шерхан Мұртаза Абайдың «Алла – өлшеусіз, ақыл – өлшеулі» дейтін ойын бұл жолы басқаша жеткізеді. «Құдайға сыйынған құстай ұшады, адамға сыйынған мұрттай ұшады» дейді автор.  Расымен екі көзім емес, екі бүйірім шықсын десең тілеу керек. Пендеден емес, оны жаратқан Құдайдан. Жазушы «дәнегі жоқ жаңғаққа ұқсайтын» іші түтін адамдарды да көп кездестірген сияқты. «Ондайлар көп» дейді. Сол заманда көп болса, бұл заманда да аз емес. Күле қалсаң етегіне жамау сұрайтын, арғы жағында жасырып жүрген қулығы мен айласын іске асыратын, доспын деп құздан құлатын, жақыныңмын деп жанарыңды жасқа толтырып жіберетіндер көп. Шер ағаның бір ерекшелігі жануарларды сөйлетіп, жалғанның басты мәселелерін талдап та, талқылатып, шешіп тастайды. Қарғаны да, тасбақаны да сөйлетті. Гете мен Оралханның, Ескендір мен Хрущевтың оқиғаларын жазып отырып, ой тастады.

Әке туралы естелігі бар. 1937 жыл. Бораны мен дауылын әдейіліп әкелгендей, қиын-қыстау күндерде елдің зәресін тас төбесінен шығарып, мыңдаған кінәсіз тірі пенделердің кеудесіндегі жанын алып ұшқан қатігез,қаһарлы қыстың кезі. Оның үйіне баса көктеп келген бір топ сұм жендет сол қарғыс атқыр күні әкеден айырды. Ашкөздік жауыздарды тыныш қойсынба? Қолдарына түскен бар дүниені қолтықтарына қысып, қоныштарына тығып, бұрышта үнсіз жасырынып отырған бес жастағы сәбидің жүрегіне қаяу,көз алдына енді мәңгіге өшпейтін қара түнектің суретін салып кеткен еді.  Құралайын жасырған киіктей Айша ана қос сәбиін бауырына баса берді.  Жалған ғұмыр да жесірліктің заһәрлі дәмін таттырмай қойсын ба? Ал әкесіз қалған балалардың жан айқайы ше? Жерде бір жетім жыласа,көкте жетпіс періште күңіренеді. Бірақ Жаратқан қорғансыз қалған жаратылыстарына сынақ берді және сол сынақты көтеретіндей сабыр да қосып берсе керек. Осы оқиғалардан кейін Ұлы падишаһқа кітап жазатындай қайрат беріпті. Қиын болса да, сол кездерді, Сталиннің талай күнәсін «өлтіру оңай, тірілту қиын» деп  «Бір кем дүниесіне» қосқан.

Теңіздер де шөлдейтіні сияқты, «байлар да жылайды» екен. Қазынаға көміліп қалған, байлыққа белшесінен батқан адамда да арман бар. Төрт құбыласы түгел ешкім жоқ. Бір уайым, бір қайғы, бір сынақ бар. Пендешілікке көп салынамыз: жағымпазданамыз, жалған сөйлейміз, жаман қасиеттерді жиып аламыз, «жетпеді» деп жылаймыз. Бір кем дүние, біреуге бар, біреуге жоқ жалған дүние, арман дүние. Осының барлығын кішкентай жасыл кітапшаның ішіне сыйдырған. Адам дейтін жаратылыстың таным-табиғатын, ойын осы бір кітапқа түсірген. Міне, ғажап.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.